1 мая 2017, 0:43
      Аймақ 20.04.2017, 13:16 0 пікір 142 просмотров

      Елбасы мақаласы жаңа міндеттерді жүктеді

       «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай деді.


      Кеше «Атырау» мәдениет кешенінде өткен облыс активінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, жиынға қатысқан өңірдегі әр саланың өкілдеріне аталмыш мақаланы, құжаттың негізгі мақсаттары мен жүктеген міндеттерін түсіндіре келіп, Президент мақаласында жүктеген  міндеттерді  іске асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

      Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының мақаласын еліміздің экономикалық- инновациялық дамуының идеологиялық жалғасы деп бағалады. Сонымен қатар, өңір басшысы мақаланың мазмұны Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауымен үндесіп жатқанын тілге тиек етті:

      «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласы еліміздің қоғамдық- саяси өміріндегі тағы бір сілкініс, тағы бір қадасы болды. 

                  Бұл бағдарламаның мәні- Қазақстанның рухани өркендеуі, әлемдегі тоқтаусыз өзгерістер, құбылыстар үдерісінде, жаһандану жағдайында өзінің ұлттық ерекшелігін, рухани әлеуетін жоғалтпайтын ел ретінде дамуы, тәуелсіз елдің, халқының тәуелсіз қоғамдық санасын қалыптастыру. Мемлекет басшысы осындай ауқымды мақсатты жүзеге асырудың басым бағыттарын анықтап берді.

                  Мәселен, 21 ғасырдағы ұлттық санаға қатысты тұтас қоғамның және әрбір қазақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың 6 негізгі бағы­ты аталып өтті. Аталмыш мақсаттарды жүзеге асыру үшін біздің өңірімізде мүмкіндік бар деп есептеймін.

      1. 1.    Бәсекелік қабілет

                  Атырау өңірінің басты байлығы – мұнай мен газ, тұз бен тас емес, оның адамдары.

                  Міндет – осы адамдардың талантын ашып, мүмкіндігін көрсетіп, өзінің және қоғамның игілігіне жаратуына жағдай жасау.

                  Түптеп келгенде, мұнайды өндіретін де, кірпішті күйдіретін де, құрылыс салатын да, халықты емдейтін де – өзіміздің мамандар. Солардың әрқайсысы өз ісінің шебері болуы тиіс. Жаңа технологиялар, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу – осыған қол жеткізудің құралы. Бұл – тек кәсіби талап емес, азаматтық парыз. Әрбір азамат өзінің ісіне, отбасының жағдайына, алдымен, өзі жауапты. Осыны халықтың санасына сіңіруіміз қажет.              

                  2. Прагматизм

                  Тәуелсіздік таңында басқалардан әлдеқайда төмен әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштермен бастау алған Қазақстан, бүгінде – ТМД кеңістігіндегі ең дамыған ел. Ал, сол кездегі экономикасы өркендеген бірқатар мемлекеттер қазір бізден көш кейін қалды. Бұның сыры неде?

                  Айналамызға байыппен қарап, бар мүмкіндігімізді саралап, барынша тиімді пайдалана білу- біздің Президентіміздің тәуелсіздік жылдарындағы саясаты. Соның арқасында осындай жетістіктерге жеттік. Осы ұстаным- біздің болашақ жетістіктеріміздің кепілі.

                  Атырау өңірінің дамуы – біздердің қолымызда. Қандай мықты тұстарымыз, қандай осал жерлеріміз бар – білеміз. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, басымдылықтарымызды айқындап, жұмыстануымыз керек. Бұл жерде қиялға бой ұрмай, өңір халқына, экономикасына қажет, қолымыздан келетін нәрселермен шұғылданатын боламыз. Бұл – жалпы қоғам емес, әрбір адамға қатысты мәселе.  Барлығына бірдей ғалым болу немесе шетелдік компанияда менеджер болу міндет емес. Әркім қолынан не келеді – сонымен шұғылдануы керек. Фермер де, инженер де, дәрігер де, дәнекерлеуші де жақсы маман болса ғана жұртқа қадірлі – осыны, алдымен жастардың санасына құяйық.

                  3. Ұлттық бірегейлікті сақтау

                  Қазақ ешқашан да тіліне, дініне қарап бөлінбеген. Талай қияметтен аман қалып, ел ретінде сақталып қалғанымыз да соның арқасы. Елбасы  айтқан, ұлттық кодымызды жоғалтқан емеспіз. Жаһандану заманында бұның мәні арта түспек. Сондықтан, ұлттық намыс, ұлттық сана, мәдени ерекшелігімізді сақтап, дәріптеу – идеологиялық жұмыстың басымдылығы  болмақ.

                  Сонымен қатар, қазақ болу- басқаға басымдық таныту емес. Мемлекеттіліктің ұлттық принципімен қатар, азаматтық принципін қатар ұстануымыз- шарт. Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, әрбір қазақстандық мемлекетіміздің заңына мойынсұнатын – Қазақстанның байлығы. Оның айқын бір көрінісі, этносаралық шиеленістен ада өңір – біздің облысымыз. Атырау өңірінде 80-нен астам этнос өкілі бір үйдің адамдарындай тату өмір сүріп, туған өлкесін бірлесе өркендетіп жатыр. 18 этномәдени бірлестік ұлтаралық келісімнің жаршысы болып отыр. Ендеше, осындай, ынтымақ, келісімді ахуалды сақтау – міндет.

                  Ең бастысы, рушылдықтан, жершілдіктен, басқаға жауығып қараудан алас болып, бәріміз бір елдің азаматы, тағдырымыз бір екенімізді әрдайым есте сақтауымыз қажет.

      21 ғасырда руға жіктелу деген ақылға сыймайтын нәрсе. Қазір ру мен ру емес, әлемдік аренада ұлт пен пен ұлт, тіпті блок пен блок тайталасып жатқан кез. Сондықтан, көптеген елді тұралатқан қантөгіс қақтығыстардан аман алып келе жатқан бірлігімізді сақтау – тұрақты дамуымыздың кепілі.

                  4. Білімнің салтанат құруы

                  «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»,- деген даналық халқымыздың бағзы заманнан білім- ғылымды бағалай білгенін көрсетеді.

                  Білімге деген көзқарас та өзгерді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы, «Оқусыз- ақ өмір сүруге болады»,- деген жеңіл табыс іздеген пиғылдан қоғам арылды. Білімсіз жөнді жұмыс, қоғамдық мәртебе болмайтынын жастар түсінді.

                  Тәуелсіздік  жылдары білім саласын дамытуда елімізде, соның ішінде, Атырау өңірінде қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл материалдық- техникалық базаға да, педагогикалық кадрларға да, оқу процесіне де қатысты болған өзгерістер. Шын мәнінде, кеңестік кезеңнен мүлдем бөлек, заманауи білім беру жүйесі құрылды.

                  Елбасының бастамасымен құрылған Назарбаев зияткерлік мектебі Атырауда да ашылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 300- ден астам атыраулық жастар шет елдерде оқып, заманауи білім алып келді.       

                  Қазіргі міндет – білімнің сапасын арттыру, оны экономиканың сұранысына икемдеп, жастарға кәсіби бағыт беру.

                  Оқу орындарында мамандық таңдауда жастардың, ата-аналардың санасында «престиж» деген ұғымды «тиімді», «перспективалы» деген ұғымдар алмастыруы қажет. Студенттер жай ғана диплом иемденумен қанағаттанбай, шынайы білім алуға деген ұмтылысы болуы - шарт.

                  Білімнің салтанат құруы осылай қалыптаспақ.                  

                  5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

                  Талай жоғары өркениетті мемлекеттер революциялық шайқалыстардың кесірінен мешеу елге айналып, эволюциялық жолды таңдаған елдердің көсегесі көгергеніне тарих куә.

                  Басқаны қойып, өзіміздің соңғы 25 жыл тарихымызға көз салайық. Экономикалық әлеуеті бізден әлдеқайда жоғары болған кейбір мемлекеттер толассыз төңкерістердің нәтижесінде өнеркәсібінен айырылып, халықтың жағдайы нашарлап, ыдыраудың алдында тұр. Қазақстан эволюциялық жолмен жүріп, жағдайын біртіндеп түзеп алды. Ендеше, бұл таңдаумыз өзгермек емес. Президентіміз айтқандай, Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Сондықтан, ішкі процестерді де, сыртқы ықпалдарды да жіті қадағалаймыз.

                  Революция тек қару алып, «Қысқы сарайды» шабуылдау емес: саяси, экономикалық, әкімшілік басқару, мәдениет саласында күрт өзгерістерге, экстремистік пиғылдарға жол бермеуіміз керек.

                  6. Сананың ашықтығы

                  Ғасырлар бойы бабаларымыз шексіз даланы шарлап, түрлі халықтармен, өркениеттермен қатынасқа түскен, көп нәрсені үйреніп, өзі де үйреткен.

                  Қазір осы дәстүрді жаңаша жаңғыртатын кез келді.

                  Тілдерді үйрену, технологияларды игеру, басқа елдердің өмірімен таныс болып, қажетін алу – замана талабы.        

      Неге кеңес кезінде бізден озық болған республикаларды бүгін артта қалдырдық?

      Әрине, алдымен бұл Елбасының көреген саясатының, халықтың еңбегінің нәтижесі.

      Сонымен қатар, біздің әлемге ашық болуымыздың, әртүрлі үрдістерге бейім болуымыздың маңызы зор.

      Орыстың да, ағылшынның да, француз бен қытайдың да мәдениетімен, тілімен танысып, керегін үйреніп, өзіміздің пайдамызға жаратып келеміз. Осының арқасында басқа азия халықтарымен салыстырғанда қазақтың көзі ашық, сауаты артық, өрісі кең.

      Орыс тілі - адамның ой- қабілетін, шығармашылығын дамытатын тіл, ғылым-білім тетігі. Ағылшын тілі арқылы бүкіл әлеммен тіл табамыз. Сондықтан, қазақ тілімен қатар, осы тілдерді де білу керек, әсіресе жастарға.

      Облысымызда осы бағытта жүйелі жұмыстар бар. Мәселен, өткен жылы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығында 271 адам қазақ тілі, 37 адам орыс тілі, 83 адам ағылшын тілі курстарынан өтті. Атырауда халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі дәстүрлі жоғары: әлеуметтік зерттеулер қорытындысымен 96,9% деген мәлімет алынып отыр. Ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 12,5% құрайды, орыс тілін меңгергендердің үлесі 90,1%.

      Жалпы, әлемдік деңгейдегі құбылыстарға сын көзбен қарап, қажетіне қарай икемделіп, зияндысынан аулақ болатындай қасиет дамыту біздің артықшылығымыз болмақ.

                  Аталған бағыттар бойынша Елбасы таяу атқарылатын істерді белгілеп берді:   

                  Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау.

                  Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу.

                  Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.

                  Төртіншіден, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

                  Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілетін қамтамасыз ету.

                  Алтыншыдан, бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударып, бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыру.

                  Осы міндеттерді іске асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдарға келесідей тапсармалар беремін. 

                  Дін істері басқармасына:

      Біріншіден, оқу орындарында жастармен өткізілетін профилактикалық іс-шаралар барысында ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық бірегейлікті сақтау, заманға сай білім алу және бәсеке қабілетті болу қажеттілігі жөнінде ақпараттық жұмысты барынша күшейту.

      Біздер, деструктивті діни идеологиялардың қауіп- қатерін әшкерелеп қана қоймай, өскелең ұрпақтың санасында рухани құндылықтарды жаңғыртып, ұлттық идеологиямыздың мықтылығын, кез- келген теріс  идеялардың соққысына қарсы тұра алатынын айқындап беруіміз керек.

      Екіншіден, Қылмыстық- атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, түзету мекемесінде террористік және экстремистік қылмыстық баптармен сотталған тұлғалармен теологиялық оңалту жұмысымен қатар, тарих пен әдебиеттану саласының мамандарын тарту, дәстүрлі дүниетаным идеяларын жеткізу әдістерін пысықтау қажет.

      Үшіншіден, ақпараттық жұмыста қолданылатын интернет- ресурстар (сайттар, аккаунтар) арқылы деструктивті идеяларға қарсы насихатпен бірге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған тарихи- танымдық контентті көбейту керек.

      Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына:

      1.    Ұлттық мәдени құндылықтарымызды зерделеу, сақтау мен насихаттау жұмыстарын жалғастыру;

      2.    Ұлтымыздың белгілі тұлғаларына арналған мәдени- көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру;

      3.    Қазақстанның және жақын- алыс шет елдердің мұрағаттарынан өңірге байланысты құжаттарды жинақтау жұмыстарын жүргізу;

      4.    Мәдениет ұйымдарының қызметін бәсекеге қабілеттіліктерін артыру және қазіргі заманғы цифрлық технологияларға сәйкес жаңғырту;

      5.    Өңірдегі тарихи- мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру;

      6.    Қасиетті жерлер бойынша мәдени- географиялық  жинақ шығару,  мәдени туризмді дамыту;

      7.   Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізу;

      Білім беру, Жастар саясаты мәселелері басқармаларына:

      Жастарымыздың бойында ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторларды дамыту, жастарды нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық беруге тәрбиелейтін жұмыстарды жүзеге асыру.

      1. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екеніндігін жастардың санасына сіңіру бағытындағы ғылыми- әдістемелік, тағылымдық- танымдық іс-шараларды ұйымдастыру.
      2. Өлкетануға бағытталған іс- шараларды жүзеге асыру мақсатында мектеп мұражайларының жұмысын жандандыру және олардың нормативтік- құқықтық негіздерін реттеу. Мектеп мұражайлары- келешек жас ұрпаққа оқу- білім, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдет- ғұрпын, салт- дәстүрін, тұрмысын, тағы да басқа ұлтымыздың мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани- мәдени орынға айналуға тиіс.
      3. «Өткеннен мұрағат- өркенге ұлағат» акциясын ұйымдастыру арқылы жергілікті жеріміздің көрнекті тұлғаларының ұлағатты өмір деректерін жинақтау, насихаттау.

      Облыстық ішкі саясат, Жастар саясаты мәселелері, Дін істері, Білім беру басқармалары, Атырау қаласы және аудандар әкімдері:

      1. Қазақстандық патриотизмді, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті насихаттау бағытындағы жұмыстарды одан әрі дамыту;

      2. Өлкетану жұмыстарын, елді мекендерді абаттандыруды жүргізу».

          Осылай деп, әр салаға нақты тапсырмасын жіктеп берген Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде, Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласы тәуелсіз еліміздің рухани, мәдени, идеологиялық дамуының басымдықтарын айқындап бергенін тағы бір мәрте келтірді. «Бұл міндеттерді жүзеге асыру – бүкілхалықтық іс, өз игілігімізді өз қолымызбен жасау, балаларымыздың жарқын болашағын айқындау деген сөз. Сондықтан, барлық атыраулықтарды осы бағдарламаға қолдау көрсетуге, оған атсалысуға шақырамын» деді сөз соңында.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       ______    _    _    _____       ___     __   __  
      |      \\ | || | || |  __ \\    / _ \\   \ \\/ // 
      |  --  // | || | || | |  \ ||  / //\ \\   \   //  
      |  --  \\ | \\_/ || | |__/ || |  ___  ||  / . \\  
      |______//  \____//  |_____//  |_||  |_|| /_//\_\\ 
      `------`    `---`    -----`   `-`   `-`  `-`  --` 
                                                        
      
       
      Наверх