21 сентября 2017, 7:39
      Қоғам 21.09.2016, 15:18 0 пікір 663 просмотров

      "Парасатты полицей"

      Жақында   Атырау облысы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында дәстүрлі «Парасатты полицей» байқауы Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда өткізілді. Айта кету керек, биылғы байқау Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы және Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында  ұйымдастырылып отыр.


      Сайысқа қалалық ішкі істер басқармасы, аудан ішкі істер бөлімдері және мамандандырылған «Күзет» басқармасынан барлығы жеті команда қатысты.

      -«Біліктілігі мен білімі тоғысқан, ерлігі мен жүрегі мықты азаматтары бар елдің ертеңі де жарқын. Халық тыныштығын сақтауда полиция қызметкерлерінің елеулі орны бар. Ел сенім артқан қызметкерлердің ержүрек, батыл болуымен қатар кемел ойлы парасатты болуы да шартты. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған сайысымыздың негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің парасаттылығын байқау, біліктілігімен қоса ойтанымын тану, мемлекеттік тілге деген құрметін  арттыру»,-деп атап өтті өз сөзінде облыс ІІД бастығының орынбасары  полиция полковнигі Қандарбек БАХТЫГЕРЕЕВ.

      Ал, баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА сайыс туралы:

      - Алғашқы тур «Сақшыдан сәлем», яғни командалардың өздерін таныстыруынан басталды. Мұнда команданың атауы, ұраны, мақсат-міндеті айтылып, мемлекеттік тіл мәртебесін, қазақ полициясының беделін биіктетуге құрылуы тиіс болды. Сонымен қатар, таныстыру кезінде командалардың сахнадағы жүріс-тұрысына, киім үлгілеріне де назар аударылды. Сәлемдесу шартын тартымды, ықшам түрде жолдап қана қоймай, түрлі бейнекөрсетілімдерді де көрермендер назарына әдемі ұсына білген «Күзет» басқармасының «Тәуелсіздік тарландары» мен Жылыой ауданы ішкі істер бөлімінің «Қайсар» командаларын қазылар алқасы бір ауыздан  жоғары бағалады. Сақшылар, екінші кезеңде  «Сөзмерген» сайысымен сынға түсті. Бұл кезеңде топ капитандарына «Ұлттаным», яғни қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары туралы, «Мәдениеттаным» қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі туралы және «Елтаным» қазақ елі, оның аймақтары  туралы  сауалдар қойылды. Тәртіп сақшыларына бұл кезеңде қойылған талап нақты, тез жауап беру болды. Сайыстың бұл кезеңінде ерекше көзге түскен Атырау қалалық ішкі істер басқармасының «Патриот» командасы, махамбеттік «Махамбет қырандары» командасы, Мақат АІІБ-нің «Айбынды сақшылар» командалары  болды.«Тәуелсіздік  тағылымы» атты үй тапсырмасына арналған сайыстың соңғы кезеңі қызықты әрі тартымды өтті. Барлық команда  Қазақстан Республикасының 25 жылда тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолын, жеткен жетістіктерін сахналық көріністермен, әнмен сомдай білді. Еліміздің тәуелсіздікті алғаннан бергі ішкі істер органдары қызметінің қалыптасуын, ел ішіндегі тыныштықты сақтау, оның халық арасындағы оң имиджі мен беделі туралы салыстырмалы түрде қойылымдар  көрермендер қошеметіне ие болды. Қазылар алқасының ұйғарымымен «Махамбет қырандары» мен атыраулық «Патриот» командаларының  көрністері ең жоғары бағамен бағаланды. «Парасатты полицей» облыстық байқауын саралап, әділ бағасын берген қазылар алқасының мүшелері тәртіп сақшыларының тынымсыз қызметте жүріп, біліктілігі мен өнерлерін ұштастыра білгендеріне тәнті болып, өз пікірлерін білдірді, - дейді. 

      Байқау қорытындысы бойынша  Атырау ҚІІБ «Патриот» және Жылыой АІІБ «Қайсар» командалары үшінші орынды бөліссе, екінші орынды Мамандандырылған «Күзет» басқармасының «Тәуелсіздік тарландары» командасы иеленді. Ал, жеңімпаз атанған Махамбет аудандық ішкі істер басқармасының «Махамбет қырандары» командасы республикалық байқауға жолдама алды.


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____      ___     _____       ___      ______  
       |__  //    / _ \\  |  __ \\    / _ \\   /_____// 
         / //    / //\ \\ | |  \ ||  | / \ ||  `____ `  
        / //__  |  ___  ||| |__/ ||  | \_/ ||  /___//   
       /_____|| |_||  |_|||_____//    \___//   `__ `    
       `-----`  `-`   `-`  -----`     `---`    /_//     
                                               `-`      
      
       
      Наверх