27 наурыз 2017, 18:38
      Қоғам 29.04.2015, 16:09 0 пікір 805 просмотров

      Борышкерлерге арналған бағдарлама

      Кезінде бас қайғысы – баспанаға қол жеткізу үшін ипотекалық несиеге жүгінгендер арасында бүгінде қарызын өтей алмаған борышкерлердің үлкен бір тобы қалыптасқаны рас. Олар, негізінен, 2004-2009 жылдардағы экономикалық құрылыс дағдарысы тұсына тап болғандар. Енді биыл Үкіметтің қолдауы арқасында  олардың мәселесі шешілетін болды. Осы жайт төңірегінде біз ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВПЕН сұхбаттасқан едік.


      - Қозыбақ Әбуұлы, әңгімеміздің басын облыстың бүгінгі қаржылық жағдайынан бастасақ. Депозиттік салымдар, несиелер және валюта нарығы туралы не айтасыз?

      - Облыстың депозит нарығы жөнінде айтсам, осы  жылдың 1 наурызында екінші деңгейдегі банктер филиалдарындағы салымдар бойынша қалдықтар 2014 жылдың 1 наурызымен салыстырғанда 9,9 пайызға төмендеді және 151,6 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 26 пайыздан астам, шетел валютасындағы 73 пайыздай болып отыр. Салымдардың жалпы сомасында жеке тұлғалардың салымдары 92,4 млрд. теңгені құрады, заңды тұлғалардікі – 59,2 млрд.теңге. Жалпы, осы кезеңде   жеке тұлғалардың депозиттеріндегі қаражат қалдығы өткен жылдың сәйкес датасымен салыстырғанда 9,5 пайызға өсті, ал, заңды тұлғалардікі  29,4 пайызға азайды. Осы ретте облыстың банк мекемелеріндегі салым әр жан басына шаққанда орташа 158,5 мың теңгені құрағанын айта кету керек. Ал, облыстың несие нарығында  осы жылғы 1 наурызға облыстағы банк филиалдарының несиелері бойынша берешектер 308,2 млрд. теңгені құрады, яғни, 2014 жылдың 1 наурызымен салыстырғанда 16,8 пайызға өскен. Жеке тұлғалардың да берешегі өсті. Нақты айтқанда, олардың берешектері өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда 10,3 пайызға өсіп, 170,8 млрд. теңгені құрады, ал заңды тұлғалардікі – 26 пайызға өсіп, 137,4 млрд. теңгеге жетті. Осы уақыттағы екінші деңгейдегі банктерге берешектер жан басына шаққанда облыс бойынша 293,1 мың теңгені құрайды. Керісінше, заемдар бойынша мерзімі өткен берешектер көлемінің төмендеуі байқалады.  Яғни, өткен жылдың 1 наурызымен салыстырғанда 32,7 пайызға төмендеп, 13,5 млрд. теңгені құрады. Мерзімі өткен берешектер құрылымында жеке тұлғалардың несиелері 9,8 млрд. теңгеге дейін, ал, заңды тұлғалардікі  3,7 млрд. теңгеге дейін азайды. Валюта нарығында 2015 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын облыстың 129 айырбастау пункті жүзеге асырды, олардың 99-ы уәкілетті банктердікі, 3-уі уәкілетті пошта байланыс ұйымынікі және 27 - сі уәкілетті ұйымдардікі. Атап айтқанда, облыстың айырбастау пункттерімен биылғы қаңтар-ақпанда халыққа 148,6 млн. АҚШ доллары сатылды. Бұл дегеніміз, 2014 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 31,5 пайызға көбейген деген сөз. Бұдан басқа, халыққа 3,2 млн. еуро (3,2%-ға өскен), 1 893,5 млн. ресей рублі (өсім 4,3 есеге) сатылды. Ал, аталған екі айда облыстың айырбастау пункттерімен халықтан 25,6 млн. АҚШ доллары сатып алынды. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 4,5 пайызға жоғары. Сонымен қатар, 1,1 млн. еуро (10%-ға өскен), 371,1 млн. ресей рублі (өсім 2,5 есеге) сатып алынды.

      Осы жылғы ақпанда сатып алу мен сатудың орташа безбенделген бағамы тиісінше 1 доллар үшін 184,80 және 185,63 теңге, 1 еуро үшін 208,69 және 211,43 теңге, ал 1 ресей рублі үшін 2,84 және 2,95 теңгені құрады.

      - Биыл еліміз бойынша ипотекалық несие төлеушілерді қолдау мақсатында 130 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Осы бағдарламаның маңызы, талаптары жөнінде толығырақ айтып берсеңіз...

      - Ағымдағы жылдың 11 ақпанындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешуге 130 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Осы мақсатта Ұлттық  Банк  арнайы Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті және «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталының мөлшерін 130 млрд. теңгеге ұлғайтты. Бағдарлама жеке тұлғалардың 2004-2009 жылдар аралығында берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және басқа да ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға, яғни олардың  ипотекалық қарыздарын өтеу жағдайларын жұмсартуға бағытталған.

      Бұл бағдарлама, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлерге, тұрғын үй ипотекалық қарыздары мен басқа да ипотекалық қарыздарын шетелдік және ұлттық валютада алған борышкерлерге, сондай-ақ мерзімі өткен берешектері бар борышкерлерге арналған. Сонымен қатар, қайта қаржыландыру бағдарламасының аясына заңды күшіне енген сот актілері бар тұрғын үй ипотекалық қарыздар мен басқа да ипотекалық қарыздар кіреді.

      Бағдарламаның негізгі талаптары бойынша қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3 пайыз және қарыз мерзімі 20 жылға ұзартылатын болады.  Осы ретте борышкердің негізгі қарызы 36,5 млн. теңгеден аспауы немесе 200 мың АҚШ доллары шамасында болуы және оның тұрғын үйінің ауданы 120 шаршы метрден аспауы керек. Ал, егер борышкер және оның отбасы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатса, онда оларға тұрғын үй ауданына қатысты шектеулер қойылмайды. Тағы бір ескерте кететін жәйт, кепілдегі тұрғын үй борышкердің және оның жұбайының жалғыз баспанасы болуы шарт. Осы ретте екінші деңгейдегі банктер тарапынан болатын комиссиялар, тарифтер және өзге де шығыстардың ұсталмайтындығын айта кету керек.

      Аталған бағдарламаға сәйкес, жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру олардың өтініші негізінде 9 екінші деңгейдегі банк арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Қазкоммерцбанк» АҚ («БТА Банк» АҚ, «БТА Ипотека» АҚ), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Фортебанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк АҚ және «Нұрбанк» АҚ филиалдары.

      Халықаралық тәжірибеде бұл еліміздің Ұлттық Банкі тарапынан ипотекалық заемдарды қолдау бойынша жасалынып отырған теңдесі жоқ шара болып табылады. Тоқ етерін айтсақ, 2004-2009 жылдар аралығында тұрғын үй ипотекалық несиелер және басқа да ипотекалық несиелер алып, төлей алмай қиналып жүрген әр адам жоғарыда аталған тоғыз банк филиалдарына өтініш беріп, мәселені шешуге өздері жұмыстану керек. Қол қусырып қарап отырған адамға ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды дер кезінде пайдалана білу керек. Банктерге барған кезде қиындықтар туындап жатса, ҚР Ұлттық Банкінің Атырау филиалына арыздануға болады.

      - Осы бағдарламаның іске асырылуын, оның талаптарының орындалуын кім бақылайды?

      - Жалғыз акционері ҚР Ұлттық Банкі болып табылатын, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ы екінші деңгейдегі банктердің бағдарламада көзделген талаптарды орындауына, олардан ай сайын бекітілген нысандар бойынша есептер қабылдау арқылы, мониторинг жүргізеді. Жүргізілген мониторинг негізінде ол бағдарламаның орындалу барысы туралы Ұлттық Банкке ақпарат ұсынады.

      - Жақында сарапшылардың таратқан «Ұлттық банк 15 пайыздық девальвацияға барады» деген мәлімдемесін қалай түсіндірер едіңіз? Бұл алдағы уақытта теңге құнсызданады дегенді білдіреді ме?

      - Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда еліміздің экономикасына, ұлттық валютамыз – теңгенің айырбастау бағамына қатысты пікір айтушы түрлі сарапшылар көбейіп кетті, әрине. Естеріңізде болса, ағымдағы жылғы ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында  Елбасымыз девальвацияның күрт болмайтындығын айтып, нүкте қойған болатын. Елбасының әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қоймаған жағдайда, еліміздің экономикасын бұдан әрі дамытуға және құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын бекіткендігі баршамызға аян. Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банкінің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесінде және Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының 2015 жылға арналған негізгі бағыттарында Ұлттық Банктің ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және инфляцияны нысаналы дәлізде ұстап тұру мақсатында атқаратын іс-шаралары толық көрсетілген. Сол себепті, халық әркімнің алып-қашпа сөздеріне, түрлі сарапшылардың пікірлеріне құлақ аса бермей, мемлекетіміздің осындай стратегиялық маңызды құжаттарына сенім білдіру керек деп ойлаймын.

      Ұлттық валютамыз - теңгенің бағамы – ел экономикасының айнасы. Егер девальвация жасалса, теңгенің ұлттық валюта ретіндегі беделі түседі, тұтыну сұранысы азаяды. Шағын және орта бизнес үлкен шығынға ұшырайды. Ал, қарапайым халыққа тіптен қиын соғатыны анық. Сондықтан ұлттық валютамыз – теңгенің болашағына сенім білдірейік!

      - Келелі сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!


       Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____    __   __   _____     __   __    ______  
       /  ___||  \ \\/ // |  __ \\   \ \\/ //  /_   _// 
      | // __     \ ` //  | |  \ ||   \ ` //   `-| |,-  
      | \\_\ ||    | ||   | |__/ ||    | ||      | ||   
       \____//     |_||   |_____//     |_||      |_||   
        `---`      `-`'    -----`      `-`'      `-`'   
                                                        
      
       
      Наверх