27 наурыз 2017, 10:43
      Аймақ 25.02.2015, 20:24 0 пікір 805 просмотров

      Көктайғақ әбігерге салды. Сақ болыңдар!

      Атырауда үстіміздегі жылдың 7-ші ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін аурухананың зақым-жарақат бекетіне (травмпункт) жарақат алып, қаралғандар саны 507 науқас. Олардың жартысынан көбі осы көктайғақта көшеде тайып құлағандар. Орташа есеппен зақым-жарақат бекетіне күніне 40-45 науқас қаралады. Бұл соңғы әзірде орын алған көктайғақтың салдары. Әлі де әбігерге салатын түрі бар...


      Атырауда қар жауған соңғы екі апта ішінде жаяу жүргіншілер жолына мұз қатып, тұрғындар  үшін қолайсыздық туды. Аяқ-қолы, жамбас сүйектерін сындырып, жедел жәрдем көмегімен ауруханаға түсіп жатқандар саны қаншама дерсіз?! Және осылардың саны күн санап артып келеді екен. Ал қалалық коммуналдық шаруашылық қызметтерінің жұмысшылары қарды күреп, мұзды жою жұмыстарын мүлдем тоқтатқан емес. Алайда, табиғаттың бұл «тосын сыйы» адам қолымен күреп жіберуге мүмкіндік бермей отыр. Қайта, көктем мезгілі күнтізбе бойынша жақындаған сайын, «көктайғақ кетеді» деген үміт мүлдем сейіліп, мұзтайғақ күшеюдің үстіне күшейе түсті. Ал осының барлығы айналып келіп, жұртшылыққа зардабын тигізуде. 

      Мысалы, осы жағдайдың анық-қанығын білу үшін облыстық аурухананың зақым-жарақат бекетіне бас сұққанбыз. Мұнда ағылып келушілер өте көп. Балдағын серік қылған 62 жастағы қала тұрғыны Людмила Сәрсекенова, басынан кешкен жағдайды былай деп баяндады:

      - Шаруашылықтарыммен, үйдің коммуналдық төлемін төлеу үшін Су арнасына барып келе жатқан едім. Адамдар жүретін жолдан тайып құлап, шалқамнан түстім. Сол арада балам келіп, осы ауруханаға жедел жеткізді. Ертесі күні ота жасалды. Осындағы ұжымның дәрігерлеріне, медбикелеріне үлкен рахмет. Медицинаның дамығаны сол, бұрын айлап жататын едік, гипсте. Қазір бәрі жылдам. Дәрілері тегін. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайымызды жасап, қолдан келгенше көмектерін көрсетіп отыр.

      Расыменен де, өзіміз көргендей, дәрігерлер осынау қысылтаяң шақта жанын шүберекке түйіп, ауруханаға жолыққандарға бар көмегін аяп отырған жоқ. Қолдарынан келгенше көмектесуде.

      Негізі, Атырау облыстық ауруханасының зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі Асхат БИСЕНГАЛИЕВТІҢ айтуынша, соңғы екі апта ішінде, яғни үстіміздегі жылдың 7-ші ақпанынан бастап, бүгінгі күнге дейін аурухананың зақым-жарақат бекетіне (травмпункт) жарақат алып, қаралғандар саны - 507 науқас. Олардың жартысынан көбі осы көктайғақта көшеде тайып құлағандар. Орташа есеппен жарақат бекетіне күніне 40-45 науқас қаралады. Тәулігіне түрлі сүйек сынықтарымен қаралатындар саны - 6. Ал осы мерзімде ауруханаға жатқызылғандар саны - 24 науқас болыпты.

      Осы шақтағы тағы бір күрделі мәселе көлік қатынасы. Облыс орталығы мен қалааралық жол біткеннің барлығы болмағанымен, біразы енсіздеу, оның үстіне мына көктайғақта жүру мүлдем қиындап кетеді. Мысалы, көлік жүргізушілерге тайғақтың әкелген әлегі, цифрлық мәліметтері де кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.

      Атырау облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, облыс аумағында үстіміздегі жылдың соңғы екі аптасында 12 жол көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 13 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Атап айтқанда, Атырау қаласында болған 9 жол-көлік оқиғасынан 9 адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алса, республикалық маңызы бар «Атырау - Орал» тас жолында 2 жол көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 2 адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Құдды бір, майдан даласынан түсіп жатқан ақпар дермісің. Құдай бетін әрмен қылсын, бірақ, мәліметтері адам шошытарлық екені көрініп-ақ тұр. Сол сияқты «Атырау - Астрахань» тас жолында 1 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1 адам жарақат алған.

      Десе де, қайғылы оқиғаның алдын-алу мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар легі де аз емес.

      - Атырау қаласында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аппараты қызметкерлерінің күшімен мақсатты рейдтік шараларды тұрақты түрде өткізуде. Мәселен, «Қарбалас уақытта» арнайы автокөлікпен үгіт-насихат жұмыстары пәрменді жүргізіліп отыр. Жұртшылықты ақпараттандыру мақсатында мұндай шараларға бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде қатыстырылады. Сонымен қатар, бүгінгі күні жол-көлік оқиғаларын болдырмауға бағытталған «Бала - басты жолаушы» атты акциясы - 1 рет және «Автобус» (20.01.2015ж.- 20.02.2015ж. аралығында); «Мас жүргізуші  қылмыскер!» - 3 рет; «Қауіпсіз жол» (ақпан айының 23-і мен 27-сі аралығы) және басқа да профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

      Жалпы, қазіргі уақытта барлық жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің алдына жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жолда жүру ережесін бұзушылықтың «өрескел түрлерін» анықтау мақсат етіп қойылды. Жол қозғалысын тікелей бақылаумен айналысатын жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы күнделікті қорытындыланып, олардың күнделікті атқарған жұмысына баға беріліп тұрады. Біздің мақсатымыз - жол көлік оқиғасын болдырмау, апаттың алдын-алу. Сол үшін халыққа айтарымыз, қала ішінде, базар маңы, жалпы халық көп шоғырланатын жерлерде, республикалық маңызы бар тас жолдарда болсын, абай болып, жол ережесін сақтаса, мұндай қайғылы жағдайлар орын алмас еді, - дейді ОІІД ӘПБ ӘПҚЖҰЖББ инспекторы, полиция аға лейтенанты Бауыржан САРСЕКЕНОВ.

      Атап айту керек, бұл жол-көлік оқиғалары көлік жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан болған көрінеді. Алайда, полицейлердің профилактикалық шараларының атқарылуына орай, апаттар саны едәуір қысқартылып отырғаны да жасырын емес.

      Қорыта келе айтарымыз, қыстың күні тайғақ орын алуы қандай заңды болса, өзіміздің қарапайым ғана сақтық шараларын да ұмытпағанымыз, ұстанғанымыз сондай қажетті шаруа.


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______    _____     _  __   __   __   _    _   
       /_   _//  |  ___||  | |/ //  \ \\/ // | |  | || 
         | ||    | ||__    | ' //    \ ` //  | |/\| || 
        _| ||    | ||__    | . \\     | ||   |  /\  || 
       /__//     |_____||  |_|\_\\    |_||   |_// \_|| 
       `--`      `-----`   `-` --`    `-`'   `-`   `-` 
                                                       
      
       
      Наверх