25 мая 2017, 1:26
      Аймақ 12.03.2015, 17:48 0 пікір 841 просмотров

      Aқжайықта ақ балықтар азайған

      Жайық бойын әу бастан баршасы балықшылар мекені санаған. Бүгінде солай. Жайық бойының құстары шулап, балықтары тайша тулап жататын өңірдің бүгінгі таңда беймаза тірлігі басымдау. Бұл жайында балықшылармен бірге сапарлап шыққанымызда көз жеткіздік. 


      Газетімізге материал дайындау мақсатында көктемнің алғашқы күндерінің бірінде Атырау қалалық инспекция бөліміне барғанбыз.  Аталған бөлім басшысы Нұрлан ИМАНҒАЛИЕВ Жолдасұлы жылы шырай танытып қабылдап, жұмыстарының мән-жайына қанықтырды. Мұндағы мәліметтерге сүйенсек, Атырау инспекция бөлімінің қарамағында Жайық бойының 45 шақырымы тиесілі екен. Сондай-ақ, 15 қызметкер яғни, мемлекеттік инспектор бар. Бөлім басшылығына қарасты Талқайраң, Ақжар, Ақсай, Теңдік, Геолог, Балықшы, Жұмыскер елді мекендері мен ММС елді мекені жатады. Сонымен қатар, инспекция бөлімі 10 шақты бақшаны қарауға құқылы екен.

      - Бізде инспекторларымыз санаулы болғанымен, өз жұмыстарын адал атқарады.

      Кезекпен қызмет етіп, күндіз-түні жұмыс бабымен жүреді. Мәселен өткен жылдың ақпары жайында мысал келтіре кетер болсақ, көптеген деректер анықталып, арнайы әкімшілік іс қаралды. Нәтижесінде 43 іс қаралып, арнайы анықтауға жіберілген болатын. Солардың нәтижесінде 1520,8 келі болатын ұсақ тұқымдас балықтар тәркіленіп, «Надежда-1» ЖШС-не өткізілді. Соның ішінде 1506,8 келі балықтан 63 435 теңге өндірілді, -деді Атырау инспекция бөлімінің басшысы Нұрлан Иманғалиев.

      Мұндағылардан сұрап білгеніміздей өткен жылы 345 тұлғаға 1 979 791 теңге көлемінде айыппұл салынса, 135 тұлғадан 1111200 теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Жүзу құралдарынан 36 дана тәркіленсе, ау құралдарынан 1023 данасы алынып, инспекция қоймасына тапсырылыпты. Сондай-ақ, 450 рет арнайы рейд ұйымдастырылған. Жыл басынан бергі жасалған жұмыстар жайында сұрастырып көргенімізде, инспекция басшысы былай деген еді.

      - Жыл басталғалы, яғни қаңтар, ақпан айлары бойынша көптеген істер атқарылды.

      Айта кетерлігі, 20 іс ашылып арнайы анықтауға жіберіліп, нәтижесінде 210 келі болатын ұсақ тұқымдас балықтар «Надежда-1» ЖШС-не өткізілді. Сондай-ақ, 21 тұлғаға 297300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, 12 тұлғадан 118920 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілді. 375 дана ау құралдары тәркіленіп, инспекция қоймасына тапсырылды, -деді.

      ЖАЙЫҚТА ЖҮРІП, ЖАЛТАРЫП КЕТЕТІНДЕР

      Инспекция инспекторларымен бір күн дәмдес болуға тура келгендіктен, қоңыр-көк уаздарына от алдырып, алдымен қала ішін қамтып қайтпақ ниетте шыққанымызбен, тұзағымызға түскен жан болмады. Тек қана рұқсат бойынша бес қармақ салып, бес келі балық аулайтын әуесқой балықшылардан басқа көзімізге ешкім түспеді. Алайда, инспекторлардың сөздеріне сенсек, жасырын түрде балық аулайтындар болғанымен, олардың құтылып кететіндері көп екен. Бұған қалайша жол беріп қоясыздар деген сауалымызға мұндағылар «алыстан танып қояды да іздерін суытады» деп жауап берді. Бұған шын мәнінде өзімізде куә болдық. Сондай-ақ, естіп көргеніміз балықшылардың тілімен айтқанда балықшылардың көбі мұзға «телевизор» салады екен. Ал, «телевизор» дегеніміз кәдімгі аудан тоқылған екі метрдей қара сымы бар құралдың бір түрі екен. Осы құрал арқылы ойылған мұзға салып, балық аулауға болатынын көрдік. Балықшылармен бірге жүргенімізде қала ішінің өзінен бір демде үш «телевизор» тәркіледі. Өз жұмыстарына жанкештілікпен қарайтын инспекторлар қала ішінен шығып, Талқайраң жаққа бет алды. Мұнда да көп ешкім кездеспеді. Бірақ, төрт-бес метр болатын ау тәркіленді.

      - Өзіңіз көріп келе жатқандай балықшылардың қолға түсуі қиын. Алыстан аңдып көріп, қасымызға жоламай қояды. Оларды біздердің аңдығанымызбен, қолға түсетіндері некен-саяқ. Қазір әлі мұздың түспеген уақыты ғой. Ертең күн жылына бастағанда көптеген «қызыққа» кезігуге болады, -деді қалжыңға жақын тұратын аға инспектор Марат Тұяқбаев ағамыз.

      Бізге серік болып ере шыққан инспекция мамандары Руслан Сұлтанұлы мен Вячеслав Евгеновичте әзілден алыс жандар емес екен. Өз қызметтеріне құрметпен қарайтын жандардың жұмыстарына деген адалдықтары қуантты бізді. Алайда, Ақ Жайықта ақ балықтардың жыл санап азайып келе жатқандығы қынжылтты.


      Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ, суреттер автордыкі.

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   __   __    ______     ___     _    _   
       /_____//  \ \\/ //  /_____//   / _ \\  | |  | || 
       `____ `    \ ` //   `____ `   / //\ \\ | |/\| || 
       /___//      | ||    /___//   |  ___  |||  /\  || 
       `__ `       |_||    `__ `    |_||  |_|||_// \_|| 
       /_//        `-`'    /_//     `-`   `-` `-`   `-` 
       `-`                 `-`                          
      
       
      Наверх