28 наурыз 2017, 21:54
      Қоғам 05.11.2015, 11:15 0 пікір 720 просмотров

      Атырауда бүлдіршіндердің кіші ассамблеясы құрылды

      Биыл Қазақ хандығына 550 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл атаулы мерекелерге елімізде ерекше маңыз беріліп, сән-салтанатты түрде аталуда. Осындай мерекелерге орай Атырау қаласындағы «Еркетай» балабақшасында бүлдіршіндердің кіші ассамблеясы құрылып, жұмысын бастады.


      Көпұлтты Қазақстан үшін бірлік пен татулықтың орны ерекше. Көпұлтты бейбіт ел ретінде Қазақстан өзге ұлттар мен ұлыстарға татулықтың ерекше үлгісін танытып отыр десек те артық айтқандық емес. Қиын-қыстау уақыттарда тағдырдың тәлкегімен қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкені белгілі. Сол жылдарда пана іздеген ұлт өкілдеріне қамқорлық танытып, мейірім көрсетудің нәтижесінде осындай көпұлтты мемлекетке айналып отырмыз. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Қазіргі кезде елімізде 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір Тудың астында бейбіт ғұмыр кешуде. Олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық, яғни білім алу, ем алу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктері берілген. Елімізде тұрақтаған ұлт пен ұлыстарға мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға да жағдайлар жасалып отыр.

      Осыдан 20 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз ету, өркениеттік және демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру бағытында қызмет етіп жатыр. Бүгінгі таңда барлық облыстарда кіші Ассамблеялар құрылып, «Қоғамдық келісім және Достық үйлері» жұмыс жасауда. 

      Мәселен, Атырау облысындағы қызмет етіп жатқан 17 этномәдени бірлестіктердің басын қосқан, бір шаңырақ астында тоғыстырған «Достық үйі» аталған әсем ғимарат осыдан біраз уақыт бұрын пайдалануға берілген болатын. Бұл, әрине, өңірімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің бір-біріне деген татулығын, сыйластығын еселей түскені хақ.

      Ынтымақ ұйтқысына айналған Қазақстан әлем елдеріне бейбітшілік орнаған, татулығы тұрақты ел ретінде етене таныс болды. Әлем елдері біздің елімізде орнаған ынтымақ пен бірлікке қызыға да қызғана қарайтыны анық. Ал осы орнаған татулықтың мызғымас үлгісінің қалыптасуында Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше.

      Биылғы жыл Елбасымыздың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы деп жарияланды. Яғни бұл Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт және келісім саясатының 20 жылдығы. Яғни бұл Қазақстан халқының ынтымағы мен берекелі бірлігінің арқасында жеткен жемісті жетістігінің 20 жылдығы.

      Осы 20 жыл ішінде этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

      Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады. Өзге өңірлерді айтпағанда, Атырау аймағында қаншама сан ұлттың өкілі бауырластықта, татулықта күн кешуде. Ұлт өкілдері аймақтың дамуына өзінше үлес қосуда. Түрлі мерекелік шараларда облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері аса ұйымшылдықпен қатынасып, өнерлерін, салт-дәстүрлерін баршаға паш етуде. Ал биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында тағы бір бүлдіршіндердің кіші ассамблеясы құрылып, «Достық үйінің» ашылуы да ерекше жағдай. Мұнда балалар түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениет меңгеріп, патриоттық, толеранттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсетін болады. Қазірдің өзінде бүлдіршіндердің кіші Ассамблеясы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік шаралар өткізіп, бүлдіршіндер әр ұлттың әні мен биін орындап, көптің көңілінен шығуда. Бүлдіршіндердің кіші Ассамблеясының құрылуына ата-аналар қауымы да дән риза. Олар өз кезегінде бүлдіршіндерінің көптеген ұлттың өнерімен танысып, оны меңгеріп өсетіндіктеріне қуануда. Жалпы, облыстағы этномәдени бірлестіктердің қызметі де жоғары деңгейде. Этномәдени бірлестік өкілдері облыс көлемінде атқарылып жатырған іс-шараларға өзінше үлес қосып келеді. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Ал құрылғанына аз уақыт болған бүлдіршіндердің кіші Ассамблеясы өскелең ұрпақтың елімізде қалыптасқан бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен бейбітшіліктің мәні мен маңызын түсініп өсулеріне септігін тигізетіндігіне сенім мол.


      Арайлым БАҒЫТЖАН

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______    _____     _____     _____     ____    
       /_   _//  |  ___||  |__  //   |  ___||  |  _ \\  
         | ||    | ||__      / //    | ||__    | |_| || 
        _| ||    | ||__     / //__   | ||__    | .  //  
       /__//     |_____||  /_____||  |_____||  |_|\_\\  
       `--`      `-----`   `-----`   `-----`   `-` --`  
                                                        
      
       
      Наверх