22 сентября 2017, 17:46
      Қоғам 09.03.2017, 16:23 0 пікір 464 просмотров

      Полицей болу - тек ерлерге ғана тән емес

      Әдетте, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде әр салада аянбай еңбек етіп, қызмет пен отбасын қатар алып жүрген аяулы аналар, қыз-келіншектер мадақталып жатады. Солардың ішінде, әсіресе қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында ішкі істер органдарында шен тағып, шекпен киіп жүргендердің еңбегі ерен.   Біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін» I, II, III дәрежелі медальдарының, «Үздік қызметі үшін» төсбелгісінің,  Ішкі істер министрлігінің  Құрмет Грамоталарының, Атырау облыстық Мәслихатының Құрмет Грамотасының, Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің бірнеше дүркін  марапаттар иесі, полиция полковнигі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі – Гүлнәзира МҰХТАРОВА.


      Осынша марапатқа ие болу үшін уақытпен санаспай, сол салада тер төгу керектігі айтпаса да түсінікті шығар. «Тағдырымның маған жасаған сыйлығы мол. Көп балалы отбасында өстім. Дүниеге әкелген әкем Шәмкен Мұхтаров пен анам Мадина Қошқарқызы, мейірімді Шындық әжеміз біздер үшін асыл жандар едіОлар бізді өсірді, оқып, білім алуымызға мүмкіндік жасады. Ол үшін мәңгі қарыздармыз. Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жылдан астам ұстаз болған. Соғыста алған жарақат зардабынан 1992 жылы дүниеден өтті. Бүгінде анамыз Мадина  ұрпақ қызығына кенелген бақытты ана»,- дейді Гүлнәзира Шәмкенқызы бізбен әңгімесінде. Г.Шәмкенқызының бұл салаға келуі де қызық. Тағдыр айдап, ойламаған жерден ішкі істер саласынан бір-ақ шыққан.Сонау 1977 жылы мектептен соң Атырау қаласындағы медицина училищесіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Медбике болып жұмыс жасай жүріп, Атыраудағы педагогикалық институтты тәмамдайды. Ал, 1991 жылы ішкі істер басқармасының криминалистикалық бөліміне сарапшы-биолог болып қабылданады. Бүгінде ол облысымызда ең алғаш полковник шенін алған әйел-қызметкер марқұм Роза Иманованы сағынышпен еске алады. Өйткені, ол осы саладағы қызметінің алғашқы баспалдағын аттауға себепкер болған жан еді. 1995 жылдың мамыр айында сол кездегі облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне аға инспектор болып тағайындалғаннан бері осы қызметтің ыстық-суығына төзіп келеді. Г.Шәмкенқызының ішкі істер саласында жүрген 26 жылының жиырма жылдан астамы осы баспасөз қызметіне арналыпты. Осы жылдар ішінде әрдайым сапта жүретін сақшы қыз-келіншектердің атқаратын қызметінің рөлін, оның маңыздылығын тайға таңба басқандай біледі. Ал, қазіргі уақытта ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген жеке құрамның 300-ден астамы нәзік жандылар екен.

      - Әйел заты араласпайтын қызмет жоқ, қай мамандықта да әйелдердің  өзіндік алар орны бар. Қоғамдағы  полиция қызметкері мамандығы тек ер жігіттерге тән деген ұғым бүгінде мүлде өзгерген. Әрине, құқық пен қоғамдық тәртіпті мызғымай күзету ісін меңгеру - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер үшін оңай емес. Қызмет бабында бұзақылармен, қылмыскерлермен, түрлі жағдайға тап болған адамдармен бетпе-бет келетін жағдайлар кездеседі. Сөйте тұра,олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, сабырлы әйел, қамқор ана қалпын сақтап, ерлермен қатар иық тіресіп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде. Алдыңғы буын аналарымызды  еске алсақ,  облыста әйел-офицерлер арасында ең алғаш  полковник шенін алған Роза Фазылқызы Иманова, көп жыл қызмет атқарған Күләш Сайфуллина, Жібек Шолақова, Болған Тасмағанбетова, Роза Қаленова, Ажар Тағаниязова, Райса Кольчикова, Камила Қаженова, Дина Тлепова, Меңсұлу Сүлейменова,Клара Камеденова, Рысты Қойбақовалардың салып кеткен сара жолын бүгінде жас толқын жалғастырып келеді. Әйелдердің басым көпшілігі жергілікті полиция қызметінде, тергеу бөліністерінде, ақпараттық-аналитикалық, қаржымен қамту, құжаттамалық қамтамасыз ету  бөліністерінде  қызмет атқарады. Олардың  ішінде бөліп-жаратыны жоқ, барлығы да өз ісіне берілген, адал қызметкерлер. Басым  бөлігі ер-азаматтардан тұратын үлкен ұжымда  қызмет атқарғаннан соң, әйел екенімізді бір уақыт ұмытып кететінімізді айтпасқа болмас. Өйткені, бізде қызмет атқарып жүрген әйел, ең алдымен - офицер! Көп ретте қылмыс пен құқықбұзушылықтың, келеңсіз оқиғалардың алдын алып, ішкі тұрақтылықты сақтауға  мол үлес қосып жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлерінің жұмыстары көбіне көзге түсе бермейді. Талай кезеңде бастарын қауіп-қатерге тіккен олар,  өздерінің  табан астында  шешім қабылдаған  әрекеттерін ерлік деп емес, міндетім деп біледі, - дейді Г. Шәмкенқызы әріптестері жөнінде.

      Облыс айнасы

      Ұзақ жылдар бойы баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарып келе жатқан Гүлнәзира Шәмкенқызының кезінде облыстық радио мен телеарнада диктор болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол бүгінде облыстың айнасы. Республикалық телеарналардан өңірдегі қылмыстық ахуал жөнінде жиі ақпарат береді. Оның сөйлеу мәнеріне қызығушылық танытатындардың саны көп. Тек атыраулықтарға ғана емес, республикаға танымал департамент қызметкері дикторлыққа қалай келіп жүр?

      -«Кішкентай кезімнен әуезді ашық дауыстары еріксіз баурап, өн бойыңды ерекше сезімге бөлейтін дикторларды тыңдап, соларға еліктейтінмін. Қазақ радиосының  дикторы Сауық Жақанова апайдың дауыс ырғағына қызығатынмын. Әкеміз оқытушы, үйде газет-журнал-кітаптар көп болатын. Бөлмелердің әрқайсысында  радио  ілулі тұрушы еді.Әлі есімде, мектепте бастауыш сыныптарда жүріп,  қарт әжеме қазақ батырлары туралы ертегілерді мәнерлеп оқып беретінмін. Ал, студент кезімізде түрлі кештерге атсалысып, микрофонды қолыма алып жүргізуші болдым. 1984 жылы облыстық радио жариялаған  дикторлар байқауына қатысып, медицина қызметкері болып жұмыс жасай жүріп, кешкі уақытта радиоға диктор болып орналастым. Диктор болудың оңай емес екендігін сонда түсіндім. Себебі, радиодан айтылған әрбір сөзді сені тыңдап отырған мыңдаған адамның жүрегіне жететіндей етіп айтып, олардың көңілінен шығу оңай жұмыс емес.  Алғашында мен сол кездегі радио тілшісі Бақыт Қоянақова, диктор Маргарита Сушко, дауысы елге белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсайтын Қадыр Жүсіп сияқты ұстаздарымнан сабақ алдым.Ішкі істер саласында жүріпте, облыстық  телеарнаның негізгі  дикторы ұзақ мерзімге оқуға кеткенде шақырту алып, кешкілік тікелей эфирден жаңалықтарды оқып жүрдім. Сол кездердегі жинақталған тәжірибе шығар,бүгінде телекамера алдында өзімді еркін сезінемін.Қылмыстық оқиғаларды, полиция қызметіне қатысты хабарламаларды теледидар арқылы  нақты түрде көпшілікке жеткізудің де өз қиыншылықтары бар. Бірақ, оны ойдағыдай атқару көп жылғы тәжірибеге байланысты дер едім».

       

      Гүлнәзира Мұхтарова облыстағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Халықтың нақты мәліметті және қоғамдық резонанс тудыратындай оқыс оқиғалар немесе қылмыстық әрекеттер жөнінде ақпаратты дер кезінде алуы үшін оны ақпарат құралдарына таратып отырады. Яғни, әрі полицияның, әрі журналистің міндетін қатар атқарады. Оның айтуынша, қазіргі жергілікті  журналистердің қызметінде кемшін тұстар жоқ емес, бар. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы тез таралатын хабарлар, кей жағдайда тілшінің ойымен бұрмаланып жатады. Сондықтан жарияланатын ақпарат шынайы болуы үшін ресми дерек көзінен алынуы тиіс. Департаменттің баспасөз қызметі осындай олқылықты болдырмау үшін мониторинг жүргізіп отырады.

       

      Өнегелі отбасы

      Гүлнәзира Шәмкенқызының жолдасы Жұмажан Ермұхановпен отау құрғанына 38 жылдың жүзі болыпты. Жоғарыда айтылған тағдырдың мол сыйының бірі - осы отбасы болса керек. Дамылсыз қызметте, оның үстіне таусылмайтын іссапарларда жүрсе де, жарының қызметіне түсіністікпен қарайтын Жұжажан Өтенұлы ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет еткен. Бүгінде зейнеткер. Екеуі Роман, Еркебұлан атты екі ұл мен Диана есімді қыздарын өсіріп, тәлім-тәрбие берді. Балаларының барлығы да  өз алдарына отау құрып, өмірден өз орындарын тапты. Роман полиция подполковнигі болса, Еркебұлан жеке кәсіпкер. Қызметте қатал тәртіпті бірінші орынға қойғанмен, отбасында келіндеріне өнегелі ене атанып, бүгінде жолдасы екеуі Алтынбек, Малика, Амирхан, Медина, Алихан, Алдияр, Даниял есімді немерелерін бағып-қаққан асыл әже мен ата.

      Жалпы, отбасы – қай мамандықтың болмасын, қанатын қа­тайтып, өмірлік бағыт беретін қара шаңырағы. Одан қазақтың ерік-жігері, күш-қайраты мықты, адал әрі ержүрек ұр­пақ тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Себебі, бала ата-анасының өнегесін кө­ріп өседі. Сондықтан Гүлнәзира Шәмкенқызы елдегі тұрақтылық пен халық тыныштығын күзеткен полицейлер отбасынан түлеп ұшқан ұрпақтары да өздерінің жолын қуып жатса нұр үстіне нұр деп есептейді. Күнделікті қыз-қыз қайнап жататын жұмыс кезінде бір сәт бізбен әңгімелесуге уақыт тапқан кейіпкерімізді жылдың шуақ шашқан мезгілі- көктеммен қатар келген мерекесімен құттықтап, отбасына амандық, қызметте толағай табыс тіледік. 


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____      ___     ______    __   __    _____   
       |__  //    / _ \\  |      \\  \ \\/ //  /  ___|| 
         / //    | / \ || |  --  //   \ ` //  | // __   
        / //__   | \_/ || |  --  \\    | ||   | \\_\ || 
       /_____||   \___//  |______//    |_||    \____//  
       `-----`    `---`   `------`     `-`'     `---`   
                                                        
      
       
      Наверх