18 тамыз 2017, 14:50
      Аймақ 14.05.2015, 12:12 0 пікір 1256 просмотров

      Боздақтар рухына тағзым етті

      Міне, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына тура 70 жыл толды. 70 жыл өтсе де, адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген сұрапыл соғыс халық есінде мәңгі сақталады, ел тарихынан ерекше орын алады... 


      9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде Атыраудағы «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тылдағы қазіргі еңбек пен жеңісті шыңдағандарға тағзым етуге, майданда әкелері мен ұлдарынан, бауырларынан айырылған әрбір жанұяға, соғыстан қайтып оралмаған ерлерді еске алуға, Ұлы Жеңіске арналған салтанатты жиын өтті.

      Жалпы, бұл күн  - сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналған болатын.

      Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ те өз сөзінде Дүниежүзінің 60-тан асқан мемлекетінің халқы мен әскері қаһарлы 6 жылды екінші дүниежүзілік соғыс деген тараумен тарихқа таңбалағанын, бүкіл әлем жұрты 25 миллионнан астам әскерден айырылып, одан екі есе көп бейбіт халықтың қаны төгілген зұлмат жылдарды бастан кешкенін әңгімеледі.

      - Сол ғасырдың кесапатынан аман оралған, бүгінгі бейбіт күннің куәсі 78 ардагер қазір арамызда. Олардың 12-сі күні кеше Астана қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің парадына қатысып, өркен жайған Елордамызда саяхаттап жүр.

      Талай халықтың тағдырын тас-талқан еткен тұста қазақстандықтар «Отан үшін!» деп, қайсарлық пен қаһармандықтың, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Батылдық пен батырлықтың арқасында генерал Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Хиуаз
      Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалар намысты қолдан бермейтін, жеңістің рухы кернейтін елден екенімізді бүкіл одаққа мойындатты. Олардың есімдері мәңгі есте сақталатын, тау тұлғалары тұғырнаға айналды. Тағылымды тағзым ететін орындар сұрапыл соғысты насихаттайтын емес, ұлағатты ұрпақ тәрбиелейтін патриотизмнің символына айналуға тиіс!

      Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің парадында біздің Қазақстанымыздың кәсіби айбынды армиясы бар, олардың шынығып, шыңдалуы жолында батыр бабаларымыздың ерлік істері өнеге болуға тиіс деген болатын. Облысымыздың мұрағат қызметкерлері тың деректер тауып, «Мәңгілік мінажат» атты кітапты шығарды. Кейбір деректерде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ сардарларының санын аз көрсетеді. Атыраулық тарихшы-журналист Жұмабай Доспанов өзінің елеулі еңбегінде жаңалық ашып, Қазақстаннан шыққан офицерлердің саны 8867 екендігін көрсететін 10 томдық кітап шығарды, - деген облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, жеңісті жақындатқан ҰОС және тыл ардагерлерін, жиналған қауымды Жеңістің 70 жылдық мерекесімен құттықтап, елімізге бейбітшілік, тыныштық тіледі.

      Облысы әкімінің айтуынша, биылғы Жеңіс жылының басты жаңалығы  - сұрапыл соғыстан оралмағандарға арналып салынған ескерткішті жаңарту үшін облыс бюджетінен 100 миллион теңге бөлініп, 23 саябақ пен гүлзарлар жөнделгені. Қан майданда қаза болған ерлерге арналып жаңадан салынған Құлсары қаласындағы, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы, Құрманғазы ауданының Жыланды ауылындағы мемиоралдық ескерткіштер жас ұрпақтың тәу ететін тәрбие орындарына айналғандығы.

      Бұл күні Атыраудағы «Жеңіс» саябағында гранит тақталарға екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың, сонымен бірге, хабарсыз кеткен боздақтардың есімі жазылған мемориалдық кешен ашылды. Кешенде орнатылған гранит тақталарға ұрыс даласынан оралмаған Атыраулық 24 мың 631 жауынгерлердің есімі жазылған.

      Тағы белгілі болғанындай, мереке қарсаңында Атырау облысында 15 ардагерге жаңа баспана берілсе, бірқатар майдангерлердің үйі күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың жесірлеріне, ауған жеріндегі ұрыс-қимылдарға қатысушыларға коммуналдық қызметтер үшін төленіп келген
      3 мың теңге былтыр 15 мың теңгеге дейін көтерілген.

      Облыс әкімі мен қала әкімі, Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері, ауған ардагерлері мен «Тәжік-ауған» шекарасындағы шайқасқа қатысушылар, әскерилер, мекеме ұжымдары, оқу орындары және қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыстан оралмаған боздақтар рухына тағзым етті.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, суреттер автордыкі. 

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    _    _     ______   _    _             
      | \  / || | || | ||  /_   _// | || | ||   ____    
      |  \/  || | || | ||  `-| |,-  | || | ||  |    \\  
      | .  . || | \\_/ ||    | ||   | \\_/ ||  | [] ||  
      |_|\/|_||  \____//     |_||    \____//   |  __//  
      `-`  `-`    `---`      `-`'     `---`    |_|`-`   
                                               `-`      
      
       
      Наверх