24 тамыз 2017, 1:22
      Аймақ 17.05.2017, 18:03 0 пікір 214 просмотров

      Халық қандай ет жеп отыр?

      Жуырда Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев бастаған топ бірінші рет қала аумағындағы  мал соятын және оның өнімдерін сататын орындарды аралап, тексеріп шықты. Нәтижесінде ол орындарда ветеринариялық талаптардың орындалмайтыны анықталды. Жүргізілген рейд нәтижесінде Атырау қаласындағы мал базары мен ірі ет сою орындарындағы кемшіліктер анықталып, заңды өрескел заң бұзғандарға айыппұл салынатын болды. Тіпті, алдағы уақытта өз қызметіне салғырт қарап, міндетін тиісті деңгейде орындай алмағандар жұмыстан босатылуы да мүмкін.


      Арнайы топ алдымен Атырау қаласындағы «Абдекешова» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі «Тума» мал базарын аралады. Бұл шағын базарға мал көршілес Батыс Қазақстан облысы мен Құрманғазы ауданынан әкелінеді. Бар – жоғы  отыз шақты малдың уақытша ұсталатын қора жайының ластығы, тіпті, бас-сирақ үйітілетін орында тазалықтың жоқтығына басқарма басшысы ренішін білдірді.  Оған қоса, мал сойылатын нысандағы зертханалық бөлме де талапқа сай келмейтін болып шықты. Кішкентай ғана зертханалық бөлмеде отыратын ветеринар мамандар әкелінетін мал жөнінде 2015 жылдан бері есеп жүргізбеген. Демек, халыққа ұсынылып отырған мал өнімінің қауіпсіз екендігіне ешкім кепілдік бере алмайды деген сөз. Осылай деген басқарма басшысы малдың құжатын толтыруда көптеген кемшіліктерге жол берілгендігін атап берді. Жалпы, малдың ауруының бар-жоқтығы, оның егілгені жөніндегі ақпарат сол құжаттарда көрсетілуі тиіс. Ол малдан тарайтын ауру түрлерінің алдын алуда өте маңызды. Бірақ, мал дәрігерлері бұл жерде құжаттың дұрыс – бұрыстығына малды әкеліп тапсыратын мал иелеріде жауапты деп есептейді.

      -Заң талабын орындауды мемлекеттік қызметкер әуелі өзінен бастауы қажет. Ветеринар болу дегеніміз аз уақыт кеңседе отырып кету емес. Таңғы сағат бестен бастап сойылған малды ең болмаса жұмасына бір мәрте қадағалап отыруға болады ғой. Оның не қиындығы бар? – деген С.Рысқалиев келеңсіздіктерге жол берген кәсіпкерге ескерту беріп,  малды сатылымға жіберуге тосқауыл қойды.  Атағы республикаға танымал  «Асыл Агро» шаруа қожалығының да заң талабымен жұмыс істемейтіні осы рейд кезінде белгілі болды. Мұндағы ветеринар мамандардың өздері тазалыққа мән бермесе, не айтуға болады? «Мамандардың өздері қарапайым тазалық талабын сақтамайды. Заң жүзінде мал таситын көлік арнайы термоқондырғымен жабдықталуы керек. Бұл шарт неге сақталмаған?» деген басқарма бастығы осы салада 1985 жылдан бері еңбек етіп жүрген қожалық басшысы Роман Махметовке заңға бағынбайтындарды темірдей тәртіпке шақыруды тапсырды.  Облыс орталығындағы мал соятын орындардың бірі - «Адал» ет комбинаты. Бұл комбинаттың да тексерілген басқа орындардан айырмашылығы болмады. Өйткені,  құжат толтырудағы кемшіліктер бұл жерден де табылды. Бірақ,  мұндағы мал сою цехының іші-сырты мұнтаздай таза, көрсететін қызметі де сапалы болып шықты. Атыраудағы үлкен «Дина» базарында тексеріп шыққан топ мүшелері  базардағы жауапты маман Гүлбаршын Шомажановаға тиісті құжаттардың жетіспеушілігі мен ветеринариялық қызметтегі келеңсіздіктерді жоюға тапсырма берді. Әрине, халықтың күнделікті  тұтынып отырған ет өнімінің сапасына салғырт қарау ешқандай ақтап алуға жатпайды. Таразы басына тұрғындардың денсаулығы түсіп тұрғанда, немқұрайлық танытқандардың ісімен жоғарыда айтқан топ мүшелері шындап айналыспақшы. Олар мұндай тексеруді жиі ұйымдастырып тұруды жоспарлап отыр. 


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
      __    __    ______    ______   __   __    _  __  
      \ \\ / //  /_   _//  /_____//  \ \\/ //  | |/ // 
       \ \/ //    -| ||-   `____ `    \ ` //   | ' //  
        \  //     _| ||_   /___//      | ||    | . \\  
         \//     /_____//  `__ `       |_||    |_|\_\\ 
          `      `-----`   /_//        `-`'    `-` --` 
                           `-`                         
      
       
      Наверх