24 маусым 2017, 18:21
      Аймақ 06.04.2016, 15:10 0 пікір 873 просмотров

      «Болашақ»: биыл шәкіртақы саны өсті

      Бүгінде баласының шет ел асып білім алуы - әр ата- ананың асқақ арманы. Алайда, оны көп жағдайда қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіні тағы шындық. Осындайда шенеуніктердің балаларына ғана емес, қазақ елінің әр азаматына қолжетімді болып отырған, елбасы бастамасымен іске асып келетін «Болашақ» халықаралық стипендиясының маңызы зор.


       

       

      Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандардың біздің қарапайым студенттерден айырмашылығы қандай?

      Шет мемлекетте білім алу мүмкіндігі және бұл бағдарламаның ерекшелігі туралы Атырау мәдениет кешеніне жиналған мемлекеттік қызметкерлер мен ұстаздарға, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлеріне мұнайлы өңірге арнайы іссапармен келген ҚР білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани НЫҒМЕТОВ кеңінен түсіндіріп берді.

      АҚ президенті Ғани Нығметовтың айтуынша, «Болашақ» стипендиясымен шет елде Атырау облысынан білім алып жатқандар қатары күні бүгін – 496 болса, оның 94 пайызы мұнай- газ секторын құрайды.

      -          «Болашақ» халықаралық стипендиясына мемлекеттік қызметкерлер, инженерлік- техникалық мамандар, мәдениет саласының қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Ол үшін бағдарламаға қатысушының екі жыл жұмыс өтілі және шет тілін білуі маңызды.

       

      «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттар үш кезең бойынша қабылданады. Алғашқысы осы жылдың 11 сәуірінен 13 мамыр аралығында өтеді. Құжаттарды е.гов электронды үкімет порталы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыруға болады. Айта кететіні, «Болашақ» стипендиясы «Магистратура», «Докторантура», «Резидентура» және «Тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша тағайындалады, - дейді Ғани Нығметов.

      АҚ президентінің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқуға кеткен адамның жұмыс орны сақталады. Сондай- ақ, мемлекет білім алу, жүріп тұру шығындарын қаржыландырып отырады, яғни АҚШ- та білім алатын бір студентке айына 2200 АҚШ долларын төлейді.

      -          Алдымен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алып жатқан студенттер әлемдік деңгейде өресі жоғары, білігі мол ғалымдардан дәріс алады. Олар – дүние жүзінде есімі мәлім, атағы белгілі ғылым иелері, академиктер, профессорлар. Одан әрі, біздің жастарымыз әлемнің ең үздік техникасы мен технологиясын көреді. Солардың қызметін үйренеді.

       

      «Болашақ» бағдарламасын іске асырудағы басты мақсат – осы бағдарлама бойынша білім алған жастардың ел игілігіне еңбек етуі. Қазірдің өзінде Атырау облысы аталған бағдарламасы  бойынша   білім  алатындар саны жөнінен Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орынды иеленіп отыр. Олардың басым көпшілігі – мұнай-газ өндіру саласында. Одан басқа, «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар да бар білімдерін, күш-қайратын еліміздің экономикалық дамуына жұмсап келеді, - деді.

      Жиынға қатысқан атыраулық жастардың өзге елде білім алуға, яғни «Болашақ» стипендиясымен оқуға құштарлықтары байқалды. Бірінен соң бірі мінберді босатпаған олардың «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметовқа қойған сауалдары көп болды. Мәселен, жиынға қатысушылардың бірі ««Болашақ» бағдарламасымен оқып келгеннен кейін, бес жылда бір мекемеде қызмет атқаруым керек екен. Егер, мені басқа да компаниялар жұмысқа шақырып жатса, мен осы бес жыл ішінде ауысып кете алам ба?» деген сауал жолдаса, Қазақ- Түрік лицейінде оқытушылық қызметтегі жас ұстаз «Биыл қолыма диплом аламын, осы бағдарламаға құжаттар тапсыра алам ба? Ол үшін қазіргі жұмысымның еңбек өтілі есепке алына ма?» деген сауал қойды. Орталық президенті егер қазіргі жұмысындағы жұмыс өтілі бес жыл екендігі дәлелденсе, қатыса алатындығын айтты. Сондай- ақ, жиынға қатысқандардың көбісі өткен жылы құжаттарды тапсырудағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында орын алған олқылықтарды алға тарта келіп, «Биылғы жылы да алдымыздан осындай кедергілер шықпауы үшін ХҚКО қызметкерлерін оқытып алсаңыздар екен» деген өтініш білдірді. Ақ президенті жастардық бұл өтініштерін аяқасты қылмайтындығына уәде берді.

       

      -          Мен білетін «Болашақ» бағдарламасымен шет елден білім алып келгендердің 22 пайызы басқарушы орындарда қызмет етуде. Бір ғана «Назарбаев» университетінде 300-ден астам «Болашақ» стипендиясымен білім алған мамандар оқытушылық қызметте жүр. Қазіргі уақытта біз аймақтарға басымдық беріп, өңірлердегі кадрдық әлеуетті қуатты етуді көздеп отырмыз,- дейді АҚ президенті.

      Шындығында, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы брендке айналды. Бағдарлама - жастардың арасында әлеуметтік саты ретінде танылды. Ерекшелігі сол – биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасына өткен жылғыға қарағанда, 100 стипендия артық тағайындалып отыр. Бұл дегеніңіз, 700 қазақстандық шет елде тегін білім алады деген сөз.

      Осы бағдарламамен шет елде білім алып, бүгінде оның игілігін ел қажетіне жаратып отырған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН барша атыраулықтарды биылғы мүмкіндікті жіберіп алмай, жастарды бағын сынап көруге шақырды.

      Тағы бір айта кететіні, бұл бағдарламаға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Алайда, бес жыл жұмыс өтілі болмағандықтан студенттер қатыса алмайды.


       

      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______    ______    _____     _____    _    _   
       /_   _//  /_   _//  |__  //   |  ___|| | || | || 
         | ||     -| ||-     / //    | ||__   | || | || 
        _| ||     _| ||_    / //__   | ||__   | \\_/ || 
       /__//     /_____//  /_____||  |_____||  \____//  
       `--`      `-----`   `-----`   `-----`    `---`   
                                                        
      
       
      Наверх