23 маусым 2017, 9:17
      Аймақ 21.04.2017, 17:23 0 пікір 520 просмотров

      Латын әліпбиіне көшудің маңыздылы сөз болған отырыс

       Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде «Латын әліпбиі: бүгін және ертең» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты- латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат тарату, қоғамдық пікір қалыптастыру.


      Өз ойларын еркін білдіруге мүмкіндік алған басқосуда брифингке спикер ретінде қатысқан әр саланың білімдар азаматтары пікір алмасты.  
       

      «ЛАТЫННЫҢ БЕРЕРІ КӨП»
      Атырау облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмыстарының бөлім басшысы Мәншүк МҰХАНБЕТҚАЛИЕВАНЫҢ пікірінше, осыдан бес мың жыл бұрын адам баласы  жазу үлгісін тауып, ойы мен пікірін хатқа түсіру жүйесін жасаған. Сол кезден бастап, әріп пен жазу- адамзат баласы ғұмырының ажырамас бөлігі  болып қана қоймай, оның тыныс- тіршілігі мен өмір сүру механизміне айналды. Оның бер жағында, еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап- ақ, қазақ лингвистері мен зиялы қауымның арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы  бірталай пікірталастар туындай бастаған.
      Ертедегі жазуларды бабалардың қолтаңбасы десек, бүгінгі күні құнды мұра ретінде мұражайларда сақтаулы. Қазақ ұлты да сан ғасырлар бойы  алуан жазуды қолданып келгені бәрімізге аян. Соңғы екі ғасырдың өзінде бірнеше жазу үлгісіне ауысыппыз. Шындығы керек, қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Десек де, күні бүгін әлем халықтарының көпшілігі латын әліпбиін қолданып отыр. Қолда бар деректерге сүйенер болсақ, дүние жүзі елдерінің көбісі осы латын әліпбиін қолданып келеді.
      Бүгінгі таңда, елімізде латын әліпбиіне көшу- әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып отыр. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлттың нағыз жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялылар қауым өкілдері тарихтың бұл үрдісіне әлі күнге дейін қарсы болуда. Мұндай пікірлердің орын алуы да- заңды. Олай дейтініміз- соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда, бізге анығы- қазақ тілі бүгін бе, ертең бе, латын әліпбиіне бәрібір көшеді. Себебі, оны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Жолдауында ашып айтты.
      Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі ол біздің қоғамға әлдеқашан еніп кеткен. Оны еліміздегі кез- келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, «латынның бізге берері не?» дегенде, толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Мысалы, «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ел бойынша ағылшын тіліне көп назар аударылып келеді. Бұл идеяның үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу дегенді білдіреді. Оған қоса, ағылшынша білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Осы орайда, латын әліпбиіне көшуді шет тілдерін жоғары дәрежеде игерумен байланыстыруға болады. Енді «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?» деген сауалға жауап іздер болсақ, латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса, жаратылыс ғылымдарында да оның қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді және бұл әліпби ақпараттық- технологиялар саласын дамытуға септігін тигізері сөзсіз.
      Латын әліпбиін қолдану- озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыздың осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады деген де әңгімелер айтылып жүр. Мүмкін, бұл бастама шынымен әлемнің даму жолына есік ашар,- деді М?? Мұханбетқалиева.

      «ДҮРБЕЛЕҢ ТУҒЫЗУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ»
      Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің көптілді білім беру факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жұмазия ӘБДІРАХМАНОВА болса, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы  пікірталастар басталып кеткендіктен, ел арасында алып- қашпа әңгіме немесе дүрбелең туғызудың қажеті болмас, дегенді айтты.
      - Ең бастысы, бұл ел болашағы үшін қолға алынып жатқан жұмыстар. Латын әліпбиіне кіру- әлемдік ғылыми, тілдік кеңістікке кіру үшін қажет. Бұл басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ әріп. Сонымен қатар, әріп қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімдірек болып табылады. Біз, әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп келеміз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, немесе медицина мен басқа ғылымдар тілі көбінесе латынша жазылады.
      Менің пікірімше, ынтасы бар адамға бұл әріпті үйренудің еш қиындығы жоқ, соның ішінде жоғары білімді немесе шет тілін білетін адамдарға.
      Алысқа бармай- ақ қоялық, қазір көп адамдар әлеуметтік желілерде отырады. Сонда отырып- ақ, өзара латынша жазуды үйрене берсе де болады. Себебі, онда көбісінің аты- жөндері латынша болып келеді. Электрондық пошталары да солай. Сонымен қатар, күні бүгіннен бастап, қолданыстағы маңдайша мен жарнаманы қосымша латын әліппесімен жаза берсек, көз үйренеді. Теледидардағы жүгіртпе жолдар мен көше атауларын да латын әліпбиіне көшірсек ерте емес. Басылым беттерінен қосымша бір бет латын әліппесіне арналса жақсы болар еді?!. Бұл жерде біз «кириллицамен жазу қалады» деп отырған жоқпыз. Ол да қосымша жүре берсін. Себебі, ол әріптермен еліміздің қаншама материалдары мен білімі бар...

      «ЖАСЫ ҰЛҒАЙҒАНДАРҒА ҚЫСҚА КУРСТЫ ДӘРІСТЕР ТЕГІН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛСА»
      Атырау мұнай және газ университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Болат НЫҒМЕТОВ, латын әліпбиіне көшу тақырыбы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басталғанын айтады. Айтуынша, біздің ойшылдарымыздың төл санасында да осы әліпбиге өту мәселесі үнемі тұрды. Оның сөзінше, тіпті, әр саналы азаматтың көкейінде осы пікір жүргендей көрінеді. Өйткені, Қазақ Елі әлемдік қауымдастықтың мүшесі болғандықтан, әлем өркениетінің мол мұрасын игеру үшін де тіл мәселесі міндетті түрде көтерілуі тиіс еді.
      «Басшы болса зиялы, елге нұрын құяды» дегендей, осы мәселеге Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясында» қайта оралып, латын әліпбиін нақты қай жылы енгізу керектігін анық айтты. Міне, осы уақыттан бастап, сең қозғалды деуге болады.
      Ел болашағын ойлағанда да алдымен жастарды, яғни болашағымызды ойлауымыз керек. Себебі, сонау ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар- арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал- сауабына сіздер қаласыздар» деген ой тастаған еді. Сондықтан да, латын әліпбиіне өтуіміз еліміздің бай мәдениеті мен мұрасымен көптеген шетелдік оқырмандардың терең танысуына жол ашады. Ал, жастар үшін әлем кеңістігі, дамыған елдердің мол жинақталған техникалық, әдеби тағы басқа туындыларын  түп нұсқада оқуға жол ашылады.
      «Латын әліпбиіне көшудің қандай тиімді жолдарын ұсынамыз деген сауалға келер болсақ, біріншіден, түркі әлемінің тәжірибесін қолдануға болады. Екіншіден, халқымыздың төл тәжірибесін негізге ала отырып, балабақшадан бастап латын қаріпін үйретіп, әліпбиді  оқытатын  ұлтжанды мамандар даярлап, содан кейін оны мектеп жүйесіне енгізіп, жоғары мектепке таратуымыз керек. Осы орайда арнайы жасы келген адамдарға қысқа курсты дәрістер тегін ұйымдастырылып, оқу- әдістемелік нұсқаулар көбірек шығарылып, таратылуы тиіс. Осы аталған жұмыстарға барша қазақстандықтар, ауқатты бизнесмендер мен зиялы қауым өкілдерінен бастап, барлық қарапайым азаматтар белсене қатысар болса, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, табыстарға жететініміз анық.
      Тағы бір ескеретіні, латын әліпбиіне өтуде әрине, төл тәжірибеміз ескерілуі тиіс. Осы жерде сонау V-VI ғасырлардағы түркі заманының бай мұрасы, сонымен қатар алаштың зиялы қауымының ой- пікірлері ескерілсе құба-құп. Әрине, міндетті түрде түркі жұртының Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан т.б. елдердің жинақталған тәжірибесін пайдалануымыз да орынды болады,- дейді.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ


      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____      ______   __   _     _____             
       |  _ \\   /_   _// | || | ||  |  ___||   ____    
       | |_| ||   -| ||-  | '--' ||  | ||__    |    \\  
       | .  //    _| ||_  | .--. ||  | ||__    | [] ||  
       |_|\_\\   /_____// |_|| |_||  |_____||  |  __//  
       `-` --`   `-----`  `-`  `-`   `-----`   |_|`-`   
                                               `-`      
      
       
      Наверх