17 тамыз 2017, 23:17
      Қоғам 07.08.2017, 16:23 0 пікір 177 просмотров

      Ел мен жердің қамы – әрдайым жоғары

      2017 жылдың 27 маусымында аудандық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісінде аудандағы жол мәселесі, көлік қозғалысы, жүк тасымалы туралы және аудандағы зираттардың жай-күйі, жаназа шығару мен садақа өткізу мәселелері талқыға түсіп, арнайы қарар қабылданды.


      Күн тәртібінде қаралған мәселелер бой-ынша салаға жауапты мекемелер мен құзырлы органдар басшыларының баяндамалары тыңдалып, дін өкілдері мен еңбек ардагерлері өздерінің ұсыныс-пікірлерін белсене ортаға салды. 

      Аудан аумағындағы және Батыс Қазақстан облысымен шекаралас аумақтан өндірілетін қиыршық тастар (пгс) секілді инертті материалдар ауыр жүк көліктеріне тиеліп, Атырау-Индер тас жолы арқылы қалаға және басқа да елді мекендерге тасымалдануы барысында кө-птеген заңбұзушылықтар орын алып келеді.

      Заң бойынша автокөлік құралдарының белгіленген параметрлеріне сәйкес әрбір өске түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы тиіс. Алайда бұл талап көп жағдайда сақталмайды.

       Оның үстіне жүк салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүк өлшегіштер карьерлердің барлығында бірдей орнатылмаған. Карьерлер маңында жарамсыз құрылыс материалдары, көліктер қалдықтары тасталып,  қоршаған ортаға едәуір зиян келтірілуде.

      Нәтижесінде, Индербор кентінің ішкі жолдары бүлініп, табиғаты да нашар күйге жетуде. Жол белгілері орнатылмаған немесе жарамсызданып, жаңартуды қажет етіп отыр.

       Қоғамдық кеңес солардың бірі ретінде  Б. Момышұлы  және Қ.Тұхфатов көшерінің тоғысатын жері екендігін атап көрсетеді. «Талап» базар маңындағы жерді таксишілер белгіленбеген, яғни заңсыз автотұраққа айналдырған.

       Бұл жерде қозғалыс ретке келтірілмегендіктен, қауіпті аймаққа айналып, көлік кептелістері күнбе-күн пайда болуда. Тағы бір өзекті мәселе – Индербор кентінің орталық көшесінде және көпір үстінде тұрғындардың үй малының  жүруі.

      Қараусыз жүрген сиырлар жасыл-желектер мен екпелерге зиян келтіріп, жол-көлік қозғалысына кедергі жасауда. Өкінішке орай, кейбір тұрғындар малдарын қорасынан шығарып жіберіп, оларды қарамайды.

      «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіне елді мекендердің жасыл желектерін бүлдіргендерге айыппұл түрінде жауапкершілікке тарту шаралары көзделген. Алайда, қараусыз малдарды қамайтын арнайы орын кентте белгіленбей отыр. Сондықтан жергілікті полиция  малдардың иелеріне тиісті шаралар қолдана алмай келеді.

      Сонымен қатар осы отырыста аудандағы зираттардың жай-күйі, жаназа шығару мен садақа өткізу мәселелері де қаралды. Ислам дінінде бейіттер салуда шашпашылыққа, бәсекеге, әсірешілдікке тыйым салынған, жол берілмейді.

      Бейіттердің әсемделуі, күмбездеп безендірілуіне, марқұмдардың бейнесін салуға, мүсін орнатуға рұқсат етілмейтіні белгілі. Бұл жөнінде имамдарымыз, үлкендеріміз айтып, ескертіп жүргенімен, кесене мен мазар тәріздес бейіттер салу үрдісі жалғасып келеді.

      Дұға дастарханын аста-төк етіп, тойдікінен кем қылмау, садақаны кафе-мейрамханаларда өткізу да кең етек алуда. Жасыратыны жоқ, дінімізде бұндай әрекеттердің құпталмайтынын біле тұрсақ та, көпшілігіміз жалған бәсекеге ұрынып, ысырапшылдыққа жол берудеміз. Осы жөнінде ойланатын кез келді, ағайын!

      Елбасы 2017 жылғы сәуірінде жариялаған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани құндылықтарды түлетіп, сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін қызмет жасауға үндеп, қалың қауымға парасатты ой тастады.

      Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше,  ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік. Бұл жоғары  көрегенділікті көрсетеді.

      Қазіргі қоғам – бұрынғы қоғам емес, қазіргі қазақ –  бұрынғы қазақ емес. Бүгінгі қоғамымыз шындап келгенде дарақылықты, тойшылдықты, аста-төк ысырапшылдықты көтермейді. Осы жайында терең ойланайықшы, бір-бірімізді тиімділікке шақырайық.


      Асқар ҮМІТҚАЛИЕВ,

      аудандық қоғамдық

      кеңестің төрағасы.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____    __   __   __   __     ___     ______   
       |__  //   \ \\/ //  \ \\/ //   / _ \\  |      \\ 
         / //     \ ` //    \   //   | / \ || |  --  // 
        / //__     | ||     / . \\   | \_/ || |  --  \\ 
       /_____||    |_||    /_//\_\\   \___//  |______// 
       `-----`     `-`'    `-`  --`   `---`   `------`  
                                                        
      
       
      Наверх