26 мая 2017, 20:53
      Аймақ 13.04.2016, 14:59 0 пікір 662 просмотров

      Нұрлан Ноғаев: «Суға кеткен үйлер мәселесі түбегейлі шешілуі керек»

      Өткен аптада  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Аймақтық коммуникациялар қызметі алаңында жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдеріне алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосуда аймақ басшысы Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысындағы өңірдің негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, журналистердің сауалдарына жауап берді.



      «Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын жүзеге асыруда барлық өңірде жергілікті басқару орындары өзіндік үлес қосып отыр. Қай мемлекет болмасын, бәсекелестік қашанда алда жүреді. Жаһандану үрдісіне ілесіп келеміз. Ертеңгі талап бүгінгі атқарып отырған жұмысымыздан жоғары. Сондықтан Ұлт жоспарын жүзеге асыру, біріншіден, еліміздің мықты мемлекет болу үшін жасалған жағдай. Осы жолда көздеген межеге жету үшін кім не істеуі керек? Ол нақты айқындалған. Елбасының бізге қойып отырған міндеттері жүйелі түрде жүзеге асып келеді», - деген облыс әкімі осы бағытта негізгі салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Атап айтсақ, 100 нақты қадамда басымдылық берілген бағыт - мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың облыста кесте-жоспары бекітілген. Жыл соңына дейін 346 мемлекеттік қызметкердің біліктілігін арттыру жоспарланса, 49 маманды қайта даярлықтан өткізу көзделіп отыр. Ал, заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағыты бойынша сот жүйесіне азаматтардың сенімділігін арттыру үшін және  ашықтықты  қамтамасыз ету  мақсатында   Атырау облысындағы   47 сот залына 38  бейне-жазба жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін барлық сот залдарын бейне-жазба жүйесімен қамту жоспарда бар. Бүгінде облыста мүлікті заңдастыру бойынша жұмыс жалғасуда. Осы жылдың 25 наурызындағы жағдай бойынша, облыста жалпы құны 10 млрд. теңге тұратын 1 254 арыз қанағаттандырылған. Одан бөлек, 5,2 млрд теңге заңдастырылып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі 106,4 млн теңгенің мүлкі заңды тіркелген. Облыс әкімі өз сөзінде, әсіресе облыста ауыл шаруашылығының қарқынды дамып отырғанын баса айтты. Бұл саланы дамытуда Бақтықожа Ізмұхамбетовтың зор еңбек сіңіргенін айтып, ол жұмыстардың алдағы уақытта жалғасатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, білім саласына да тоқтала кетті. Оның айтуынша, облыста алдағы 1 қыркүйектен бастап екі мектеп пилоттық жоба бойынша жаңартылған жүйемен оқытыла бастайды. Пилоттық жоба аясында ұстаздардың еңбекақыларына 20 пайыздық қосымша ақы төленеді. Аталған мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жергілікті бюджеттен 40 млн.теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсетуде жеке сектордың үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасын тауып келеді. Бүгінде облыс көлемінде жұмыс істейтін 37 жекеменшік медициналық мекеме, өңірдегі дәрігерлік қызмет көрсетудің 17 пайызын құрайды екен. Өткен жылы міндетті тегін дәрігерлік көмек көрсету шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындаған 61 дәрігерлік мекеменің 18-і жекеменшік мекемелер болған. Әлеуметтік көмек беруді оңтайландыру мақсатында, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында  пилоттық жобада «Өрлеу» жобасы қолға алынған. Бұған жергілікті бюджеттен 6 млн. теңге бөлініп, жобаға 22 отбасы, яғни 129 адам тартылған. Нәтижесінде, олардың жан басына шаққандағы орташа табысы 4 010 теңгеден 14 352 теңгеге дейін өсіп отыр. Атырау облысында машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы, фармацевтика, тоқыма өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өндірісі салаларында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Облыс әкімінің айтуынша қай салада болмасын, қолға алынған түрлі жобалар жалғасатын табатын болады. Елбасының Ұлт жоспарында айтылған ел бірлігі және «Мәңгілік ел» идеясына облыс әкімі кеңірек тоқталды. Осы мақсатта ол  Қазақстан халқы ассамблеясы туралы айтылатын түрлі пікірлерді мысалға келтіре отырып, адамның түр-түсіне, ділі мен дініне қарамай, татулықта өмір сүру жолында жұмыс істеуге шақырды. Бүгінде облыстағы ірі кәсіпорындарда 21 Қоғамдық келісім кеңесі құрылып, аясында 17 этно-мәдени бірлестік жұмыс істеуде. «Мәңгілік Ел» идеясы аясында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы жүзеге асыру барысында жалпы саны 117 іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңнан астам адам қатысқан. Осы шараларды жалғастыру қажеттігін айтқан облыс әкімі бұған қоса мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жазасын өтеп шыққан азаматтарды жұмыспен қамтуда бірлесіп жұмыс жүргізуді еске салды.

      Атырау облысының жаңа басшысына журналистер тарапынан өзекті мәселелерді көтерген сауалдар көп қойылды. Оның ішінде облыста ет өндірісін дамыту мен жол қатынасына қатысты және соңғы жылдары атыраулықтардың бас ауруына айналған нөсер жауынның салдарынан суға кеткен үйлер мәселесі де бар. Көрші облыстарда жақсы дамыған ет өндірісінің бізде ақсап тұрғанын облыс әкімі жасырмады. Оның басты себебі - кейбір аудандар болмаса барлығында ет өнімдерін шығаруға қолайлы мүмкіндік жоқ. Әкімнің айтуынша, бұл мүлде ет өндірісі жоқ деген сөз емес. Жай болса да  бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ал, жыры бітпейтін жолдар жайы жөнінде биыл қалада 100 шақырымнан астам жол жөндеуден өтіп, Қызылқоға ауданы орталығы Миялы ауылына дейін баратын жолдың 15 шақырым бөлігі салынатынын,  бұл мәселелердің де біртіндеп жүзеге асатынын айтты облыс әкімі. Сондай-ақ,  «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғалы отырған Атырау-Астрахан тас жолын жаңарту жұмысы бойынша биыл 16 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр екен.

      - Атырау облысына қарасты Ресеймен шекаралас орналасқан Қиғаш ауылдық округінен Ақтөбеге дейінгі жолдардың барлық бөлігі жаңартылатын болады, - деді Н. Ноғаев. Журналистерді алаңдатқан суға кеткен үйлердің жайының да қалай шешілетіні белгілі болды. - Әрине, аулалардағы суды су сорғыш машинамен шығарып тастағаннан ештеңе бітпейді, сондықтан, ғалымдардың пікірлері мен қалыптасқан тәжірибелерді ескере отырып, осы мәселені түбегейлі шешу жағын қарастырумыз керек. Ол үшін дренаж жүйесін құру керек болса, оны да қарастырамыз. Биыл суға кеткен аулаларды сорып, тазартып, келесі жылғы жауынды күтіп отыруға болмайды, - деп атап өтті. Сондықтан әзірге ескі әдіс – суды су сорғы машинасымен шығару жұмысы жүзеге асырылмақ.


       

      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  _    __   __    ____       ___              
       | \| ||  \ \\/ //  |  _ \\    / _ \\      ___   
       |  ' ||   \ ` //   | |_| ||  | / \ ||    /   || 
       | .  ||    | ||    | .  //   | \_/ ||   | [] || 
       |_|\_||    |_||    |_|\_\\    \___//     \__ || 
       `-` -`     `-`'    `-` --`    `---`       -|_|| 
                                                  `-`  
      
       
      Наверх