17 тамыз 2017, 21:24
      Қоғам 18.11.2016, 12:25 0 пікір 1159 просмотров

      АТА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ...

      Кейде тіршілік тауқыметімен жүріп, маңызды нәрселерді естен шығарып алатын немесе сол шешуші сәттер әбден тақалғанда барып әрекет ететін кезіміз әркімде де кездесетінін мойындаймыз ғой. Бірақ, сол маңызды мәселе жадыңнан шықпағаны былай тұрсын, санаңда ылғи жаңғырып тұратыны белгілі. Бұның барлығын атойлап, «айғайға басып» айтып жүрмегеніңмен, кейде реті келгенде жұртшылыққа жариялап, жақсыны жамағатқа жеткізуге асығатының тағы бар...

      Мына күз мен үшін сондай ерекше кездердің бірі де бірегейі. Өйткені, бұл- атам Қабдыраш Төремұратовтың туғанына 100 жыл толатын мерейлі шақ! Ұрпағы ретінде менің де осы ардақты жанның рухы алдында есеп беріп, оның жұрт есіндегі елеулі шақтарын кейінгілерге сабақ болсын, үлгі алсын деп жария ететін кезім! Ендеше, атамның алдына келгендей, рухына тағзым ете, есеп беріп көрейінші...

      Мен де, Ата, отыздан асып барамын. Не бітірдім, не үлгердім дейтін сауалға келсем, Сіздің ел мен Отан, отбасы мен ағайын- туыс алдында атқарған абыройлы істеріңізбен салыстыратындай шаруа атқара алғаным шамалы. Бірақ, ең алдыменен, Сіздің ұрпақтарыңызға, оның ішінде менің әкем- Дүйсенғалиға берген өнеге - өсиеттеріңізді барынша орындауға тырысып келемін! Сіздің де, әкем Дүйсенғалидың да рухы алдында адал, парасатты болуға барымды салып келемін. Бұған дәлел беремін деп тырыспаймын, өйткені, сізден тараған ұрпақ басқаша өмір сүруге қақымыз жоқ деп білем. Дәл сіздей отаны үшін жанқиярлықпен адал болған жанның өзге перзенттері де солай болуға тиісті деп те есептеймін.

      Жастайыңыздан өмірдің ащысы кермек дәмін алдыңызға молдау тосып, әкеден бір жасыңызда, анадан екі жасыңызда қалғаныңызбен, тәрбие көрмеген, тәлім алмаған жетесіз атанбадыңыз. Елмен бірге есейдіңіз, ел көрген қиындықты бірге кештіңіз, елмен бірге өсіп- өркендедіңіз.

      Сол елмен бірге қиындықты бірге кештіңіз дегенде, ең алдыменен, 7 сыныптық біліммен және алты айлық есепшілік курстан алған тәліміңізбен осы өңірдегі шаруашылықтардың қам- қарекетіне бел шеше араласып кеттіңіз. Ашаршылықты басынан өткерген, шаруашылық біткен енді құрылып жатқан шақта, қарақан басының қамын күйттемей, ортақ іске өзгелермен бірге кірісіп кеттіңіз. Есбол топырағының өзге естияр азаматтарымен бірге өңірдің аяғынан тік тұруына күш салдыңыз. Сол Есбол өңірінің Гребенщик ауылының кеңесіне төраға болдыңыз. Қазіргідей кім көрінген би болған заман емес, сол кезде ортаны шыныменен де жұртшылыққа сыйлы адамдар басқарғанын бағамдасақ, жастайыңыздан абырой- беделден кенде болмағаныңызды ұқтық.

      Ел басына нәубет төніп, соғыс басталған тұста- ақ, аудандық жер-су бөлімінде нұсқаушы, комсомол хатшысы едіңіз. Соны арқау етіп, елде қалып қоюыңызға әбден болатын еді, ал, Сіз өз арызыңызбен майдан даласына алғашқылардың бірі болып аттандыңыз. Герман фашизміне қарсы соғыстан кейін жапон милитаристеріне қарсы соғысқа да қатысып, ел алдындағы борышыңызды абыроймен ақтап шықтыңыз.

      1946 жылы елге үшінші топтағы мүгедек болып оралдыңыз. Соған қарамастан, қайтадан қызу еңбектің бел ортасынан көрініп, соғыстан зардап шеккен елдің еңсесін көтеруге бір кісідей атсалысқаныңызды бүгінгі жүрт әлі де аңыз етіп айтып жүр. Аңыз демекші, сіздің ең алдыменен, өзіңізге, содан кейін өзгелерге қатаң талап қоя білетіндігіңіз бүгінде жыр болып тарап, үлгі ретінде алға тартылады. Себебі, жалғандыққа жаныңыздың қас болғанын ортаңыз әлдеқашан-ақ мойындап тастаған. Сол үшін де Сізді ауыл- аймақ, ағайын- туыс қадірлеген, құрмет тұтқан. Мысалы, сіздің көзіңізді көріп қалған, 1940-1974 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқарған ағарту ісінің үздігі Мәрия Тәменова әжеміз былай деп сіз туралы естелік айтады: «Ағай тұрмыста қарапайым, көпшіл жан еді. Мұқтаждарға көмектесуге асық болатын. Ал, өзінің қызметіне келгенде өте мұқият, тәртібі қатаң- тұғын. Өте шыншыл, артық сөзді білмейтін, бірбеткей басшы еді. Ел Қабдыраш ағаны ықтасын деп білетін, әділ, әрі адал деп бағалады». Міне, осындай естелік кез-келген адам туралы айтылмайтыны да түсінікті. Біз осыны да мақтан етеміз!

        Индер ауданындағы бірнеше ұжымдарды басқарғаныңыз, сол елге сыйлы болуыңыздың, өз ісіңіздің білгірі болғаныңыздың, азаматтық парасат- пайымыңыз жоғары болғандыңыздың айғағы деп білеміз.  Мұрағат парақтарына назар салсақ, 1946-1948 жылдары «Красин» колхозында басқарма басшысының орынбасарынан бастап, 1948-1950 жылдары «Передовик» колхозында төраға, 1950-1954 жылдары «Красный Октябрь» колхозына басшылық жасадыңыз. 1954-1963 жылдары Гребенщик селолық кеңесінің төрағасы, 1963-1973 жылдары Горы селолық кеңесінің төрағасы қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарғаныңызды ел аңыз етіп айтып жүр...

      Ел бағасына сәйкесті, сол кездегі өкімет орындары да сізді нақтылы бағалады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, Гурьев облысы партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен қос мәрте марапатталғаныңызды да тарих беттері айғақтайды. Облыстық партия комитетінің және облыстық атқару комитетінің Құрмет кітабына есіміңіз алтын әріппен жазылып тұр. Бірнеше мәрте аудандық атқару кеңесінің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болғандығыңызды да бұл күнде сіздің тәлім- тәрбиеңізді көрген ағайындар біледі.

      Зейнеткерлікке шыққан соң да, сіз мекеме басқарып, жастарға тәлім- тәрбие бердіңіз, жинақталған тәжірибемен бөлістіңіз. Ел- жұртыңыз Сіздің осынау үлгілі де ұлағатты өміріңізді өскелең ұрпаққа тәрбие болсын, замандастар мақтансын, кейінгілер жадында ұстасын деген бағытта есіміңізбен Гребенщик ауылындағы бір көшені атады. Бұл Сіз және Сіздің замандастарыңыз елге сыйлаған Ұлы Жеңістің 50 жылдық  мерейтойы қарсаңында жүзеге асты. Сіздің ұлыңыз Дүйсенғалидың отбасының шаңырағы есіміңізбен аталатын көшеде тұруының өзін ұрпақтарыңыз- біз ерекше мақтан тұтамыз, бізге артылған міндет пен жауапкершілік деп есептейміз! Бүгінгі сіздің рухыңызбен сұхбаттасуымның басты мәні осы жауапкершілік жүгін ерекше түсінгенде жатқан болар деп пайымдаймын іштей!

      Ал, Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай, Өзіңіз 16 жыл тұрып кеткен Елтай ауылындағы үйге де мемориалдық тақта орнатылды. Бұл да сол мақтаныш пен жауапкершілік жүгі қоса шапқан көңілдің төрінде атой салған қуаныштардың бірі.

      Өміріңіздегі ерекше назар аударған жәйттің бірі де бірегейі- ұрпақ тәрбиесі деп білдіңіз. Өзіңіздің соңыңыздан тәлім- тәрбие көрген, білімді ұрпақ қалдырдыңыз. Әжеміз Аққалжан екеуіңіз 9 ұл мен қыз тәрбиелеп, өсірдіңіз. Әжеміз де өзіңіз секілді, отбасымен бірге Отан алдындағы перзенттік борышын еш уақыт ұмытқан емес. Яғни, Өкімет пен үйдің шаруасын қатар алып жүре білген, Ұлы Жеңістің 50, 60 жылдық мерекелік медальдарымен, ардақты ана ретінде «Алтын алқамен» марапатталған адам. Міне, осындай жанмен Сіз ортасына сыйлы, ағайынға қадірлі ұрпақ тәрбиелей білгендіңіз үшін де біз үшін қадірлісіз. Өйткені, Сіз берген тәлім- тәрбие ұл- қыздарыңыз арқылы бізге жетті, қанымызға сіңді, бойымызға бітті. Сіздің ұлыңыз Дүйсенғали бүкіл болмыс- бітімімен берген өнегеңізді бізге жеткізе білді, түсіндіріп өтті. Отан мен отбасына деген адалдықты, ағайын- туысқа деген қамқорлық пен ізгілікті таратқан Сіздің өсиетіңізді ұлыңыз Дүйсенғали бізге өмірден кете- кеткенше бойтұмардай ұстауға аманат етіп кетті, өмірлік ұстаным етуге тапсырды. Сол бағыттан қадер- қалімізше айнымауға тырысып келеміз, әлі де сіз салған өмір жолындағы дара соқпақпен келе жатқанымызды да айтқым келеді. Бұл ең алдыменен Сіздің рухыңызға бас игеніміз, ата мен әке абыройын асқақтату деп түсінген абзал! Бабалар жолымен ұрпағы жүрген, қасиетті қазақ деген ұлттың ұрпақ сабақтастығы осылай жалғасып, әр перзент ең алдыменен парыз бен борыш, аманат пен адалдық деген ұстанымды осылай жалғастырады деген сенім мол. Сіздер салған тура жол, бізді де, бізден кейінгілерді де адастырмайды деп сенемін!..


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

      Атырау ОБЛЫСЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  _      ___      ______   __   __            
       | \| ||   / _ \\   /_   _//  \ \\/ //   ____    
       |  ' ||  | / \ ||    | ||     \ ` //   |    \\  
       | .  ||  | \_/ ||   _| ||      | ||    | [] ||  
       |_|\_||   \___//   /__//       |_||    |  __//  
       `-` -`    `---`    `--`        `-`'    |_|`-`   
                                              `-`      
      
       
      Наверх