19 тамыз 2017, 9:49
      Аймақ 27.11.2015, 12:15 0 пікір 1003 просмотров

      «Балапан» балабақшасындағы байбалам

      Қаладағы №13 «Балапан» балабақшасы қызметкерінің туберкулездің ашық түрімен ауыратыны анықталды. Бұл мәліметті дәрігерлер де растап отыр.


      Туберкулез дертіне шалдыққан бала күтушісі осы күнге дейін «Балапан» балабақшасындағы 2-ші кіші топта тәрбиешінің көмекшісі қызметін атқарып келген. Осыған байланысты балаларының денсаулығына алаңдап, абыржыған ата-аналар балабақша басшылығынан, дәрігерлерден мән-жайды түсіндіруін талап етуге жиналды. Ертеңіне алаңдап, шыр-пыр болған ата-аналарды сабырға шақыру оңайға соқпады. Олар өз кезегінде «Естуімізше, балабақшаның бұл қызметкері 2008 жылдан бері тәуекел тобында болып келген. Бұл рас па? Сондай-ақ балабақшаны карантинге жапқан кезде де ата-аналарға жағдайды ешкім түсіндіріп жатпады. Біз «Балапан» балабақшасы қызметкерінен осындай қауіпті диагноз анықталғандығын оқыстан біліп отырмыз. Бізге түрлі сылтаулар айтып, мән-жайды жасырды? Неліктен? Енді балабақшада тәрбиеленіп жүрген балаларымыздың жағдайы не болмақ? Олардың осы дертті жұқтырмайтындығына кім кепілдік бере алады?» деген көпшілік сұрақтарына қанағатты жауап ала алмағандығын айтуда.

      -  Санамыз сан саққа жүгірді. Әбігерге түстік. Әрбір ата-ананың қалауы – балаларының денсаулығы. Ата-аналар тарапынан қаншама сұрақтар қойылып жатыр. Бірақ тиісті жауап ала алмадық. Қауіпті диагноз анықталған бала күтушісінің тек бір ғана топпен байланысы болды деп айтуға болмайды. Ол басқа топқа кіріп-шығады, өзге қызметкерлермен араласады. Бұл дегеніміз – туберкулез таяқшаларының балабақшаның барлық жерінде бар дегенді білдіреді емес пе? Сондықтан тек сол қызметкер қызмет еткен топтың балаларын ғана емес, барлық баланы тексерістен өткізулерін талап етеміз. Ал олар барлық баланы қарап жатқан жоқ. Мен қызымның денсаулығына алаңдаймын. Дертке шалдыққан қызметкердің баласы менің қызыммен бір топта тәрбиеленіп келді. Сондай-ақ карантинді не үшін жариялағанын да бізге айтқан жоқ. Тек ғана «1-ші күнге дейін демалыс» делінді. Себебін сенбі күні өзге тұлғалардан естіп, білдік, - деп ашуланды Айгүл Дастанқызы.

      -   Сұрақтарымызға нақты жауап берген адам болмады. Балаларымыз барып жүрген балабақшадан туберкулездің ашық түріне шалдыққан қызметкер анықталғандықтан қорқамыз. Баламды балабақшаға әкеліп жүрген жоқпым. Үш күн карантин жасау аз деп ойлаймын. Мантуды да «барлық ата-аналар келіссе ғана саламыз, барлығы келіспесе салмаймыз» дейді. Мемлекеттік емханадағы рентгенге түссек бәрі «жақсы», ал жекеменшік емханалардағылар олай демейді. Сонда кімге сенеміз? - дейді ата-ана Алмагүл ҚАЗАЛИЕВА.

      -   Ата-аналармен кездесіп, түсінік берудеміз. Сырқатқа шалынған бала күтушісі есепке алынды. Ауруханада ем алуда. Сол топта болған балалар толық тексеруден өтуде. Рентгенге түсіріліп, манту салынуда. Тексеріс қорытындысы әлі анықталған жоқ. Балалаларға балабақшаға келуге рұқсат берілді, - дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің балалар бөлімі меңгерушісі Алтын КУШУМОВА. Қызметкердің қауіпті дертке шалдыққаны кездейсоқ анықталған. Облыстық ауруханаға аллергиямен түскен науқастан тексеру кезінде туберкулез анықталған. Аталған балабақшада 2013 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырған бала күтушісі соңғы рет ағымдағы жылдың наурыз айында медициналық тексерістен өткен. Бүгінде балабақша меңгерушісі мен медбике өз еріктерімен жұмыстан босатылған. Басты байлығы балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар олардың толық тексерістен өткізілуін талап етеді және мұндай жағдайдың келесі де қайталанбауын  сұрайды.


      Арайлым Бағытжан

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____     ______    _  __   __   __   _____    
       / ____||  /_   _//  | |/ //  \ \\/ // |  __ \\  
      / //---`'   -| ||-   | ' //    \ ` //  | |  \ || 
      \ \\___     _| ||_   | . \\     | ||   | |__/ || 
       \_____||  /_____//  |_|\_\\    |_||   |_____//  
        `----`   `-----`   `-` --`    `-`'    -----`   
                                                       
      
       
      Наверх