25 апреля 2017, 14:29
      Аймақ 15.04.2015, 17:12 0 пікір 692 просмотров

      Дипломы болғаннан не пайда, жастар сұранысы төмен мамандыққа оқыса

      Облысымызда жұмыссыздықпен күрес қалай жүзеге асуда? Жұмыс орындарында жұмысшыларды қысқартуды болдырмау бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Жастар неге жұмыссыз жүр? Көпшіліктің көкейінде жүрген осы сауалдарға орталық коммуникациялар қызметінде өткен басқосуда жауап табылды.


      Мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуіне байланысты кейбір өндіріс орындарында жұмысшыларды қысқарту жағдайы орын алуы мүмкін. Оны болдырмау мақсатында облысымызда кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА осылай дейді. Клара Фазылқызының айтуынша, таяуда ғана әкімдік, басқарма, жұмыс беруші арасында үшжақты меморандумға қол қойылған.

      - Жуырда өткен комиссия отырысы жұмыстан қысқартуды болдырмау  бағытында өтті. Комиссия барысында үшжақты меморандумға қол қойылып, келісімге келдік. Жалпы, жұмыстан қысқартуды болдырмау мақсатында осындай 2267 меморандумға қол қойылды. Бұл мәселе ай сайынғы комиссия отырысында талқыланады. Жыл басынан бері қысқартуға ұшыраған 119 адам өз жұмыс орнын сақтап қалды. Кәсіпорындар мен мекемелерде қысқарту орын алмау үшін барлық бағыттар қарастырылады. Іс-шаралар нәтижесінде 500 адам жұмыстан қысқартылмайтын болды, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының басшысы.

      Жалпы, жұмыссыздықты жою үшін жасалатын басты бағыттардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Тек әр адам осы мүмкіндіктерді пайдалана біліп, кәсіппен шұғылданса, жұмыссыздық мәселесі өздігінен шешіледі. Бұл пікірімізбен Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА да келіседі.

      - Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басым бағыттар берілуде.

      Мәселен, бұрын кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін біраз қиындықтар болатын. Қазір керісінше, кәсіп ашуды қалайтындарға бар мүмкіндік қарастырылған. Микронесие алу арқылы әр адам өзінің жеке кәсібімен шұғылдана алады. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырыла басталғалы бері нәтижесін де беріп жатыр. Бағдарлама аясында жұмыссыз жүргендер ешқандай кепілсіз 3 миллион теңге көлемінде қаржылай несие алып, кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды. Несиенің үстемақысы төмен, оның үстіне кәсібі бір жолға түсіп кеткенше, несиені төлеуге демалыс та беріледі. Ал 3 миллион теңгені толықтай төлеген кәсіпкерге, үстемақысы төмен тағы 5 миллион теңге көлемінде қайта несие алуға болады. Мұның барлығы біле-білгенге керемет мүмкіндік. Бір адам жеке кәсібін ашып, кейін жұмысқа 4-5 жұмысшы алу нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі де төмендейтіні сөзсіз, - дейді Әлия Байжанқызы.

      Сондай-ақ, Әлия Байжанқызы өз сөзінде білім беру орындарында дуальдық жүйенің іске қосылу қажеттігін айтады.

      - Өзге өңірлердегі колледждер дуальдық жүйемен жұмыс жасауда. Біздің облыстағы колледждерге де осы жүйені енгізу жоспарда бар. Дуальдық жүйені енгізу арқылы колледждерден білікті мамандар даярланып шығатын болады. Қазіргі кезде оқыта салып, сертификаттар беру сәнге айналды. Ал сертификаты бар адамның жұмыста тәжірибесі бар деген сөз емес. Студенттеріміз диплом алады, бірақ олардың ішінен нағыз мамандарды табу қиын. Сол себепті дуальдық жүйе негізінде колледждерде оқып жатырған студенттер сабақтан соң мекемелерге барып, тәжірибеден өтетін болады. Соған орай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қаладағы 40 мекемені іріктеп алып, келісімге келуде. Болашақта студенттеріміз мамандықтарына сай мекемелерде тәжірибеден өтетін болады. Түске дейін сабақта болса, түстен кейін тәжірибеден өтеді. Бұл білікті маман даярлап шығуға көмектеседі, - дейді облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы.

      Ал Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнәр Нәбиқызы жастардың сұранысы төмен мамандықтарға оқуға түсетіндігіне тоқталды.

      - Қаламыздағы жұмыспен қамту орталығы 2011 жылдан бері жұмыс жасауда.

      Содан бері «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына 10752 адам қатысты. Орталық бағдарламаның үш бағыты бойынша да жұмыс жасайды. Орталықтан төрт жыл ішінде 499 адам микронесие алды. 912 жұмыс орны ашылды. Ал «Жас-тар тәжірибесі» бойынша айтар болсақ, 2012 жылдан бері 2000 жас түрлі мекемелерден тәжірибеден өтті. Бір айта кетерлігі, бүгінде ата-аналар балаларын сұраныс жоқ мамандықтарға оқуға түсіреді. Мәселен, бір жылда 3000 түлек оқу орнын бітірді делік. Оның тең жартысы жұмысқа өз еркімен орналасқан болса, қалғаны біздің орталықтың көмегіне жүгінеді. Олардың басым көпшілігі экономист, заңгер, техник мамандықтарын оқығандар. Мамандығына сай сұраныс жіберген мекемелерден 6 ай тәжірибеден өтуге жібереміз. Былтырғы жылы 751 жас тәжірибеден өтуге жіберілген болса, оның 464-і сол мекемеге тұрақты жұмысқа орналасты, - дейді Гүлнәр Нәбиқызы.

      Жалпы, облыста жұмыссыздық деңгейі бүгінгі таңда 4,9 пайыз екен. Олардың қатарында жастар да бар. Бұл көрсеткішті жою мақсатында жұмыстар жасалуда, жасала бермекші. Алайда, жастар жұмыссыз жүрмеуі үшін ата-аналар олардың мамандық таңдар сәтінде жауапкершілік танытулары қажет сынды. Дипломы болғаннан не пайда, егер біліктілігі мен салаға деген қызығушылығы болмаған жағдайда.


      Арайлым БАҒЫТЖАН

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       ______     ______   _    _    __   __     _____  
      |      \\  /_   _// | || | ||  \ \\/ //   / ___// 
      |  --  //   -| ||-  | || | ||   \ ` //    \___ \\ 
      |  --  \\   _| ||_  | \\_/ ||    | ||     /    // 
      |______//  /_____//  \____//     |_||    /____//  
      `------`   `-----`    `---`      `-`'   `-----`   
                                                        
      
       
      Наверх