23 тамыз 2017, 0:28
      Экономика 08.06.2016, 16:44 0 пікір 1506 просмотров

      Жылыжайлар саны артуда

      Облыста 2012 жылы 6,7 гектар жылыжай болса, 2015 жылы жылыжай көлемі 12,5 гектарға дейін ұлғайған. Қазіргі таңда облыста жылыжай ісін дамыту жұмыстары жандану үстінде. Бұл бастамаға Елбасының белгілеп берген 5 институционалдық реформасы серпін беруде. Бұл жайында Атырау аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан ЖҰМАШҰЛЫ айтып берді.


      Әрине, шағын және орта бизнестің түрі көптеп саналады. Соңғы жылдары Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе жылыжай кәсібін жетілдіруге мән берілуде. Жылыжай кәсібін жетілдіру жергілікті халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде облыс бойынша 12,5 гектар жылыжай бар. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, қала халқын толықтай жергілікті өніммен қамту үшін аздық ететіні рас. Міне, сондықтан да жылыжайлардың қатарын көбейту – қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Міне, сондықтан да Атырау облысында жылыжай кәсібін өркендетуге көп көңіл бөлініп жатыр. Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлының айтуынша, биылғы жылы Индер ауданынан 20 гектар және Жылыой ауданынан «Теңізшевройл» ЖШС-нің көмегімен 2 гектар жылыжай кешені салынып, іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі күні жылыжай шаруашылықтары дамымаған немесе мүлдем жоқ Индер, Исатай, Құрманғазы және Мақат аудандарының әкімдеріне осы шаруашылықты дамыту жөнінде тапсырма берілген.

      Биылғы жылы Индер ауданы Елтай селолық округінде салынғалы отырған көлемі 20 гектар болатын жылыжайға тоқталсақ, мұндай көлемдегі жылыжай облыста, тіпті республикада осы кезге дейін болмаған көрінеді. Осыған дейін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшысы Абат ТАСИМОВ айтып бергендей, 2015 жылдың 20 шілдесінде Атырау облысы әкімдігі, «Soltech» бельгиялық компаниясы мен «NAVA Group» француз компаниясы арасында қол қойылған меморандум бойынша қалпына келтірілетін энергия көздерін дамыту бойынша және ауыл шаруашылығы бағытында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жоба жүзеге асырылатын жер телімінде геологиялық-техникалық жұмыстар жасалған. Жобаға жалпы жетекшілік ететін аумағы 1 700 га жерге жылыжай кешені мен күн сәулесі электрстанциясы, сондай-ақ қосымша агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қызығушылық танытып отырған француздық «ISSMAT» инвестициялық компаниясы. Барлық жобалар бойынша инвестиция көлемі 202 миллион АҚШ долларын құрайтын көрінеді.

      Міне, осылайша шетел инвестициясын тарту жұмыстары аясында Индер ауданында үлкен жоба қолға алынып, жылыжай салынбақшы. Бұл ірі жоба жүзеге асқан кезде аймақтағы жылыжай ісі біраз жетілетіні сөзсіз. Сонымен қатар маусымдық мерзімде өңірдегі бағаларын тұрақты ұстауға мүмкіндік туғызатын болады.

      Жалпы, егін шаруашылығына қатысты сөз қозғар болсақ, облыс бойынша Атырау қаласы, Индер, Құрманғазы және Махамбет аудандары егінге қолайлы аймақтар болып саналады.

      Биылғы жылы жалпы егілетін егістік көлемі 7 186 гектарды құрайды. Атап айтқанда, картоп – 2 015 гектар, көкөніс – 2 492 гектар, бақша – 1 015 гектар, 1 663 гектар - мал азықтық дақылдар.

      Егістік көлемі жыл санап артып келеді. Мәселен, егілген егістіктің жалпы көлемдері 2012 жылы – 5 223 га, 2013 жылы – 5 978 га, 2014 жылы – 6 928 га, 2015 жылы – 6 807 га.

      Облыс бойынша егін шаруашылығымен – 443 шаруашылық айналысуда. Оларда 4 255 адам қызмет етіп жатыр. 455 техника көктемгі дала жұмыстарына қатынасуда.

      Аймақтағы егіншілікті дамытудың тағы бір жолы – жаңа технологияларды көптеп енгізу болса, бұл бағытта да қолға алынып жатырған жұмыстар көп. Егін саласын дамыту мақсатында жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, 2012 жылы тамшылатып суару тәсілі 413 гектар жерге қолданылса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 1500 жеткізілді. Ал биыл 2000 гектарға жеткізу жоспарлануда.

      - Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 950 тонна минералдық тыңайтқыштар сатып алуға сұраныстар берілген, күні бүгінге 550 тонна тыңайтқыштар жеткізілді.

      Егін шаруашылығындағы 3 бюджеттік бағдарламалар аясында – 114,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Тыңайтқыштардың құнына органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда – 28,2 млн. теңге бөлінді. Өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің, биоагенттердің және биопрепараттардың құнына – 2,0 млн. теңге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнына – 84 млн. теңге қаржы қаралды, - деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы

      ағымдағы жылдың 1 маусымындағы мәліметке сәйкес егілуі жоспарланған 6 534 гектар егістік көлемнің, 4 770 гектары немесе 73 пайызы егілгендігіне, себебі соңғы уақытта жерге жауын-шашынның мол түсуінен егіншілер үшін қосымша кедергі болып отырғандығына тоқталды.

      Міне, облыстағы егін шаруашылығындағы атқарылып жатырған жұмыстар осылайша тізбектеледі. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіпкерлікті дамытуға мән беріп, сондақ-ақ ауылшаруашылық жерлерін тиімді, әрі мақсатты түрде пайдалану мәселесіне назар аударады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының  35-қадамында: «АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІН тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. ЖЕР КОДЕКСІНЕ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЗАҢ АКТІЛЕРІНЕ өзгерістер енгізу» және 36-қадамында: «ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ТҮРІН ӨЗГЕРТУГЕ РҰҚСАТ АЛУ ресімдерін жеңілдету. Ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒА БЕРУ» деп атап өткен.

      Елбасы тапсырмасына негізделген қолдауларға ие болған шаруалар да өз жұмыстарын ынтамен жүргізуде. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау, көмектердің нәтижесінде аймақта кәсіпкерлікпен шұғылданып, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласымен айналысуға ниет білдірушілер қатары артып келеді. Мұның барлығы, отандық өнім өндірушілерге жасалған жағдайдың арқасы. Отандық өнім өндірушілер қатары артса, отандық өнімнің де мол болатыны рас.


       

      Арай НҰҒЫМАНОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  __   _    _     _____    _    _     _____   
       | |/ // | || | ||  /  ___|| | || | ||  /  ___|| 
       | ' //  | || | || | // __   | || | || | // __   
       | . \\  | \\_/ || | \\_\ || | \\_/ || | \\_\ || 
       |_|\_\\  \____//   \____//   \____//   \____//  
       `-` --`   `---`     `---`     `---`     `---`   
                                                       
      
       
      Наверх