1 мая 2017, 0:43
      Денсаулық 05.04.2017, 16:55 0 пікір 187 просмотров

      Атырауда ішек ауруы көбейіп, екпеден бас тартқандар саны артуда

      Қазіргі уақытта Атырау облысында алдыңғы жылмен салыстырғанда жіті ішек ауруымен ауырғандардың саны 11,7 пайызға көбейген. Ресми дерек бойынша, бұл аурумен ауырғандардың 90 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның негізгі үлесін 1 - 2 жастағы сәбилер құрайды екен.


      Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингте осы жайттарды алға тартқан  Атырау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин облыста жұқпалы аурулардың  5 түрінің көбейгенін айтты.  

      - Ішек ауруларының өсуі - балаларды күтуде, тамақтандыруда кеткен кемшіліктердің салдарынан деп санаймыз. Сондай-ақ, өсім бойынша екінші орында тұрған бруцеллез ауруын айта кеткен жөн. Бұл дерт өткен жылы екі есеге артып, облыста бруцеллез ауруымен 55 адам тіркелді, - деді ол. Бір жақсысы өткен жылы облыста аса қауіпті, карантиндік инфекциялар, полиомиелит, көкжөтел, қызамық, сіреспе, эпидемиялық паротит, қырылдауық, іш сүзегі сияқты жұқпалы аурулар тіркелмеген. Ал, азайған аурулардың тізімінде дизентерия, менингококк жұқпасы, қызылша ауруы, тұмау, тыныс жолдары туберкулезі бар. Жалпы, аталған жұқпалы аурулардың көбеюіне өңірдегі санитарлық-гигиеналық жағдайдың сын көтермейтіндігі бірден-бір себеп екенін департамент басшылығы жоққа шығармайды. Өйткені, департамент жүргізген тексерулер нәтижесі аурудың өршуіне не себеп екенін анықтаған. Өткен жылы ерекше тәртіп бойынша 72 су тазарту қондырғыларының 52-не тексеру жұмыстары жүргізілген екен. Нәтижесінде зертханалық бақылауға алынған 254 ауыз су сынамаларының 27,8 пайызының бактериологиялық және 11,8 пайызының химиялық көрсеткіштері бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес болмай шыққан. Сонда аурудың төркіні ауыз су сапасының төмендігінен болып отырған жоқ па? Мамандардың айтар уәжіне сүйенсек, ауыз су сапасының төмен болуы су тазарту қондырғыларында залалсыздандыру қондырғыларының істен шығуынан, залалсыздандыру жүйелі жүрмегендіктен, сүзгілердің ауыстырылмауынан, уақытылы маусымдық жуу-дезинфекциялау жұмыстарының жүргізілмеуінен болған. Яғни, осындай немқұрайлықтың салдарынан жұқпалы ішек ауруларынан, әсіресе балалар зардап шегіп жатыр деп айтуға болады. Департамент басшысы жұқпалы ішекауруларының өсуіне байланысты облыста екпе егу жұмыстары ұйымдастырылып, 65 мыңнан астам адамның екпемен қамтылғанын айтты. Айта кету керек, қазір екпе мәселесі Атырау облысында өткір тұр. Әсіресе, екпеге қарсылық білдірген жат діннің жетегінде кеткендердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Олардың саны өткен жылы 398 болса, биылғы жыл басынан бері екі ай ішінде қатары 54 отбасымен толығыпты. Демек, оларды ұрпақ саулығына қатысты кереғар ойларынан арылтуда әлі де дәрменсіздік танытып келеміз. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасыоблыста   екпе алу орындарын көбейтіп, екпеден бас тартқандарды медициналық есепке алып, дін өкілдерінің қатысуымен мамандар тобын құрып, әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізгенімен, бұл аздық етуде.Бұл мәселе облыс әкімі Н.Ноғаевтың да басты назарында тұр. Екпе мәселесін қараған кеңес отырыстарында «Ол мәселе екпеден қашқандарда емес, медицина саласының беделінің төмендігінде» деген аймақ басшысыбұл мәселені шешуге ардагерлер кеңесі, аналар ұйымы араласып, түсінік жұмыстарын жандандыру керектігін үнемі айтып келеді. Бірақ, жүргізілген шаралар нәтиже берер емес. Өйткені, аудандар  жағдай оңып тұрған жоқ. Мысалы, Жылыой ауданында биылғы бірінші тоқсанда 400 сәби дүниеге келсе, тоғызының анасы баласына екпе салуға қарсы болған. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданындағы отыз екі отбасында ана-аналары қарсылық білдіріп, 52 балаға екпе салынбаған.Ал, Атырау қаласында өткен жылы екпеден бас тартқан 346 баланың ата-анасының қатарына биылғы үш айда  56 отбасы қосылып отыр. Атырау қаласы әкімдігінде арнайы құрылған топ осы сәуір айынан бастап үйлерді аралап, түсінік жұмыстарын бастап кетті. Жергілікті билік осындай шараның нәтижесінде екпеге қарсы шыққан отбасылардың санын 60 пайызға азайтамыз деп отыр.Нәтижесін уақыт көрсететін болады.


        Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______    ______              _____     ____    
       /_   _//  /_   _//     ___    |  ___||  |  _ \\  
         | ||     -| ||-     /   ||  | ||__    | |_| || 
        _| ||     _| ||_    | [] ||  | ||__    | .  //  
       /__//     /_____//    \__ ||  |_____||  |_|\_\\  
       `--`      `-----`      -|_||  `-----`   `-` --`  
                               `-`                      
      
       
      Наверх