28 апреля 2017, 18:00
      Аймақ 21.09.2016, 15:32 0 пікір 342 просмотров

      Мектептер жайы мәз емес...

      Қалалық мәслихаттың  VI сессиясында қалалық білім беру жүйесіндегі біраз мәселелер талқыланды.


       

      9 730 БАЛА КЕЗЕК КҮТУДЕ

      Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген ҚАРАБАЕВТЫҢ баяндауынша, биылғы жаңа оқу жылында қаламыздағы тоғыз: №3, 15, 16, 22, 32, 33, 34, СТГ және Б. Нысанбаев атындағы орта мектептерде оқушылар лық толы. Осы аталған мектептерде сабақ үш ауысымда оқытылуда. Одан бөлек, Нұрсая ықшамауданындағы 624 орындық екі мектептің құрылысы тоқтатылған. Ал, Ақжайық поселкесінде Отаралиев атындағы ескі мектептің орнында 120 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Жұлдыз ықшамауданында 624 орындық мектеп құрылысының жобалау құжаттамасы әзір тұрса, Привокзальный ықшамауданы мен Бірлік поселкесінде 280 орындық екі балабақша құрылысы аяқталып тұр. Сол секілді №15, 25 және 26 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

      • Үш ауысымда оқитын мектептердің проблемаларын жоюдың бір ғана амалы - шұғыл арада Нұрсая, Жұлдыз ықшамаудандарына, қала маңындағы Тасқала, Балауса, Көктем поселкелеріне мектептер салу керек.

      Күні бүгін Нұрсая, Бірлік, Самал және Жұлдыз тұрғындары үшін балабақшаға қатысты проблема өзекті болып отыр.

      Қала бойынша оқушыларды тасымалдау 14 мектепте жүзеге асырылып келеді. әлі 8 мектепке қосымша автобустар алу керек. №1, 14, 15, 23, 28, Т. Амандосов, Ф. Оңғарсынова және Ғ. Мұратбаев атындағы мектептерде ыстық тағам ұйымдастыру үшін асханалар салу керек. Тіпті, қалалық білім бөлімі үшін жаңа ғимарат салуға жер телімі қажет,- деп, бірқатар проблемалардың бетін ашты Бақберген Қарабаев.

      Қарабаев мырзаның сөзінше, Атырау қаласында балалардың балабақшамен қамтылуы күні бүгін 57,1 пайызды құраған. Олардың 3-тен 6 жасқа дейінгісі – 85 пайыз болса, биыл 4 850 бала балабақшалар мен бөбекханаларға жолдама алған көрінеді. Ал, әлі  9 730 бала кезекте тұр.

      ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕСІ БАСҚАША КӨРСЕТТІ...

      Бұған дейін қалалық мәслихаттың депутаттары қаламыдағы мектептер мен балабақшаларға тексеріс жүргізген екен. Комиссиясы мүшелерінің тексеру нәтижелері туралы қалалық мәслихаттың депутаты Салтанат РАХИМОВА айтып берді. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру нысандарына қойылатын санитарлық талаптарға сәйкес, 2-3 жастағы топтарда бала саны 20 баладан, ал 3- 4 жастағы топтарда – 25 баладан аспау керек. Алайда, тексеру нәтижесі көрсеткеніндей, бұл нормалар барлық жерде бұзылады. Яғни, көбінесе Атырау қаласындағы балабақшаларда 40- 50, ал кейде тіпті 60 баладан бар екені белгілі болған.

      • Осы санитарлық ережелердің 10-шы тармағында балалардың күндіз балабақшаларда болу режимінің негіздері реттелген. Балалар үйлеріне сағат 18.45- тен бастап сағат 19.00- ге дейін жіберілуі тиіс. Бірақ, қаладағы балабақшаларда бұл режим сақталмайды. Көптеген балабақшаларда ата- аналардан балаларын 18.30-ға дейін алуды талап етіп жатады.

      Бір ғана мысал, Нұрсаядағы балабақшада балаларды сағат 18.00- де, ал Тасқалада сағат 17.30-да алуды талап ететіндігін тексеру жұмыстары анықталды. Бұл адамдардың наразылығын тудырады. Осыған орай, балабақшаларға алыну кезектілігін сақтау үшін 5 адамнан тұратын комиссия құрылды. Олардың төртеуі қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, ал бесіншісі – «Нұр Отан» партиясының өкілі. Комиссия отырыстарына тек білім бөлімінің қызметкерлері ғана қатысады, ал партия өкілі бірде- бір рет шақырылмады. Қалалық мәслихат депутаттары комиссия құрамына кірмейді. Неліктен? – дейді Салтанат Рахимова.

      Сессияда одан басқа мектептердегі биылғы бірінші сыныптықтар саны көбейгені, мектептерде оқитын жерлер, мұғалімдер мен оқулықтар жетіспейтіні жөнінде айтылды.

      • Неліктен? Өйткені, жоспарлау органдары демографиялық өсімді ескермейді. Мектептерде компьютерлер мен жиһаздар ескірген. Соңғы үш жылда жауапты саладағылар бізге балалардың тегін оқулықтармен 100 пайыз қамтылғанын үнемі айтып келеді. алайда, тексеру жұмыстары басқаша көрсетіп отыр – адамдар оқулықтардың жетіспейтіндігіне наразы.

      №15 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Мектептің спорт залы ешқандай нормаларға сай келмейді, асхананы жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Балалар ыстық тағаммен қамтылмаған.

      Ғ. Мұратбаев атындағы мектепте Рембаза мен Жұмыскер поселкелерінің балалары оқиды. Оларға енді ғана салынған Балауса ықшамауданының балалары қосылды. Мектепте 280 баланың орнына 544 бала оқуда. Балалардың сыймауынан спорт залы оқитын сынып ретінде берілген. Мұғалімдер бөлмесі атымен жоқ. Педагогтар болса баспалдақты шеремен бөліп тұрған дәлізде отыр. Жаңбыр жауған кезде бүкіл сыныптың төбесінен су ағады. Мектеп Еркінқала- Атырау трассасынан екі жүз метр жерде орналасқан. Мектепке баратын жол жоқ. Жаңбыр жауған күндері бала түгілі ересек адамдардың мектепке жетуінің өзі әбігер.

      «ШАҒЫМДАР ҚАРАЛМАҒАН»

      Сессияда сондай- ақ, қалалық білім бөліміне азаматтардан келіп түсетін көптеген шағымдарға кезек берілді. Депуттардың сөзінше, шағымдарды қарау жан-жақты жүргізілмейтін көрінеді. Мәселен, бұған дейін аталған мекемеге төрт оқушының анасы И. Есімді азаматша №15 мектеп педагогының қызына тіл тигізгендігі, сол себепті қызының өз- өзіне қол жұмсамақ болғандығы жөнінде шағымданған. Ата- ана өз шағымында қызына оқулықтар берілмегендігі жөнінде де келтірген.

      Бұдан басқа, сессияда белгілі болғанындай, ата- аналар мектептердегі алым-салықтарға наразы. Шағымдарда көрсетілгендей, бастауыш сыныптарды аяқтаған кезде бітіру кешіне ата- аналар 11 мың теңгеден жинаған. Білім беру бөлімінің басшысы сынып жетекшісінен түсініктеме талап етпеген, балаға психолог тексеру жүргізбеген, мектептегі ата- аналар жиналысының хаттамасы формальды түрде ғана толтырылған. Педагогикалық этикаға қарама- қайшы болатын педагог пен оқушы арасындағы қарым- қатынас фактісі және алым- салық фактілері тексерілмеген. «Ақша жинау фактісі расталмады», деген біржақты тұжырым жасалып қана қойған.

      Азаматша А- ның шағымында №16 балабақшаға баласын орналастыру кезінде ақша төлеп, тәрбиешіге мектепке дайындайтын қосымша сабақтар үшін бөлек 4 мың теңге төлегендігін жазылған. Бала жарақат алған кезде мекеме қызметкерлері оған хабарламаған көрінеді. Шағым иесінің көрсеткен заң бұзушылықтары бойынша ешқандай шаралар алынбаған. Шағым қаралмаған, балабақша меңгерушісінен түсініктеме алынбаған. Соның салдарынан шағымданушы шағымын кері алған.

      Енді бір ата- ана У. білім бөліміне 21 сәуірде шағым жазып, жауабын ала алмаған. Шағымның түсу фактісі бойынша тексеру жүргізілмеген. 12 мамырда ол екінші шағымын жазғанымен, ол қайтадан бірінші шағымды қараған кісіге түседі.

      • Бұл «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» ҚР Заңын бұзу болып табылады. Мектептерде психологтардың жұмыс жасағаны көрінбейді. Мұғалімдердің балаларға тіл тигізу және кемсіту фактілерін бұл мамандар назарға алмай отыр. Олар шағымдарға талдау жүргізбейді. Ал кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайлары көбейіп отыр. Егер өткен жылы балалар арасында суицидтің төрт әрекеті орын алса, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында да төрт суицид әрекеті орын алған, соның ішінде біреуі өлімге әкеп соқтырған аяқталған суицид.

      Жыл сайын мектептер мен балабақшаларды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Сондықтан ата- аналардан жөндеуге, көгалдандыруға және т.б. ақша жинауды доғару керек,- деді одан әрі С.Рахимова.

      Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаев жоғарыда айтылған олқылықтарға жауап ретінде, өзінің оқушылардың ата- аналарынан ақша жинауды тоқтату керектігі туралы екі мәрте бұйрық бергенін мәлім етті. Десе де, оның айтуынша, ақшаны мұғалімдер емес, ата- аналар комитетінің мүшелері өз еріктерімен жинайтын көрінеді.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    _    _     _____    __   __   ______   
      | |  | || | || | ||  /  ___||  \ \\/ // |      \\ 
      | |/\| || | || | || | // __     \ ` //  |  --  // 
      |  /\  || | \\_/ || | \\_\ ||    | ||   |  --  \\ 
      |_// \_||  \____//   \____//     |_||   |______// 
      `-`   `-`   `---`     `---`      `-`'   `------`  
                                                        
      
       
      Наверх