29 наурыз 2017, 17:14
      Экономика 10.11.2016, 14:50 0 пікір 577 просмотров

      Ұлттық валюта – экономикалық өзгерістердің негізі

       Тәуелсіздік алған еліміздің ең бір айрықша белгісі - ұлттық валютамыз. Айта кету керек, төл теңгеміз төлем құралына айналғалы ел экономикасын тұрақтандыруда ықпалы зор болды. Және бола бермек. Тіпті, соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысына да теңгеміз төтеп беруде. Демек, ұлттық валюта - ұлт тәуелсіздігінің негізгі көр­сет­кіш­терінің бірі болғандықтан, теңге күні тәуелсіз еліміздің елеулі мере­кесі ретінде аталып келеді. Осы мереке қарсаңында біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВПЕН  сұхбаттасқан едік.  


       

      - Қозыбақ Әбуұлы, әңгімемізді теңгенің тарихынан бастасақ...

      - Әлбетте, кез келген мемлекеттің тарихы оның бір-ақ рет енгізілетін ұлттық валютасының тарихынан басталады. Ұлттық валюта - егемен елдің нарықтық қатынастарын және экономикалық тәуелсіздігін дамытудың негізгі шарттарының бірі. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің тарихы 1993 жылғы 15 қарашадан басталды. Кеңестік рубльден ұлттық теңгеге көшу Қазақстанға көрші елдің эмиссиялық орталығынан тәуелсіз өзіндік ақша-кредит және экономикалық саясатты жүргізуге мүмкіндік берді.  Айта кету керек, теңгенің қалыптасуының алғашқы жылдарында Ұлттық банк пен Үкімет үшін бірінші кезектегі міндет инфляцияны біртіндеп түсіру және өндірісті қалыпқа келтіру болатын. Осы мәселелерді шешу мақсатында жоғары талапты макроэкономикалық саясатты жүргізуге бағыт алынды. Бұл саясат жылдық инфляцияны 1992 жылғы 2500 пайыздан 1998 жылы 1,9 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Рас, егемендік алған жылдары Қазақстан көптеген сынақты бастан кешірді. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып табылады. Биылғы жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл біздің елге деген, еліміздің сындарлы саясатына деген құрмет. Биыл 15 қарашада еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің бірден бір кепілі ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгеніне 23 жыл толады. Сол тарихи күннен бастап еліміздің қаржы  жүйесінің қалыптасуы төл валютамызға негізделген мемлекеттің ақша-несие саясатының жоғары нәтижесінің сенімді дәлелі екені белгілі.

       

      -Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта теңгенің тұрақтылығы халықты алаңдататыны рас. Сіздің ойыңызша, тұрғындардың ұлттық валютаға деген сенімі қандай? Мысалы, банк секторында теңгедегі салымдарда өзгеріс бар ма?

       

      -Жалпы, қаржы жүйесінің шешуші компоненттерінің  бірі - банк секторы. Осы ретте Атырау облысында екінші деңгейдегі банктердің 23 филиалы мен 75 жеке үй-жайы қызмет етеді. Сонымен қатар, 117 айырбастау пункті, заңды және жеке тұлғаларға микрокредиттер ұсынатын 3 микроқаржы ұйымы жұмыс жасайды. Бұл облыс тұрғындары мен заңды тұлғаларды банктік қызмет көрсетудің жоғары деңгейімен қамтамасыз етуге, оларға банк қызметтері мен өнімдерінің барлық спектрін  ұсынуға мүмкіндік береді. Ширек ғасырға жуық мерзім ішінде теңгенің жинақтау ролінің,  соның ішінде банктік депозиттер түрінде  айтарлықтай өскендігі байқалады. Мәселен, осы жылғы 1 қазанға екінші деңгейдегі банктер филиалдарындағы салымдар өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, көрсеткіш 295 млрд. теңгеден асты. Аймақ экономикасында теңгедегі активтерге сенімнің жоғарылығының және депозиттердің долларлануының төмендеуінің оң үрдісі орын алып отыр. Халықтың және кәсіпорындардың қандай да бір валютаға деген басымдық беруі өзгеріп, теңгедегі салымдардың қарқынды өсуі байқалады. Ағымдағы жылғы тоғыз айда банк филиалдарымен тартылған 2 триллиондай теңгенің 65 пайызы ұлттық валютадағы депозиттерге, отыз бес пайызы шетел валютасына тиесілі. Бұған ҚР Ұлттық Банкімен теңгедегі құралдардың тартымдылығын арттыру бойынша алынған шаралар себеп болып отыр.

       

      -Бүгінгі күні облыстағы несие нарығының ахуалы қандай? Әсіресе, қолма - қол ақшасыз төлемдер саны қаншалықты ұлғайып отыр?

       

      -Облыстың несие нарығына келетін болсақ, 2016 жылдың тоғыз айында облыстың банк филиалдарымен берілген 140,3 млрд. теңге несиенің 84 пайызы ұлттық валютаға тиесілі. Мемлекет саясатының басымдықтарының бірі шағын кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Бұған біраз жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу мәселелерінде банктердің белсенділігі ықпал етеді. Ағымдағы жылғы тоғыз айда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер өткен жылғы тиісті кезең көрсеткішінен 36 пайызға артып, 25,8 млрд. теңгені құрады. Облыста төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отыр. Ағымдағы жылғы тоғыз айдың көрсеткіштері облыста қолма-қол ақшасыз төлемдердің ұлғайып отырғандығының куәсі. Мәселен, қаңтар-қыркүйекте төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер саны мен сомасы өткен жылғы сәйкес көрсеткішпен салыстырғанда тиісінше 1,3 және 1,6  есеге өскен. Қолма-кол ақшасыз төлемдер санының ұлғаюы банкоматтардың функционалдық мүмкіндіктерінің дамуына, сауда және басқа да халыққа қызмет көрсету орындарында POS-терминалдар санының өткен жылға қарағанда 37 пайыздайға өсуіне, сондай-ақ нарықта қолма-кол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыратын банктік киоскілердің (66) пайда болуына байланысты. Осы орайда облыстың 598 мыңнан астам халқына айналымдағы төлем карточкаларының саны 584 мың бірлікті құрайды. Яғни, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін төлем карточкасын пайдаланады деуге болады.

       

       

      -Қозыбақ Әбуұлы, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында облыста қандай шаралар атқарылып жатыр?

       

      - Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан қаржылық қызметтерге деген сұраныстың өсуіне байланысты оларды, яғни тұтынушылардың құқығын қорғау басты мәселелердің бірі. Сол себепті Ұлттық Банк филиалында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстар іске асырылады.  2016 жылғы тоғыз айда ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жеке тұлғалардың – 133,  заңды тұлғалардың 12 өтініштері қаралып, қорытындысы бойынша филиалға берілген өкілеттіктер шегінде тиісті шаралар алынды.

       

      - Бұдан басқа Ұлттық банк филиалымен қандай маңызды жұмыстар жасалуда?

       

      - Еліміздің төлем балансын қалыптастыруға ҚР Ұлттық Банкі жауапты болғандықтан бастапқы мәліметтерді жинау, өңдеу міндетін оның филиалдары атқарады. 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мекемелердің аумақтық регистрінде сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын төлем балансы бойынша есеп беретін шаруашылық субъектілерінің саны 807-ні құрады. Экономикаға әртүрлі факторлардың әсерін шұғыл анықтау және мемлекеттің ақша-кредит саясатын бұдан  әрі жетілдіру мақсатында экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингі жүзеге асырылады. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша экономиканың нақты секторы мекемелерінің мониторингіне облыстың 212 шаруашылық субъектісі қатысты. Бұл ел бойынша қатысушылардың жалпы санының 7,5 пайызын құрайды. Жоғарыда айтылған жетістіктер банк саласының қарқынды істерінің бір ғана көрінісі. Бұл жерде мамандардың ізденістері мен кәсіби шеберліктерінің нәтижесі орасан деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте ұлттық валютамыз – теңге күні қарсаңында облыстың барлық банк қызметкерлерін, қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ел экономикасының қаржылық әлеуетін дамыту мен нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тілейміз.  Сонымен қатар, 1993 жылы облыс көлемінде теңгені айналысқа енгізуге тікелей қатысып, еңбек сіңірген ардагерлерімізге мереке қарсаңында мықты денсаулық, отбастарына амандық пен молшылық тілейміз.

      -Сұхбатыңызға рахмет!


      Гүлзада Қожабергенқызы

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____       ___     _    _      ___      _____   
       |  _ \\    / _ \\  | \  / ||   / _ \\   /  ___|| 
       | |_| ||  / //\ \\ |  \/  ||  | / \ || | // __   
       | .  //  |  ___  ||| .  . ||  | \_/ || | \\_\ || 
       |_|\_\\  |_||  |_|||_|\/|_||   \___//   \____//  
       `-` --`  `-`   `-` `-`  `-`    `---`     `---`   
                                                        
      
       
      Наверх