24 тамыз 2017, 11:02
      Аймақ 24.06.2015, 15:35 0 пікір 862 просмотров

      Атқарушылық институтқа сенім арта түспек

      Егемендік алған алғашқы күннен бастап еліміз зайырлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет болу бағытын таңдады. Елбасымыз әлемнің дамыған 30 елі қатарына ұмтылысын да бәсекеге қабілетті әділеттілік, заң үстемдігін және құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастырғанда ғана ілігерімізді халыққа арнаған Жолдауында нықтады. Осы тұрғыда мемлекеттік тіркеу қызметін жүзеге асыратын Әділет департаменті басшысының орынбасары Асулан Нұрланұлы КАРИМОВПЕН тілдескен болатынбыз. 


      Тілші: - Асулан Нұрланұлы, жаңа жыл басталғалы жалпы құқықтық жүйеге, көптеген заңнамаларға өзгерістер енді. Осы орайда әділет органы қызметіне енген өзгерістерімен таныстыра отырсаңыз?

      Асулан Каримов: - Жаңа өзгерістер көп. Солардың бірі - бұрынғы Атырау облыстық сот  актілерін орындау департаментінің құзыреті ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 қаулысымен Әділет департаментіне берілді. Сонымен қатар, ҚР Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығын орындау мақсатында азаматтық хал актілерін тіркеу функциясы жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Қазіргі таңда АХАТ жұмыстарын Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атқарады. Әділет департаменті тарапынан тек мониторингті бақылау жүргізіледі.

      Тілші: - Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынған 100 нақты қадамын жариялады. Соның ішінде мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін жекеменшік сот орындаушыларға беру, жеке меншік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту міндеті қойылды. Осы турасында айта отырсаңыз, бұдан ұтарымыз бар ма?

      Асулан Каримов:  - 2011 жылдан бастап  өңірімізде жеке сот орындаушылар  алқа болып құрылды. Қазіргі уақытта жеке сот орындаушылар  өңірлік Палатасы болып өзгертіліп, 22 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Жеке сот орындаушылар институты жұмысын бастағаннан бері сот шешімдерінің орындалуында үлкен серпіліс болды. Олай дейтініміз, жеке сот орындаушы деген ол -  атқарушылық құжатты орындай отырып, өзі үшін қызмет ететін тұлға. Яғни, орындаудағы барлық құжаттарының заңда белгіленген белгілі пайызын  өзіне алып, қаржыландырады. Сондықтан әр жеке сот орындаушы атқаруға түскен құжатты мерзімінде орындауға тырысады. Олардың атқарушылық әрекеттегі барлық шығарылған қаулылары сотпен санкцияланады,  заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Бұның нәтижесінде - ұзақ жылдардан бері қарай орындалмай келе жатқан мыңдаған сот шешімдері іс жүзінде орындалып, өндіріп алушылардың құқықтары қорғалды. Институттың өміршеңдігін көрсетсе керек, Елбасы бұдан әрі мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін қысқартып, сот актілері мен атқару құжаттарын орындауды біртіндеп жеке орындаушылық тәртіппен жүзеге асыруды ұсынып отыр.

      Ең бастысы, бұл сот шешімдерінің дер кезінде орындалып, халықтың соттың шешімдеріне, атқарушылық институтқа деген сенімі артпақ.

      Тілші: - Бизнеске қолдау көрсету. Кәсіпкерлікке жағдайды жақсарту бойынша 2014 жылы 24 желтоқсанда жаңа заң қабылданғанын білеміз, бұл заңнамамен қызметті жүзеге асырасыздар ма?

      Асулан Каримов:  - Кәсібін айналдырамын деген тұлға алдымен Әділет департаментіне тіркеледі. Осы тұрғыда онлайн желісі арқылы заңды тұлғаларды тіркеудің тиімділігін көріп келеміз. Ия, ҚР «Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі  жақсарту мәселелері бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар» туралы заң қабылданып, 2015 жылы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл заң бойынша біріншіден, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерге жататын заңды тұлғалар үшін мөр жасау талабы жойылды. Ендігі жерде коммерциялық ұйымдардың кез-келген құжаттарына заңды тұлғаның басшысы немесе құрылтайшысының қол қоюы жеткілікті. Мөр соғу талап етілмейді. Екіншіден шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін алғашқы рет тіркеу және тарату рәсімдері тегін жүргізілетін болады. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін «электронды үкімет» веб-порталы арқылы тіркеу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқартылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті тарату, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініштерді де интернет арқылы беру мүмкіндігі іске қосылып отыр. Төртіншіден, нотариустар арқылы мүлікті тіркеуге қатысты барлық куәландырылған мәмілелер электронды түрде жүргізіледі және тіркеуге тапсырылатын құжаттардың тізімінде жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжат тапсыру міндеттілігі жойылды.

      Тілші: - Ендігі сұхбатымызды елімізде жүріп жатқан науқан қаржы мен мүлікке рақымшылық жасаудың көрсеткішімен өрбітсек, рақымшылықпен мүліктерін тіркеп жатқан азаматтар қанша?

      Асулан Каримов: - Бұл акция бойынша тұрғындардан көп түсетін сауал «жаңадан  бөлінетін  жер учаскелері және меншігіне тіркелінген жер учаскелерінің көлемін  ұлғайту жария етуге жатады ма?» деген. Биылғы шараның көлемінде    жер учаскелері және меншігіне тіркелінген жер учаскелерінің көлемін  ұлғайту қарастырылмаған. Яғни, аталған шара  негізінде жария етуге  құрылысты салуға берілетін мемлекеттік органның рұқсатынсыз  салынған жылжымайтын мүліктер ғана жария етіле алады. Қазіргі уақытта әділет департаментінде 119 мүлік тіркелді. 50 тұрғын үй, 59 тұрғын емес нысан, 10 коммерциялық бағыттағы. 

      Тілші: - Тұрғындарға сапалы заң көмегін көрсетіп, азаматтардың құқықтық деңгейін арттыруда қандай қызмет атқарып келесіздер?

      Асулан Каримов:  - Ия, азаматтардың барлығы бірдей, өз құқықтарын жетік біле бермейді. Оларға құқықтық көмек көрсету міндетіміз. 2013 жылы қабылданған ҚР «Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету» Заңын кеңірек айта өтсем,  бұл заңның қабылдануымен біртұтас жүйе қалыптасып,  нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіп негізінде барлық мемлекеттік органдар, адвокаттар, «Нотариат туралы» заң бойынша нотариустар,  «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы»  заң бойынша жеке сот орындаушылары көрсетуі тиіс. Адвокат көрсететін тегін заң көмегі- бұл алимент өндіріп алу, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандардың істеріне қатысты беріледі. Сондай-ақ, егер сот қарап жатқан дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектерге көрсетілмек. 

      Адвокаттардың заңгерлік көмек көрсету аясында бүгінгі таңда Атырау облысында 118 адвокат қызмет атқарады. 

      Сонымен қатар, департамент тұрақты түрде жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер және ҚР ӘМ құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен бірлесе тоқсанына 1 рет «Әділет кеңес береді» акциясын ұйымдастырып, сондай-ақ, селолық округ тұрғындарымен кездесулер өткізіп келеді.

      Тілші: - Асулан Нұрланұлы, 23 маусым - мемлекеттік қызметкерлер күні. Ел алдындағы жауапты міндетті арқалап жүрген Сіздерді келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймыз.

      Асулан Каримов:  - Рақмет. Еліміз тәуелсіздік алғалы қоғамның қалыптасу бағытында ауқымды істер атқарылып, экономикасы қалыптасқан қазіргі жағдайға жетті. Бұл жетістікке жетуде мемлекеттік қызметкерлердің де еңбегі ерекше екенін ешкім жоққа шығармайды. Олар өз міндеттемелерін кәсіби деңгейде атқарып, құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосты, қосып та келеді. Сондықтан да, 23 маусымның - мемлекеттік қызметкерлер күні болып саналуын құптаймын.  Осыған орай, барша мереке иелерін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, еңбектеріне шабыт тілеймін. Ел тәуелсіздігіміз тұғырлы, келешегіміз кемел болғай дегім келеді.

      Тілші: - Сұхбатыңызға рақмет!


      Сұхбаттасқан Арай НҰҒЫМАНОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   _    _    _    _      ___      _  _   
       /_____// | || | || | || | ||   / _ \\   | \| || 
       `____ `  | || | || | || | ||  / //\ \\  |  ' || 
       /___//   | \\_/ || | \\_/ || |  ___  || | .  || 
       `__ `     \____//   \____//  |_||  |_|| |_|\_|| 
       /_//       `---`     `---`   `-`   `-`  `-` -`  
       `-`                                             
      
       
      Наверх