17 тамыз 2017, 23:18
      Қоғам 07.08.2017, 13:22 0 пікір 218 просмотров

      Жем-шөп дайындау ісі өткір тұр

      Жазды ми қайнатар шілінгір ыссылығы мен тамшы тамбаған құрғақшылығын қанша айтсақ та, бәрібір, алдағы кәрі құда қысқа  оның бірін де дәлел ете алмайсың.


      Мұны шаруа баққан әр ауыл адамы жақсы біледі. Сөйтеді де шалғы-орағын ерте сайлап, соңғы кезде етек алып кеткен өрттен аман қалған шабындықтан  алдағы қыста малға талғажу болар азық іздейтін әдетіне салады. Әрине, қол ұзын көлігі мен құрал-жабдықтары барлары жылдағыша бригадалар құрып, Жаңақала, Тайпақ, Ақжайық, Қызылқоға жақтарға шығып, көрші облыстағы аудандармен келісіп, жылдағыша шөп дайындап, артығын тұрғындарға сатады.

      Ал ол жақтардан  дайындалған шөптің алды ауылдар мен Индербордың өзіне де келе бастады. Әр орамының бағалары 4,5-5 мың теңге болғанымен, оны өткізе алмай кері қайта алып кетіп жатқандар да көрінбейді.

      Соған қарағанда шаруа адамы барын санап беріп, болмаса сатушының тілін тауып, не болса да біртіндеп қора басына шөп үйе бастады. Бұрындары біз мұндайды «Шөмелені шөп деме» деуші едік. Десек те Индербор округі бүгінде 50 тоннадай пішен дайындап үлгерген.

      Қазіргі шақта оған да місе тұтып, барға қанағат деуге тура келеді. Өйткені, малшы ауылға қажетті жем-шөпті баяғыша өлшеп, пішіп, қамтамасыз етіп отырған қуатты құрылымдар жоқ, әркімнің өз мүмкіндігін өзі екшеуіне тура келеді.

      Бұл арада жерлестеріне «Жарсуат» ӨК (Д.Тәженов) жылма-жыл көмекке келетінін өзгелерге үлгі еткен жөн сияқты. Кооператив бұл жөнінде арнайы құлақтандыру да беріп үлгерді.

      Негізі осы бағыттағы барлық ақпарат пен есеп-қисап құйылатын аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне бүгінде әр округтен жем-шөп дайындау барысынан алғашқы көрсеткіштер түсе бастады. Ол есептер көңіл көншітпесе де, жоқтан жақсы екенін мойындау керек.

      Мәселен, Есбол округі барлығы 11093 тонна пішен қажеттігін есептеп, бүгінде осы жұмысты қарқынды жүргізуге бел буып отыр. Округ апта сайын 2,526 тонна пішен дайындап, өз алдарына қойған міндетті орындауға бағыт ұстанған. Бөдене округі 4320,0 тонна пішен дайындамақшы. Өрлік, Көктоғай округтері 8494-8459  тоннадан қысқы малға қажетті шөп керек деген есеп жасаған.

      Ал Көктоғай округі жылдағыша Батыс Қазақстан облысы жерінен шөп дайындап алуға үмітті. Оған қолда бар бір-бірден тіркемелі «Урал» және «КамАЗ» қуатты автокөлігі, 4 «Газ-53», алты-алтыдан КДП, жинаушысы бар бригада қатынасатынын айқындаған.

      Жалпы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің анықтауынша, қанша қиындық болса да пішен дайындау көлемі жылдағы деңгейден төмендемейді. Науқанға  48 трактор, 14 автокөлік, 10 тіркеме, 36 шабу, жинау агрегаттары, сегізден тайлаушы, үюші, алты тиеу, 100-ге жуық адам қатынасады деп жоспарланып отыр.

      Әрине, орақ барысында бұл көрсеткіштер түрліше қырынан көрінері сөзсіз. Өйткені, биылғы пішен дайындау жұмыстарының басым бөлегі басқа аймақтарда жүретінін жоғарыда сөз еттік. Яғни, басқасымен бірге жанар-жағармай, босалқы бөлшектермен қамту жұмыстары күрделі болары хақ.

       Сондықтан да осы жұмыстардың басы-қасында жүрген басшылар мен қосшыларының алдымен әр жақтағы әріптестерімен ортақ шаруаға байланысты іскерлік тұрғысынан тіл табысып, екі-жақты тиімді келісімге келгені өте пайдалы болмақ.

      Осы арада бұрынғы кезеңдерде алыс-жақыннан пішен дайындаған бір бригадир ағамыздың:

      – Пішен дайындау науқаны өте қысқа мерзімде және өте ұйымшылдықты қажет ететін жұмыс. Мұнда болмашы, уақ мәселе деген болмайды.Тіпті бригада мүшелері мен техникаларды таңдау, орналастыру, тіпті жол қауіпсіздігін сақтау, өрттің алдын алу, жер иелерімен тіл табысудың да маңызы зор.

      Сондай-ақ пішеншілерге, тіпті тәртіп сақшыларынан бастап әр жақтан да қамқорлық, оларға қажетіне қарай көмектесу, қол ұшын беру, түсіністік керек, – деген пікірі жадымызда қалыпты.

       Бұл жайлар кеңшар, шаруашылық басшыларының науқан басталар алдындағы әріптестерімен бұрынғы кездері жүргізетін келісімдерін еске түсіреді.

      Міне, өмір мен заман өзгерді, бірақ қысқы малға қажетті сапалы мал азығын дайындап, тасып алу мәселесінің түйткілдері әлі қаз-қалпында. Ендеше қыстың қамын ерте ойлағандардың бір ісі артық болатынын ұмытпаңыздар.


      С.ХАЛЫҚОВ.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  _      ___      _____      ___      _____   
       | \| ||   / _ \\   /  ___||   / _ \\   / ____|| 
       |  ' ||  / //\ \\ | // __    | / \ || / //---`' 
       | .  || |  ___  ||| \\_\ ||  | \_/ || \ \\___   
       |_|\_|| |_||  |_|| \____//    \___//   \_____|| 
       `-` -`  `-`   `-`   `---`     `---`     `----`  
                                                       
      
       
      Наверх