22 маусым 2017, 17:58
      Аймақ 24.11.2016, 15:14 0 пікір 296 просмотров

      Атыраулықтарды марқайтқан «Тәуелсіз Қазақстан»

      Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық акциясы аясында жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қараша айының 21-23 жұлдызы аралығында Атырау облысына ат басын тіреді. Әп- дегеннен, пойыз делегациясын ең алдыменен Мақат ауданында қарсылап алды. Бір айта кететіні, делегация құрамында 7 министрліктің, 1 ұлттық компанияның өкілдері бар. Олар бүгінге дейін 36 мың адаммен кездесіп, 7 жарым мың адамға медициналық көмек көрсеткен.  


      Аталмыш Мақат ауданы орталығы- Мақат кентінде аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев және ауылдың бір топ зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен жергілікті белсенділер қарсы алып, өздерінің ыстық ықыластарын білдірді. Негізінен мұнайшылар мен теміржолшылар тұрғындары болып есептелетін бұл ауданда пойыз қонақтары санаулы күн уақыт болғанымен, бірқатар шаруа тындырып үлгерді. Соның ішінде,  жегілікті тұрғындар маман- дәрігерлер көмегіне көбірек жүгінді. Қарапайым ресми мәліметтің өзіне сүйенсек, санаулы сағатта 18 дәрігерге 300- ден астам адам қаралып үлгерген. Бұдан кейін пойыз 22-сі күні жергілікті уақыт бойынша кешкі 21. 30- да Атырау темір жол вокзалына келіп тоқтады.

      Мұнда пойызды Атырау өңірінің темір жолшылары және басшылығы, облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқарма, бөлім басшылары мен өкілдері қарсы алды. Ал, негізгі күш, әрине, темір жолшыларға түскені түсінікті. Өйткені, жалаушалар, үрмелі шарлар ілінген Атырау темір жол вокзалы әп- сәтте сәнденіп шыға келген.

      Келген қонақтарды Атырау өңірінің темір жолшылары қазақтың игі дәстүрі бойынша ақ кұйып қарсы алып, дәм ұсынды. Ән айтылып, күй төгілді. Жыр шашылып, би биленді. Бұдан әрі атыраулықтарға қонақтар атынан пойыздағы штаб басшысы Әміржан Әлпейісов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды пікірін білдірді.

      -- Тәуелсіздік - кешегі бабалардың аманаты. Біз Махамбет пен Исатайдың еліне өркениетіміздің дамуында із қалдырған Жұмекен мен Фаризаның жеріне келгенімізге қуаныштымыз. Мұндағы мақсат: ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын ауылдан бастайық деген ой. Өйткені, ауыл дегенде алдымен батырлар мен небір даналар, Қазақстанның болашағы еске түседі. Біздің пойыз ауыл мен билік арасындағы алтын көпір тәрізді, - деген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов ел экономикасын көтеруде мемлекет бюджетінің 35 пайызын құрап отырған мұнайлы Атырау өңіріне алғысын жеткізді. Сондай- ақ, ол халықтың әлеуеті артып, келешекте де биік белестерді бағындыруына тілегін қосты.

      «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының Атырау қаласындағы 23 қарашадағы жұмыс сапары барысында төмендегідей шаралар ұйымдастырылды. 

       сағат 9.00-ден бастап теміржол госпиталі мен №3 қалалық емханада дәрігерлер халықты қабылдады; 

      - сағат 10.00 «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізілді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында бизнестік құқықтары мен мүдделері бойынша кеңестер берілді; 

      сағат 10.00 облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы бойынша, Кеңөзек ауылдық округінде оралмандар мәселесі бойынша, Д.Нұрпейісова атындағы академияда білім саласы бойынша кеңестер берілді; 

      сағат 10.00 облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде, жұмыспен қамту басқармасында келелі мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берілді. 

      Сондай-ақ, сағат 12.00- де «Назарбаев зияткерлік мектебінің» акт залында «Менің жетістіктерім – тәуелсіздіктің жетістіктері» тақырыбында жастар акциясы өтсе, сағат 16.30- да Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада «Қазақстанның 25 кереметі» атты тәуелсіздік жылдарындағы Атырау облысының жетістіктері туралы фильм көрсетілді.

      Одан бөлек, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы акциясына орай түрлі мәдени және қоғамдық, қайырымдылық іс-шаралар өткізіліп, тұрғындарға медициналық, әлеуметтік және құқықтық көмектер көрсетілді. Мәселен, жұртшылыққа жоғары дәрежелі дәрігерлер медициналық жәрдем көрсетсе, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру салалары бойынша да кеңестер берілді. Нақтырақ айтқанда, әр сала бойынша мамандар жергілікті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет заңдарына енгізілген өзгерістерге сай кеңестер беріп, тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстарға маңыздылық берді. Одан бөлек, осындай күрделі кезеңде елдің рухын көтеріп, халық арасында әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу, елдің өткенін зерделеп, бүгінін бағамдау мақсатында міндет арқалаған топ мүшелері қаламызда әр сала бойынша қызмет көрсетті. Заң шеңберінде азаматтардың ақпараттануын, құқықтық сауаттылығын жетілдіре түсу де маңызды. Осыған орай, заңгер мамандар халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудегі көкейде жүрген сұрақтарына түсінік берді.

      Мемлекет «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қолға алып, халық денсаулығын сақтау мақсатында жаңа жүйе мен заманауи технологиялардың игілігін көруде. Десек те, маман тапшылығы жергілікті халық денсаулығын сақтаудағы жұмыстарға кеңес беру, осы бағытта қолдау көрсетуді қажет етеді. Осыған орай, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы құрамында дәрігерлік қабылдау шараларын ұйымдастыру мен мамандар кеңесін алудың да мүмкіндігі туғызылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, "Темір жол госпиталі" АҚ мен қаладағы №3-ші емханада қабылдау өткізген 18 дәрігер-маман 341 атыраулықтарды қабылдап, қызмет көрсетсе, олардың 110-ы балалар болды.

      23-ші қараша күні халықтың алғысын арқалап, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Маңғыстау стансасына қарай жол тартты. Сәт сапар тілеген атыраулықтар, «Қазақстан Темір жолы» АҚ қолдауымен өтіп жатқан бұл шараның жалғасы жақсылыққа ұлассын деп, бір марқайып қалды!


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      фотоларды түсірген автор

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   _      ___      ______   __   __    _  __  
      | || | ||   / _ \\   /_____//  \ \\/ //  | |/ // 
      | '--' ||  | / \ ||  `____ `    \ ` //   | ' //  
      | .--. ||  | \_/ ||  /___//      | ||    | . \\  
      |_|| |_||   \___//   `__ `       |_||    |_|\_\\ 
      `-`  `-`    `---`    /_//        `-`'    `-` --` 
                           `-`                         
      
       
      Наверх