23 тамыз 2017, 0:38
      Аймақ 06.11.2013, 15:48 0 пікір 2354 просмотров

      Ұстаз есімін ұлығылайық

      Атырау өңірінде ұстаз Ескендір Шәкіліковты білмейтін адам кемде-кем. Ұстаздан дәріс алып, өзі халық мұғалімі дәрежесіне көтерілген ардагер ұстаз Төлеу Әбішев кезінде былай деп еске алғанды: «Мектеп - киелі орын, қасиетті мекен. Оның есігінде, алтын табалдырығында мыңдаған ұл-қыздың, оларға білім берген ұстаздардың  қолының табы, аяғының ізі бар. Ат мініп, атақ алып, биік лауазымға жеткендердің өзі мектеп туралы әңгіме қозғала қалса, осы дәрежеге жетуінің бастауында ұстаздары тұрғанын сезінеді.Ленин орденінің иегері Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мұғалімі Ескендір ағайдың сүйікті бейнесі мен биік парасаттылығы әлі көз алдымда.  Біз мектепте оқыған кез - соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдар болды. «Сарайшық» орта мектебінде өзге пәндермен бірге орыс тілі мен әдебиетінен де дәріс алдық. Ұстаз Ескендір Шәкіліков осы сабақтың қазақ балаларына түсінікті болуы үшін «жеңілдетіп» беруге көңіл бөлді. Ақындардың өлеңдерін жатқа айтады. Н.Гогольдің «Өлі жандары» мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романдарынан үзінділерді сайрап кеткенде, әрі сүйсінеміз, әрі таңданамыз.Ұстазымыздың ақыл-кеңесімен, кейін мен де ұстаздық жолын қуып, онымен жұмыстас болғанымда ағайымыздың сабағына қатысып, сабақ беру әдісін үйрендім. Оның методикалық, дидактикалық, көрнекті құралдар жасауға берген ақыл-кеңесін басшылыққа алдым. Ескендір ағайдың «русский язык в казахской школе» журналында шыққан мақалаларын педагогикалық мұрамызға жинап, пайдаландық. «Чкалов» орта, «Сорочинка» жеті жылдық мектептерінің мұғалімдерін қамтыған кусталық-методикалық бірлестікті басқарған кезде Ескендір Зұлқарнайұлы әр пән мұғалімдеріне баяндамалар тапсырып, оны терең талқылап, жарамды деп танылғандарын аудандық, облыстық  педагогикалық оқуға жіберіп отырды. Аталған мектептерді аралап, орыс тілінен беретін мұғалімдердің сабағына қатысып, тікелей методикалық көмектер көрсетіп жүрді. Сонымен үлкен ризашылыққа бөленді. Ескендір ағайымыздан дәріс алған Мұхамбетов Замзия, Қалаубаева Карима «Халық ағарту ісінің үздігі» атақтарына ие болды. Айшев Нұхы ұстаз жолын қуып, орыс әдебиеті мен тілінің маманы болды.Ұлағатты ұстаздың отбасынан өрген тоғыз баланың барлығы да жоғары білімді мамандар. Үш ұл-қызы дәрігер, үш қызы мұғалім, үш қызы басқа мамандық иегері.Ескендір ағамыз аққұбаша келген, толық денелі, жүрісі паң, қоңыр дауысты жан еді. Бір кезде шәкірт, кейін төрт жыл жұмыстас болып бірге жүргенде біздің байқағанымыз бірбеткей, шыншыл, адамға ойын тура айтатын. Біз оны адалдығы, биік адамгершілігі, тазалығы үшін жақсы көрдік. Әке сенімін ақтаған балалары да халқына қалтқысыз еңбек етіп, өз қатарына үлгі бола білуде.Шәкіліков Ескендір Зұлқарнайұлы 1896 жылы Гурьев уезі, Бақсай ауданының Қызылүй елді мекенінде туған.Есбол 1907 жылы Қызылүй мектебін аяқтағаннан кейін Ескендір 1911-1913 жылдары Гурьев қаласындағы 2-кластық орыс-қазақ училищесін аяқтап, одан кейін 1915 жылы педагогикалық курсты орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, өзінің еңбек жолын сол жылы Жұбанышкөл орыс-қазақ училищесінде бастаған еді. Кейін, өндірістен қол үзбей жүріп, 1942-ші жылы Орал педагогикалық институтын аяқтайды. Одан кейін Ескендір Шәкіліковтың ұстаздық еңбек жолы Қарабау, Сокол, Жаманқала, Сарайшық және тағы басқа мектептерде жалғасты.Біз айтатын жайт, 2 кластық орыс-қазақ училищесін аяқтаған мұғалімдердің халық арасындағы беделі өте зор еді. Орыс тілінде шәкірттерге терең білім берген Е.Шәкіліков, Б.Исабаев, Қ.Қарашиндерді жұртшылық үлкен сүйіспеншілікпен «двухкласниктер» деп айтатынды. Ұлағатты ұстаздың мұғалімдік мамандықты таңдап, өзінің бүкіл саналы өмірін шәкірттерге білім беру ісіне арнауға  әкесі Зұлқарнай Шәкілікұлының ықпалы болғаны анық. Зұлқарнай Шәкілікұлы Есен руының старшинасы болып жүрген кезінде атақты Есбол Қызылүйі атты қазақ балалары үшін бастауыш мектепті 1881 жылы салдырған болатын.Бұл мектеп патша үкіметінің 1867-жылғы белгілі реформасынан кейін салынған мектептердің ең алғашқыларының бірі еді. Мектепте алғашында Сухарев, Синедальцев, Долматов сынды орыс мұғалімдері еңбек етті. Қазақ балалары үшін оқу орыс тілінде жүргендіктен бұл мектепті бітірген адамдар орыс тілінде өте таза сөйлейтіндіктерімен ерекшеленетінді. Марқұм Төлеу Әбішевтің естелігінде айтылғандай, Ескендір Шәкіліковтың өз шәкірттеріне орыс әдебиетінен сабақ берген кезінде орыс классиктері А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Л.Н.Толстойдың, Н.В.Гогольдің шығармаларынан үзінділерді жатқа айтуының сыры осында жатыр деп білеміз. Әрине, өте мықты ұстаз дәрежесіне Ескендір ағамыз тек осы айтылғандардың арқасында жетті десек, шындыққа дәл келіңкіремеген болар еді. Ол ең әуелі Гурьевте, кейін Орал педагогикалық институт қабырғасында оқып, терең білім алды. Сосын өз білімін өмір бойы өзі көтеру жолымен, яғни көркем әдебиетті бас алмай, оқу ісімен ерінбей, жалықпай айналысты. Терең білім, оған қоса тынымсыз тер төгіп еңбек ету Ескендір ағамызды өлкеміздегі ең таңдаулы деген мұғалімдердің қатарына жеткізді деп сеніммен айта аламыз.Үкімет пен партия ұстаз еңбегін лайықты бағалай отырып, оған Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалім атағын берді, сол кездегі ең жоғары мемлекеттік награда - Ленин орденімен марапаттады.Халық мұғалімінің ерен еңбегі жөнінде «Атырау мұғалімдері», «Атыраудың ұлағатты ұстаздары» атты кітаптарда баяндалған.Ұстаздық еңбектің шебері Ескендір Зұлқарнайұлы облыс мектептерінде 50 жылға жуық адал қызмет етіп, халық ағарту ісіне аса зор үлес қосты.   Осы айтылғандардан шығатын қорытынды: Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалім Ескендір Зұлқарнайұлы Шәкіліковтың өлкеміздің халық ағарту ісіне қосқан өлшеусіз еңбегін ескере отырып, ұлағатты ұстаздың ардақты есімін өзі еңбек еткен мектептерінің біріне беретін уақыт толықтай жетті деп ойлаймыз. Ең дұрысы: мұғалім есімін Махамбет  ауданындағы мектептердің біріне, мүмкіншілік болса өзі алғаш табалдырығын аттаған Есбол Қызылүй мектебіне берген жөн болар еді. Өйткені, ол мектепті ашуға Ескендір ағамыздың әкесі, Есен руының старшинасы Зұлқарнай Шәкілікұлы мұрындық болып, зор еңбек сіңірген еді. Есбол Қызылүйіне Ескендір Шәкіліковтың есімін беру арқылы қазіргі ұрпақ ұлы ұстазға байланысты тарихи әділеттілікті жүзеге асырған болар еді. Шәкіліковтердің біреуі ұйымдастырып, екіншісі ұстаздық еткен Есбол Қызылүйі ашылғаннан кейін облыс көлемінде сол мектептің игі тәжірибесінің негізінде Қызылүй мектебі, салынып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Тағы бір ескеретін жайт, Ескендір Зұлқарнайұлы өзінің өмірінің 20 жылға жуық мерзімін Атырау қаласында өткізген еді. Осыны ескеріп, қалалық әкімшілік пен қалалық оқу бөлімі ұстаз тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату ісін жүзеге асырғаны дұрыс деп есептейміз. 

      Ш.НАҒЫМҰЛЫ. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері 

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____     __   __    ______   _    _     ______  
       |  _ \\   \ \\/ //  /_   _// | || | ||  /_   _// 
       | |_| ||   \ ` //   `-| |,-  | || | ||    | ||   
       | .  //     | ||      | ||   | \\_/ ||   _| ||   
       |_|\_\\     |_||      |_||    \____//   /__//    
       `-` --`     `-`'      `-`'     `---`    `--`     
                                                        
      
       
      Наверх