21 сентября 2017, 12:45
      Денсаулық 31.03.2016, 15:11 0 пікір 1353 просмотров

      «БАС ТАРТҚАННЫҢ БӘРІ НАМАЗҒА ЖЫҒЫЛҒАН БА?»

      «Туберкулезбен аурушаңдық деңгейін азайту жолындағы бірлескен жұмыстар» тақырыбында Атыраудағы №1 қалалық емхананың акт залында баспасөз- конференциясы өтті. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС ұйымдастырған бұл шараға жергілікті медицина мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері және қалалық білім бөлімі, емдеу- сауықтыру орындары мен дін істері жөніндегі мамандар қатысты.


       

      РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША АЛДЫҢҒЫ ҮШТІКТЕ!

      Мамандардың мәліметінше, күні бүгін Атырау облысы туберкулез ауруымен (құрт ауруы) эпидемиологиялық ахуалы күрделі аймақтардың бірі саналады. Республика бойынша алдыңғы үштікте. Биылғы 2 айдың өзінде облыс бойынша 97 науқас есепке алынған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,7 пайызға артық болыпты. Өкініштісі сол, аудандарда осы дертке шалдыққандар саны күн санап көбейіп келеді.

      -          Туберкулезге шалдыққандар алдымен өздерінің жеке бас гигиенасын сақтауы керек. Өйткені, бұл ауру ауамен таралатындықтан, онымен дер кезінде емделмесе, айналасындағы адамдарға тез таралады. Және осы сәтті пайдаланып, туберкулез ауруының алдын дер кезінде алса, одан айығып шығуға болатынын біз тұрғындарға тағы бір мәрте ескерткіміз келеді.

      Десек те, бізде өкінішке орай бәрі керісінше болып отыр. Зерттеу қорытындысы көрсеткеніндей, туберкулезбен ауыратындар бірде- бір емдеу орындарында тіркелмеген болып шығады. Және олар жұмысынан айырылып қалмау үшін ауруларын жасырғанды жөн көреді. Оған бір мысал, жуырда ғана біз Теміржол маңы ықшам ауданында халықты жинап, рентгенге түсірдік. Сол кезде белгілі болғаны, олардың ішінде жылма- жыл тексеруден өтпейтіндері де бар болып шықты,- дейді облыстық «Денсаулық сақтау» басқармасы басшысының орынбасары Түркменбай НҰРЖІГІТОВ.

       

       

      БАЛАСЫН ОҚШАУЛАМАҒАНДАР КЕСІРІ

      Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің карантинді және аса қауіпті жұқпаларды (соның ішінде туберкулезді) эпидқадағалау бөлімінің басшысы Өтеміс АПУЛОВТЫҢ айтуынша, туберкулезбен аурушаңдықтың облыстық және республикалық деңгейі бойынша Құрманғазы ауданы – 98 пайызға, Жылой ауданы – 85,3 пайызға, ал Атырау қаласы – 81,2 пайызға жоғары болған. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезбен ауыру және оны жұқтыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша туберкулезбен ауырған 22 науқас балалар тіркелсе, ол көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 жағдайға көбейгені байқалады. Оның ішінде Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандары көш бастап тұр. Сондай- ақ, жасөспірімдер арасында өткен жылы туберкулезге жаңадан шалдыққан 49 науқас анықталып, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір адамға азайған. Ол бойынша Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары мен Атырау қаласы басымырақ түсіпті. Туберкулезден арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері де қашып құтыла алмай отыр. Өткен жылдың қорытындысымен республикалық деңгейдегі көрсеткіштен асып түскен олардың саны – 33-ке жеткен.

      -          Қазіргі уақытта республика бойынша туберкулез ауруының көптеген дәріге төзімді түрімен күресу мақсатында жасақталған бағдарламалар бар. Атап айтқанда, «Атырау облысында туберкулезбен күрес жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар» бағдарламасы барысында тиісті шаралар алынып отыр.

      Эпидемиологиялық қадағалаудың негізгі бағыттарының бірі де балалар мен жасөспірімдердің туберкулезбен аурушаңдығының алдын алу үшін жүргізілетін шараларға бақылау жасау болып табылады. Туберкулез талшығы табылған орындардан балаларды алшақтау үшін облыс көлемінде шипажай балабақшалары, мектеп- интернаттар жұмыс істейді. Соған қарамастан, туберкулездің жұқпалы түріне шалдығып, есепте тұрған ата- аналардың өз балаларын осындай арнаулы орындарға жібермеуінен, яғни оқшауламаған себебінен олармен қарым- қатынаста болған 2 оқушы және 1 бала жұқтырып алғаны анықталды.

      Жалпы, туберкулез ауруының алдын алуда салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Бұл орайда сонымен қатар қазіргі замандағы технологиялық хабарламаларды қолдана отырып, емханаларда, қоғамдық көліктерде видеороликтер көрсетіп, жасөспірімдер мен студенттер арасында телебағдарламалар мен сауалнамаларды үнемі ұйымдастырып отырған жөн, - дейді Өтеміс Апулов.

       

      АТА- АНАЛАР ЕКПЕНІҢ ҚҰРАМЫНА АЛАҢДАЙДЫ

      Күні бүгін елімізде медицина мамандарын алаңдатып отырған тағы бір өзекті мәселе –перзентханалардағы кейбір аналардың жаңа туылған сәбилеріне БЦЖ вакцинасын (екпе) салуға түбегейлі қарсылық білдіруі. Бұл жөнінде сөз қозғалғанда, жиналғандар мұндай әрекетке көбінесе кейбір діни жат ағымның жетегіне ергендер барады десті. Алайда, Атырау облысы Дін істері басқармасының «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Айбек АТАШЕВ, вакцинадан бас тартқандардың бәрін дін ұстанғандармен байланыстыруға негіз жоқ деген қарсы пікір айтты.

      -          2014-2015 жылдары облыстық мешіт имамдарымен бірге үй-үйді аралап, оларға түсінік жұмыстарын жүргізгендер қатарында мен де болдым. Сол кезде бізге ит қосып қуғандар да, жылы қабылдағандар да болды. Бір айта кетерлігі, біз аралаған 300 тұрғын үй- жайлардың тұрғындарының жартысынан көбі дінге қатысы жоқ адамдар екен. Соның ішінде кәдімгі мұнай саласында, мекемелерде қызмет ететіндер, тіпті ұстаздар бар. Бұл адамдар бізден бұл екпенің құрамында қандай қоспалар барын айтып беруді сұрады. Ал сол кезде біздің қасымызда бір де бір денсаулық сақтау саласының мамандары болған жоқ. Сондықтан, біз тек шариғатта екпе салдыруға тыйым жоғын айтып, діни тұрғыдан ғана түсінік бердік. Ата- аналар бізге осыған дейін мұндай екпенің әсерінен болған басқа қалалардағы жағдайларды айтып, алға тартты. «Егер екпеден кейін баламыз ауырып қалса, оған медицина мамандары емес, ата- ана, яғни мына біз жауапты боламыз және солай деп қол қоюмыз керек екен. Ал, екпенің құрамын білмей тұрып, біз қалай қол қоямыз?» деді бізге.

      Бір жағынан алғанда, ата- аналардың бұл айтулары да орынды. Шынымды айтсам, бұл екпенің ішінде нендей қоспалар бар екенін мен өзім де әлі күнге дейін білмейді екенмін. Сол үшін туберкулез ауруына қарсы вакциналауға қатысты таратылатын жадынаманың екінші жағына оның құрамында нелер бар екені жазылып қойылса деген ұсынысым бар, - деп қынжылыс білдірді орынбасар.

      Аталған сауалға жауап ретінде басқосуға жиналған медицина мамандары БЦЖ екпесінен бас тарту фактілерінің жиіленуі алдағы уақытта балалар арасындағы туберкулездің асқынған түрінің орын алуына әкелетінін айтты. Бір ғана мысал, Атырау қаласында өткен жылы БЦЖ екпесін алмаған 2 бала туберкулезбен ауырған. Сондықтан, олар облыс аумағында туберкулезбен аурушаңдықтың эпидемиологиялық көрсеткіштерін жақсарту бағытында оған қарсы күресті күшейту шараларын мықтап қолға алатын уақыт жетті десті.

      Айта кету керек, Атырау облысы бойынша соңғы үш жылда анасының бас тартуымен перзентханалардағы БЦЖ екпесін алмаған сәбилер саны 2013 жылы – 324, 2014 жылы- 486, 2015 жылы -  534 болған.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____      _____    _    _     _____     ______  
       |  _ \\   |  ___|| | || | ||  |  ___||  /_   _// 
       | |_| ||  | ||__   | || | ||  | ||__      | ||   
       | .  //   | ||__   | \\_/ ||  | ||__     _| ||   
       |_|\_\\   |_____||  \____//   |_____||  /__//    
       `-` --`   `-----`    `---`    `-----`   `--`     
                                                        
      
       
      Наверх