20 тамыз 2017, 15:50
      Қоғам 05.10.2016, 15:49 0 пікір 658 просмотров

      Б.ӘБДЕШЕВ: «Ана тіліміздің әлеуеті орасан зор»

      Тәуелсіздік алған осынау 25 жылда еліміз қарқынды дамып келеді. Егемен елімізде ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі биік, мерейі әркез үстем. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ тілінің өркендеуі, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Үш тұғырлы тіл» саясаты төңірегінде «Мұнайлы Астана» газеті тілшісі Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Баязи Әбдешевпен әңгімелесті.

      Тілші: - Биыл Қазақстан өзінің тарихындағы маңызды меже – мемлекет Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде. Егемен ел болып қалыптасуымыздың экономикалық, саяси, әскери, әкімшілік, заңнамалық, басқа да факторлары туралы қанықпыз. Ал, егемен еліміздің дамуының тілмен байланысы жөнінде пікіріңіз қандай?              

      Б.Әбдешев: - Тәуелсіздік қазақстандық қоғамның, ұлтымыздың өз мүддесіне сай келетін жолмен тұрақты дамуына мүмкіндік берді, әлемдік қауымдастықтың қатарына енуге жол ашты.

      Бүгінде, уақытша қиындықтарға қарамастан Қазақстан экономикалық,  әлеуметтік, саяси жаңғыру жолымен орнықты дамып келеді.

      Алайда, даму деген кең ұғым – «мынандай жылы бәлендей пайыз, тонна, шақырымды игеру» деген жалаң көрсеткішпен шектелмейді. Даму, алдымен, ұлттың жалпыға ортақ бір мақсат қойып, сол мақсатқа бір кісідей ұмтылу процесі. Яғни, ұлттық идея қажет. Қазір осындай ұлтты біріктіруші мақсат ретінде «Мәңгілік ел» идеясы ұсынылып отыр. Әрине, бір сұхбатта газет бетінде бұл идеяны ашып айту мүмкін емес. Тек айтарым, мұндай ауқымды жобаны тек рухы биік халық қана жүзеге асыра алады. Ал, халықтың рухани болмысының тірегі – тіл екені сөзсіз. Жалпы, қай мемлекеттің де өміршеңдігін қамтамасыз ететін факторлардың көпшілігі – өткінші. Шекаралар өзгеріп жатады, салынған зауыттар тозады, заңдар қайта жазылады, армия қайта құрылады, валюталық қор көбейіп те, азайып та жатады. Қандай жағдайда да өзгермейтін, ұлтты ұлт қылып ұстайтын бір ғана фактор – бұл тіл. Ана тілін сақтаған халық ғана ұлттық болмысын жоғалтпай, кезі келгенде, өзінің мемлекетін құрады. 

      Қазақ біраз уақыт мемлекеттігінен айрылғанымен, елдігін жоғалтқан емес. Бұған себеп болған басты фактор – тіл. Соның арқасында, 1991 жылы – күрделі геосаяси процесс кезінде көсемдеріміз тарихтың мың жылда бір беретін ыңғайлы сәтін ұтымды пайдаланып, тәуелсіздік алдық. Ал, тілін жоғалтқан, соның салдарынан рухын жоғалтқан ұлт мұндай сәттердің жүзін, мыңын да пайдалана алмас еді. Себебі, ондай қоғамда «егемен ел болайық» деген ұмтылыс туындамайды.

      Ендеше, Тәуелсіздік ана тіліміздің өркендеуіне орасан зор мүмкіндік берді десек, Тәуелсіздікке қол жеткізудегі тілдің де рөлі соншалықты деп айтуға әбден болады. Сондықтан, менің ойымша, «тіл» және «тәуелсіздік» - егіз ұғым. Жаһандану заманында әркімнің саяси, идеологиялық рухани шылауында мәңгүрт болып кетпей, өзіндік бағыты, мақсаты, мүддесі бар ел ретінде дамуымыз да рухани әлеуетімізді сақтап қалуымызға тікелей тәуелді. Ал, руханияттың іргетасы – тіл. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің баянды болуын болашақта да тілмен байланыстырамын.

       

      Тілші: - Тіл саласындағы аса маңызды құжат - Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Аталған бағдарламаның Атырау облысы бойынша орындалысы қалай?

      Б.Әбдешев: - Мемлекеттік бағдарлама негізінде құрылған, тілдерді дамыту мен қолданудың облыстық іс-шаралар жоспары облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіліп, рет- ретімен іске асырылуда. Осыған қысқаша ғана тоқтала кетейін.

      Алдымен, облыстың жергілікті басқару жүйесінде мемлекеттік тіл толық көлемде қолданылып отыр. Бұл – іс жүргізу, жергілікті атқарушы органдардың нормативтік – құқықтық құжаттарын дайындау, ресми шараларды өткізу – барлығына да қатысты.   Мұны қалыпты жағдай деп есептеймін. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуы, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі -  міндет. Оның үстіне, «қазақ қазақша білмейді» деген мәселе Атырау өңіріне тән емес.

      Дегенмен, азаматтардың, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің, бюджет саласы қызметкерлерінің мемлекеттік тіл білігін объективті бағалайтын критерийлер болуы керек. Осыған орай, азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ өткізіліп келеді. Күні бүгінге 6700-ге жуық адам қамтылды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері бар.

      Мемекеттік тілді жетік білу міндеті – тек мемлекеттік орган қызметкерлеріне ғана қойылмайды.   Талап қойып, түсінік беріп, нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, меншік түріне қарамастан халықпен жұмыс істейтін барлық нысандардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуіне қол жеткіздік. Сонымен қатар, олар орыс тілінде, бірқатары тіпті ағылшын тілінде де қызмет көрсете алады.

      Қазіргі кезде тексеру жүргізу тәртібін реттейтін заңнамаға тиісті өзгерістер, толықтырулар енгізілуде. Осыған байланысты ресми түрде тексеру жұмыстары жүргізілген жоқ. Дегенмен, облыстық басқарма 2015 жылы 7 аумақтық департамент, инспекцияда, бірқатар ірі кәсіпорындарда «Тіл туралы» Заңның орындалысын зерделеді:  «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Атырау филиалы, «Ембімұнайгаз» Акционерлік қоғамы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» Акционерлік қоғамы Атырау магистралды газ құбырлары басқармасы,  «Қазтрансойл» Акционерлік қоғамы Батыс филиалы. 2016 жылы 1-ші жартысында мұнай-газ саласында қызмет ететін «Теңізшевройл» ЖШС, «Сазанқұрақ» ЖШС, «Қожан» АҚ, «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау»   ЖШС сияқты  4 ірі             кәсіпорында ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалуы зерттелді және оларға іс жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.

      Сондай-ақ тілді насихатттап, тіл саясатын жүзеге асыру үшін түрлі шаралар өткізілуде. Басымдылық, әрине, мемлекеттік тілге беріледі. Қазақ тілін меңгерген түрлі этнос жастарының арасындағы «Абай оқулары» байқауы,  орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» байқауы тұрақты түрде өтеді.

      Сонымен қатар, «тілдердің үштұғырлығы» қағидатын жүзеге асыру мәселесі де назарда ұсталып отыр. Мәселен, қазақ жастары арасындағы орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» байқауы өткізіліп келеді. Қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгерген жастардың арасындағы «Тілдарын» олимпиадасы мен «Тіл шебері» байқауы өткізіліп келеді. Облыстың өкілдері республикалық байқауларға да белсенді қатысып жүр. Өткен жылы Атыраудан барған 4 сайыскер жүлделі орынға ие болды. Биыл 7 адам республикалық конкурстарға қатысады.

      Көптілділік мәселесіне арналған семинарлар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, басқа да шаралар ұйымдастырылады. 

      Барлығы, 2015 жылы  және ағымдағы жылдың 1-ші жартысында облыстық деңгейде, қалалық, аудандық деңгейде, ұйым, мекеме, кәсіпорындарда мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға, жүзеге асыруға бағытталған  1050-ге жуық мәдени-бұқаралық, әдістемелік, танымдық шаралар өткізілді.

      Мәселен, тек 2015 жылы 845     мәдени-бұқаралық,    танымдық,    әдістемелік шаралар ұйымдастырылды.

      Бұл жерде, тілдік шаралар Тіл басқармасы, тіл бөлімдерімен шектелмей, басқа да мемлекеттік органдар, жетекші оқу орындары, құқық қорғау органдары, әскери құрылымдар, өндіріс саласы қамтылып, ірі отандық және шетелдік компаниялар тартылып отырғанын айта кеткім келеді.             Мәселен, біздің ұсынысымызбен жоғары оқу орындарында,  Ішкі істер департаментінде, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері  қолбасшысы басқармасында, Әділет  департаментінде, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде, отандық кәсіпорындар - «Қазақтелеком» АҚ-ы Атырау филиалында, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Атырау» магистралды газ құбырлары басқармасында, шетелдік және бірлескен кәсіпорындар - «Теңізшевройл» ЖШС біріккен кәсіпорнында, «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (Аджип ҚКО) қазақ тілін дамыту бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, орындалуда.          

      Маңызды мәселе – ересек адамдарға тілдерді оқыту. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқыту облыс әкімі аппараты жанындағы «Мемлекеттік қызметшілерді қайда даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерге оқыту өңірлік орталығы» КМҚК арқылы жүзеге асырылады. Бұл орталықтың қазақ тіліне оқыту әдістемесі «Қазтест» стандарттарына сәйкес жасақталған.

      2015 жылы және 2016 жылдың бірінші жартысында аталмыш орталықта 427 адам қазақ тілі, 51 адам орыс тілі, 157 адам ағылшын тілі курстарында оқып шықты.

      Ересек адамдарға тілдерді оқытумен жекеменшік лингвистикалық орталықтар да айналысып келеді. Осы жылдың басында тілдерді оқытумен айналысатын 22 жекеменшік оқу орталығы бар деген мәлімет алынды.

      Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін келесідей    мәліметтерден көруге болады: әлеуметтік зерттеу қорытындысымен облыс халқының 96,9 пайызы түрлі деңгейде (еркін, жақсы, орташа деңгейде) қазақ тілін, 92,0 пайызы орыс тілін, 10,1 пайызы ағылшын тілін меңгерген деген мәлімет алынып отыр. Қазақ тілін меңгергендердің үлесінің жоғары болуы табиғи нәрсе – Атырау баяғыдан қазағы қалың жер. Ал, ағылшын тілін білетіндер бір қарағанда аз көрінер. Бірақ, салыстырмалы түрде қарасақ 2013 жыл мен 2015 жыл аралығында бұл көрсеткіш 6.3 пайыздан 10,1 пайызға дейін өскен екен, яғни оң динамика бар. Сондықтан, қазақ тілі жетекші рөл атқаратын үш тілді ортаны қалыптастыруға Атырауда жақсы мүмкіндік бар.

       

      Тілші: -  Үш тілді меңгеру дегеннен шығады, «тілдердің үштұғырлығы» жобасы туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Басқа тілдерді қатар пайдалану қазақ тіліне қауіп туғызады деп ойламайсыз ба ?

      Б.Әбдешев: - Алдымен айтарым – үштілділіктің мәні басқа тілдерді қазақ тілімен қатар пайдалану емес, қазақ тіліне қоса, қосымша пайдалану. Қазақ тілінің Конституциямен, заңмен айқындалған тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Ол заң тек мемлекеттік органдарда ғана емес, өмірдің барлық саласында қазақ тілін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

      Жалпы, мемлекеттік бағдарламада болсын, Президенттің Жолдауларында болсын, мемлекеттік тілді дамытуға басымдылық беріліп отырғанын байқаймыз. Қазақ тілі бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін фактор ретінде қаралып отыр. Сондықтан, тәуелсіз елімізде ана тіліміздің ертеңі жарқын екеніне сенімдімін. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзі осыны аңғартса керек.

      Ең алдымен, мемлекеттік тілді қолдану – шарт. Ал, өзге тілдердің өзіндік маңызы бар, соны керегінше пайдалану жөн.

      Орыс тілі – білім-ғылымды, әлеуметтік әлеуетімізді, саяси жүйемізді дамытуда үлкен рөл атқарғанын жоққа шығаруға болмас. Ғасырлар қойнауына алып кетер әлемдік мәдениет, тарих, әдебиет, саясат, экономика атаулының бәріне әлі де орыс тілі арқылы қол жеткізуге болады.

      Ағылшын тілі – қазақстандықтарды әлемдік деңгейге шығаратын тіл, бәсекеге қабілетті қылатын құрал.

      Түйіндеме: қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы бола береді.

       

      Тілші: -  Жұртшылық қызығушылық танытатын, өзекті мәселенің бірі – ономастика, ат қою, қайта атау жұмыстары. Осы саладағы ахуалды сипаттап өтсеңіз.

      Б.Әбдешев: - Өте орынды сауал. Шынында,  тарихтың қыр-сыры көп жағдайда атаулармен ашылады. Ономастика, атаулар халықтың тарихымен, тағдырмен тамырлас ұғым деп айтуға болады.

      Тәуелсіздік жылдарындағы ономастикалық жұмыстың мәнін бір сөзбен сипаттасақ - отаршылық кезең мен тоталитарлық қоғамнан қалған атаулардан арылу, ұлттық ономастикалық кеңістік қалыптастыру дер едім.

      Алысқа бармай, Атырау өңіріне тоқталсақ, осы жылдары ұлттық атауларға басымдық беріліп, ерлігімен, талантымен, өнерімен тарихта із қалдырған ұлы тұлғалардың, өлкеміздің дамуына еңбегі сіңген азаматтардың есімдері ұлығыланды.

      Мәселен, күй атасы – Құрманғазының, Исатай сынды батырдың, жалынды ақын Махамбеттің есімдерін тұтас бір аудандар иеленді. Атыраудың ардақтылары Дәулеткерейдің, Бейбарыс сұлтанның, Жұмекен Нәжімеденовтің, Хамит Ерғалиевтің, Бала Ораздың, Мақаш правительдің есімдері ауылдарға берілді.

      Бірқатар білім беру, мәдениет нысандары Жұбан Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Смағұл Көшекбаев, Шаймардан Сариев, Фариза Оңғарсынова, Бержан Қанатбаев, Ораз Сарғұнанов, Сүлеймен Қарабалин, Саламат Мұқашев сияқты республикаға танымал және Атырауға еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен аталды.

      Тек, тіл басқармасы құрылған 2005 жылдан бері 25 елді мекен, 8 ауылдық округ, 1682 (соның ішінде:  608 сандық атаулар)  көше, даңғыл, басқа да геонимдер қайта аталды, жаңа атауға ие болды немесе транскрипциясы нақтыланды. Өзгертілгендер, негізінен, мәнін жойған, идеологиялық тұрғыдан жат атаулар болатын. Ал, елді мекендерге жаңа атаулар беруде Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын дәріптеуге көңіл бөлінді.

      Бүгінгі күні облыстағы 248 әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыс, аудан, қала, кент, ауыл, ауылдық округтар) 224-і қазақша аталады. Ал,  4159 геонимнің  (көшелер, өткелдер, даңғылдар, саябақтар, т.б.) 1468-і сандық ретпен тұрса, қалған 2691 атаудың 2396-ы (89 пайызы)  - қазақы атаулар.

      Бұл, жоғарыда айтылған, ұлттық ономастикалық кеңістік қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.

      Соңғы жылдары түрлі объективті себептерге байланысты ономастика саласындағы жұмыстар толастап қалған болатын . Тек өткен жылы ғана Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының – 550 жылдығы сияқты атаулы даталарға орай көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және қазақ  хандарының есімдерін беру жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл үдеріс жалғасын тауып, облыстық ономастикалық комиссияда бірқатар ұсыныстар қаралды. Барлығы, 2015 жылы мен 2016 жылдың бірінші, екінші және үшінші тоқсандарында 58 көшеге атау беріліп тиісті, селолық округтар әкімдерінің шешімдерімен ресімделді. Тағы 45 көшеге атау беру туралы мәселе бойынша комиссияның оң қорытындысы шықты. Бұдан бөлек, 357 көшенің бұрыннан қалыптасқан, бірақ растайтын құжаттары жоқ атауларын заңдастыру жөніндегі ұсыныстар ономастика комиссиясында мақұлданды.

      Халық пікірін ескере отырып, бұндай жұмыстарды алда да жалғастырамыз.

      Бұл жерде айтарым, түскен ұсыныстар бойынша шешім қабылдайтын – комиссия. Ал, Тіл басқармасының ұстанымы қандай десек, көше, ауылға болсын, объектіге болсын, ат беруде жершілдікке бой бермей, ұлы, тарихи тұлғалардың есімдерінің, терең мәні бар қазақы айшықты атаулар берілгенін қолдаймыз. Мысалы, көшенің халық танымайтын адамнан гөрі, жас ұрпаққа тәрбие беретін атауды иемденгені дұрыс қой. Осы пікірімізді комиссия мүшелеріне де, жергілікті жерлерде ономастикалық жұмысты жүргізетін органдарға да, жұртшылыққа да жеткізуге тырысамыз.          

       

      Тілші: - Тіл ғана емес, жалпы рухани сала үшін аса маңызды, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесіне қатысты не айтар едіңіз?

      Б.Әбдешев: - Әлемде  ғылым,  білім,  мәдениет  саласы кітаптарының 90 пайызы  латын қарпінде екен. Бұл, латын графикасын пайдаланатын елдер замануи ғылым-білім, техника, технологиялар саласында артықшылыққа ие болады деген сөз. Ендеше, Батыс мемлекеттерін былай қойғанда Түркия, Малазия, Индонезия, Әзербайжан, Өзбекстан түскен  жолға  біздің де түсуіміз заңды. Олардан бір артықшылығымыз - олардың оң тәжірибесін де, теріс тәжірибесін де ескеріп, бірден оңтайлы әліпби жасап алуға мүмкіндік бар. Ғылыми қауымдастық бұл мәселеге ерекше мән беріп, қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің жүзден  астам  жобасы  ұсынылғаны  белгілі. Осы жобаларды принциптік тұрғыдан жүйелейтін болсақ, үш-төрт нұсқа негізгі  болып  табылады.

      Бірінші нұсқа – төл  дыбыстарымызды бейнелейтін қаріптерден құралған таза ұлттық дәстүрлі әліпби нұсқасы.  Бұл нұсқаны  қолдаушылар кірме дыбыстардың таңбалануын қосалқы ережеде көрсетуді жөн санайды. «Ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналып жасалуы керек» деген көзқарасты ұстанады.

      Екінші нұсқа – қазіргі кезеңдегі қазақ тілінің төл дыбыстарын бейнелейтін қаріптермен негізгі латындық тізбеге кіретін,  сондай-ақ араб, парсы, түркі тілдеріне ортақ сөздік қордағы сөздерде жиі қолданылатын, ескі қазақ  жазба тілінде қолданыста болған екі-үш қаріпті (F, v, h) қамтитын ішінара ымыраластырылған әліпби  түрі.

      Үшінші нұсқа – төл дыбыстарымызды бейнелейтін қаріптермен бірге бұл құрамға енбей қалған кірме қаріптердің біразын қамтитын,мүмкіндігінше толық ымыраластырылған әліпби түрі. Осы кезге дейін пайдаланылып отырған кирилл негізді қазақ жазуы осы айтылып отырған мүмкіндігінше толық ымыраластырылған әліпби түріне жататын еді. Сол сияқты, бұл нұсқа да латын әліпбиінің негізгі құрамында бар қаріптер мүмкіндігінше толық алынады.

      Төртінші нұсқа – соңғы жылдары Түркі кеңесі ұсынған ортақ түркілік әліпби жобасы.

      Аталған  нұсқалардың  қайсысының қандай ерекшеліктері, артықшылығы бар – бұл ауқымды мәселе, газеттегі сұхбатта қамтып кету мүмкін емес.

      Ең бастысы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тілімізді жаңғыртуға, оның әлеуметтік, коммуникативтік әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұған көзіміз жетіп отыр және бұл жөнінде саяси шешім бар. «Біз   2025   жылдан бастап,   әліпбиімізді    латын   қарпіне,   латын   әліпбиіне  көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде   тарих     бедерінде    біз    мұндай     қадамды    жасағанбыз. Балаларымыздың   болашағы   үшін   осындай   шешім  қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,- деген Президентіміздің сөзі бізге бағдар, ұстаным болмақ.

      Ендігі міндет - латын қарпіне көшу ісінің басты-басты  мәселелерін (лингвистикалық, дидактикалық, мәдени-ақпараттық,  баспаханалық, қаржылық  т.б.) шешу. Сөйтіп,  қазақ тілін әлемдік лингвокеңістікте өзіндік орны бар, қазіргі заманның сынына төтеп беретін қуатты тілге айналдырамыз.

      Кейбіреулер, қазіргі заманда интернеттің шұбар тіліне төтеп беруге қазақ тілінің сөздік қоры жете ме деп күмәндануы мүмкін.

      Айтарым, біздің сөздік қорымыз аса бай. Әңгіме сол байлықты пайдалана білуде.

      Мысалы, Бұқар жырауды (1693-1787) оқып отырып, мынадай сөздерге кезіктім: пұсырман, маһи, көрпелдес, мортық, мамыр, көлем,  һәммәт,  шеншік, талыс, арсы мен күрсі, шадияр, кебе... Кейбір сөздердің  мағынасы  көмескілеу болса да түсінікті, кейбіреуі – бейтаныс, жұмбақ.

      Дулат ақынның  (1802-1887)   мына  сөздерін  қараңыз:  ғақыл,  ғазиз,  ғаділ, ғадем, қиямет, жолан... (әрине,  бұл сөздердің дені арабтан кіргені  көрініп тұр).

      Абайдың да көп сөздері   қазіргі   қазаққа   түсініксіз:   нөпіл,   бергек,   бадалық, серменде, құтпа, шардақ, бәһра, бәңгі, басқа да көптеген араб, парсы сөздері.

      Жүсіпбек Аймауытовта: мандан, бұғылыма (мал ауруларының атауы сынды), шауқар, бөдес, дүкірт, құнтиыңқы, сұқым, салдаман, төйбі, жам, бейуаз, шүлеңгер т.б.

      Ә.Нұрпейісовте:  аласат  лаң,  жұмбаздап,  тағдыр  кесігі,  үзір көбейіп, айбы қадамданып, тұғыжым (бұл сөздер диалект болуы мүмкін).

      Кез келген қазақ жазушысының шығармаларынан (әсіресе, тарихи тақырыпта жазылған Есенберлин, Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов романдарынан) қазақтың көне сөздерін  көптеп табасыз. Қазақтың   күнделікті тұрмыс-салтына, жер бедеріне, мал шаруашылығына, туыстық   қарым-қатынасына, этнографияға, қолөнеріне,  санаға,  дүниетанымына   байланысты ұғым-атаулар санында  шек  жоқ.  Жылқы  мен  түйеге  қатысты  сөздердің   өзі жүздеп саналады. Бір киіз үйдің төңірегінде жүз сөз  табылып  қалады.

      Ұсталық өнер жайында қаншама сөз бар! Зергерлік атаулар қаншама? Бір ғана сырғаның қазақта 20-30 түрі табылады. Бір ғана пышақтың ұшы, казинегі,  кежегесі, ілдірігі, жүзі, сағасы, алқымы, жемесі,  сырты,   сақинегі,   құрсауы,   дүмі, шағыршығы болатынын марқұм   Дәркембай   Шоқпарұлы  деген   белгілі этнограф жазып та, суретін салып та түсіндіріп еді. Байыбына барып зер салсаңыз, таңқаларлық жайт.

      Міне, осы  қазақ  тілінің  орасан зор  байлығы қолданыстан шығып, ұмытылып барады.

      Тілдің   мәні,   маңызы   жөнінде  айтылудың кемдігі жоқ. Тіл бар болса ғана ұлт, халық болатынын кешегі  Ахмет   Байтұрсынұлы   бастаған   ұлт көсемдері  айтудай-ақ  айтқан.   Халел   Досмұхамедұлы   «Тіл – жұрттың жаны» деді.  Демек,  тіл  жай  нәрсе   емес.   Оның   қоғамда   алар   орны ерекше.  Олай  болса,  тіл  жөнінде   жиі   әңгімелеп,   оның   қадір-қасиеті жөнінде тынбай жазып  жатсақ,  мұны  еліміздің  мәртебесін  биіктету  деп білген жөн.

      Менің пікірімше, ана тіліміздің әлеуеті орасан зор. Соны тиімді пайдалана білсек, қазақ тілі басқа тілдермен терезесі тең және жоғары технологиялар, интернет заманында өзін жоғалтпай, бәсекеге кабілетті тіл болып дами береді.

      Әліпбимізді латын графикасына көшіру мәселесін осыған қол жеткізудің құралы ретінде қарастыру қажет.        

      Тілші: - Әңгімеңізге рахмет!


       

      Сұхбаттасқан Арайлым БАҒЫТЖАН

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   __   __   __    ______     ___     __   __  
       \ \\/ //  \ \\/ //  /_____//   / _ \\   \ \\/ // 
        \   //    \ ` //   `____ `   | / \ ||   \   //  
        / . \\     | ||    /___//    | \_/ ||   / . \\  
       /_//\_\\    |_||    `__ `      \___//   /_//\_\\ 
       `-`  --`    `-`'    /_//       `---`    `-`  --` 
                           `-`                          
      
       
      Наверх