27 маусым 2017, 21:43
      Аймақ 04.03.2015, 13:05 1 пікір 1377 просмотров

      Жапырағын жайған бәйтерек

      Он бір баланы өмірге әкелген, жапырағы жайқалған бәйтерек Клара СӘЛДИЕВА Махамбет ауданы Ақтоғай селосында тұрады. Көп балалы ананы көктемнің алғашқы мерекесіне орай құттықтап  арнайы бардық.


      Клара Сәлдеқызы 1936 жылы 1 мамырда Махамбет ауданы Карманов елді мекенінде, қарапайым отбасында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде небәрі бес жаста болған оның балалық шағы қиыншылыққа толы болған. Әкесі Сәлде АМАНЖОЛОВ соғысқа кеткен соң, тауқыметке толы соғыс жылдарында ол жастайынан еңбекке араласады. Анасына қолғабыс болып, егінде жұмыс жасайды.

      1946 жылы 8-ші ауылда 4 кластық мектеп-интернатта білім алады. 1952-1953 жылдары білімін Топайлы селосында жалғастырып, мектепті сол жерде тәмамдайды. 1953 жылы медициналық курсқа оқуға түсіп, отбасылық жағдайлар себеп болып, оқуын аяқтай алмайды. Жастайынан еңбекке араласқан Клара Сәлдеқызы жұмыс жасап, бауырларына қамқор болады. Ол өз сөзінде елде орнаған тұрақтылық пен бейбітшілікке шүкірлік ететінін айтады.

      -Соғыс мезгілдерінде балалық шақ деген болмады. Ол кездердің балалары ерте есейді. Еңбекке араласты. Егінге барып жұмыс жасап, шөп жұлып жүрген кездеріміз есімде қалыпты. Ішерге тамақ таппай қалған күндерді ойласаң жаның түршігеді. Біз не көрмедік. Қайта, қазір шүкір етуіміз керек, не киемін, не жимін деген уайым жоқ. Артымыздағы ұрпақтардың бейбітшілікте өмір сүріп жатырғанына қуанамын. Әрқашан аспанымыз ашық, тыныштық болғанын тілеймін, - дейді Клара ана.

      Клара Сәлдиева 1954 жылы Мұхамбетжан ҚҰРМАШЕВ есімді азаматпен отбасын құрып, 11 баланы дүниеге әкеледі. Бақтылы, Мәнсия, Гүлбаршын, Елеусін, Төрехан, Жәңгірхан, Сабыржан, Ақбөбек, Зәуреш, Айнагүл, Ақкенже есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп жеткізеді. Өмірдің заңдылығы ма дерсіз, қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Ұлы Сабыржан мен қызы Ақбөбектің ғұмыры қысқа болды. Ұлы он үш жасында, қызы 30 жасында дүние салады. Осы екі арада арқа сүйер азаматы Мұхамбетжан да өмірден озады. Бұл оқиғалар Клара анаға ауыр тиеді, қабырғасы қайысады. Алайда «балаларды аяққа тұрғызу керек» деген мақсат оны алға жетелейді.

      Клара Сәлдеқызы 1956-1957 жылдары Бақсай селосындағы азық-түлік дүкенінде тазалықшы қызметін атқарады. 1969-1980 жылдары «Бақсай» совхозында егінші болып жұмыс жасайды. Ал 1980-1996 жылдары «Қазақ КСР-ның 60 жылдығы» атындағы совхозда сушы, егінші болып жұмыс жасайды. Кейін жеке қожалықта төрт жыл бойы егіншілік қызметте болады.

      Ерте кезден қара жұмысқа салынған батыр ана қандай жұмысты да қиынсынбай, ер азаматтармен қатар жүріп, аянбай еңбек етеді. Еңбегі еленген ананың кеудесінде ордендер мен медальдар жарқырайды.

      Клара Сәлдиева 1976 жылы «Батыр ана» атағын иеленеді. 1971 жылы 11 санатты «Ана Даңқы», 1986 жылы «Даңқ» ордендерімен марапатталады.  2004 жылы 8 сәуірде Елбасының Жарлығына сай «Алтын алқа» иегері атанады. Сондай-ақ батыр ана 1987 жылы селолық кеңеске депутат болып сайланады.

      Батыр ананың батылдығы мен батырлығының арқасында көзі тірі 6 қыз бен 3 ұлы есейіп, өз алдына шаңырақ көтереді. Әрқайсысы әр салада қызмет етіп, бәйтеректей болған аналарының мерейін үстем қылуда.

      -Балаларым келін түсіріп, қыздарым ұзатылды. Екі немере-келінімнің қолында тұрып жатырмын. Қазіргі кезде жас отбасылар көп баланы өмірге әкелуден қашады. Ол дұрыс емес. Әр баланың өз несібесі бар. Келіндерімнің де көп балалы болғанын қалаймын. Балаларымды еңбекқор, адал болуға тәрбиеледім. Сол сияқты немерелерім мен шөберелерімнің жақсы адам болып қалыптасулары үшін ақылымды айтудан жалыққан емеспін, - дейді Клара Сәлдиева ағынан жарылып.

      Батыр ана Клара Сәлдеқызы бүкіл әйел азаматтарын көктеммен бірге келетін Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін де білдірді.

      -Ана болу – бақыт. Бала тәрбиесінде ананың рөлі орасан, оның орнын ешкім баса алмайды. Әйел бақыты – қоғам айнасы. Сол себепті әйел азаматтары бақытты болсын. Қылықты қыздары, кішіпейіл келіндері, ардақ тұтар аналары, өнегелі әжелері бар біздің ұрпақ саналы да тәрбиелі болып қалыптасары сөзсіз. Аналар аман болсын. Жүздерінен күлкі кетпесін. Әр әйел бақытты болуға лайық, - дейді ол. 

      Ол бүгінде 6 қыз, 3 ұлынан тараған қырыққа жуық немере мен елуге тарта шөбере сүйіп отыр. Алдағы келер жылда сексен жасқа келетін батыр ана жас-тайынан қанша қиындық көрсе де, қазіргі кезде денсаулығы тың, қуатты көрінеді. Бұл қаумалаған шөберелерінің ортасында бақытқа кенелген әженің көрінісі деп түйдік те,  әжеге ұзақ ғұмыр тіледік.


      Арайлым БАҒЫТЖАНОВА, сурет автордыкі.

       

      Пікірлер

        • индира кадирбекова
        • 12.03.2015

        Керемет!Маған ұнады !!

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______    _____    ______    _    _             
       /_____//  |  ___|| |      \\ | || | ||     ___   
       `____ `   | ||__   |  --  // | || | ||    /   || 
       /___//    | ||__   |  --  \\ | \\_/ ||   | [] || 
       `__ `     |_____|| |______//  \____//     \__ || 
       /_//      `-----`  `------`    `---`       -|_|| 
       `-`                                         `-`  
      
       
      Наверх