20 тамыз 2017, 0:45
      Қоғам 18.02.2015, 16:43 1 пікір 2234 просмотров

      Әр бала жеке қамқорлыққа алынса...

      Балалардың барлығы ата-анасының жанында, толыққанды отбасында тәрбиеленуі керек. Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Десек те, әртүрлі жағдайларға байланысты жетім не болмаса ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қатары жойылмай отырғандығын мойындауымыз керек. Біздің аймақта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде және отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр. 


      АСЫРАП АЛУШЫЛАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙГЕН

      Алдымен С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі жайында сөз қозғасақ, мұнда бүгінгі таңда 71 бала тәрбиеленуде. Олардың ішінде 60 бала мектеп жасында. Бұл балалар қаладағы №16, №30, №3, №19 орта мектептерде білім алуда. Жалпы балалар үйінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

      Балалар үйінде тәрбиеленушілер үшін бар жағдай жасалған. Жетпіс бір бала 5 топқа орналасқан. Әр топқа 3 тәрбиеші қызмет етеді. Балаларға қатысты тірліктердің барлығына дәл осы тәрбиешілер жауапты. Олардың тамақтануы, сабаққа барып-келуі, үйірмелерге қатысуы, ұқыпты, таза киініп жүруі,  сабақ үлгерімі, барлығын да тәрбиешілер қадағалайды. Одан басқа психолог, дәрігер, медбике, әлеуметтік педогогтар да тәрбиеленушілерді мейлінше дені сау, жан-жақты жетілген азамат етіп қалыптастыру бағытында аянбай еңбектенуде.

      Аталмыш балалар үйінің директоры Сәния ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ бала асырап алушылардың қатары жыл сайын артып келе жатырғандығын айтады.

      - Былтыр 11 баламыз қорғаншылыққа, 2 баламыз патронаттық тәрбиеге алынды.

      Одан басқа тағы 5 бала кері өздерінің ата-аналарының қамқорлығына берілді. Жалпы балаларды патронаттық тәрбиеге алу мүмкіншілігі тек мұғалімдерге ғана берілген. Ал қорғаншылық тәрбиеге көбіне баланың ата-анасы жағынан ағайын болып келетін адамдар алып жатады, - дейді Сәния Төлегенқызы.

      ОТБАСЫЛЫҚ ҮЛГІДЕ ТӘРБИЕЛЕНЕДІ

      Жоғарыда атап өткеніміздей, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бар жағдай жасалған. Ішер тамақтары дайын, киім-кешегі таза әрі үтіктеулі, тағы сол сияқты. Ал облыстық отбасылық балалар ауылында бәрі өзгеше. Яғни мұнда әр бала отбасы үлгісіндегі тәрбиемен қамтамасыз етіледі.

      Осыдан біраз жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1997 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен австриялық «SOS kinderdorf international» балалар ауылының тәжірибесіне сәйкес алғаш рет еліміз бойынша Алматы  қаласында  жетім  және  ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «SOS балалар ауылы» ашылған.

      Содан кейін еліміздің басқа да өңірлерінде балаларға отбасылық жылу мен тәрбие беретін орталық болып мемлекеттік балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері ашыла бастады. Ал Атырау облысында 60 балаға арналған Геолог селосында орналасқан балалар ауылы Сара Алпысқызының қатысуымен 2001 жылы ашылды. Бұл туралы бізге «облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлсара БОТАТАЕВА баяндап берді.

      - Бүгінде балалар ауылында 6 отбасында 50 бала тәрбиеленуде. Әрқайсысы ағайынды немесе әр түрлі  жастағы, әр ұлттың балаларынан құрылған  үлкен отбасы. Балалар ауылы негізінен мынадай төрт принцип бойынша қызмет етеді. Біріншіден, ана тәрбиеші – әр баланың өзіне қамқор болатын ата-анаға зәрулігін шешеді. Ана тәрбиеші өзіне сеніп тапсырылған балаларды  жан жылуын сыйлай отырып тәрбиелейді. Әрқайсысы өз шаруашылығын дербес жүргізеді. Екіншіден, ағайынды, апалы-сіңілі арасындағы қатынастардың еркін қалыптасуы. Яғни  әртүрлі жастағы, әр түрлі ұлт өкілдері ана тәрбиешісімен бірге отбасылық қарым-қатынаста өмір сүреді. Үшіншіден, әр отбасы өзінің жеке үйін, баспанасын, шаңырағын құрайды. Әр үйде өзіндік атмосфера, қарым-қатынас қалыптасады. Өзіндік дәстүрлері болады. Бір үйде тұрып жақсы-жаманды бірге бөліседі. Ал төртіншіден, отбасылардың басын біріктіретін қоғам бөлігі, ол – балалар ауылы, - дейді Гүлсара Аманғалиқызы.

      Еліміз бойынша барлығы 16 мемлекеттік балалар ауылдары бар. Өзге өңірлердегі балалар үйінде әр отбасының шаруашылықпен шұғылдануына жағдай жасалған.

      - Облысымыздағы балалар ауылында да шаруашылықпен айналысуға көңіл бөлініп келеді. 2013 жылдан бері қарай қоян өсіру шаруашылығын қолға алған болатынбыз. Алдағы уақытта шаруашылығымызды кеңейтуді жоспарлап, мүмкіндіктерін қарастырудамыз, - дейді балалар ауылының директоры.

      ҚОЛДАУДАН КЕНДЕ ЕМЕС

      Балалар ауылының директоры Гүлсара Аманғалиқызы өз кезегінде арнаулы немесе ЖОО түскен, оқу орнын аяқтап, жұмыс жасап жатқан 18-23 жас аралығындағы балалар ауылының түлектері, басқа да жетім балаларға арналған мекемелерден шыққан түлектер жасөспірімдер үйінде жеке пәтер немесе үй алғанша тұратындығын айтады. Қазір жасөспірімдер үйінде 24 бала тәрбиеленуде. Жасөспірім үйінде тұрушыларға әлеуметтік бейімделу мақсатында қолдау көрсетіледі.

      Жалпы С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің және облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы директорларының айтуларынша, қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып отырады. Республика көлемінде соңғы бес жылдан бері «Ризашылық»  мерекесі өткізіліп келеді. Сондай-ақ Балаларды қорғау, «Мектепке жол» акциясы кездерінде жергілікті жердегі мекемелер мен жеке азаматтар тарапынан балаларға ірілі-ұсақты көмектер көрсетіліп отырады. Бұған қоса былтырғы жылы өңірлерде балалар үйі тәрбиеленушілерінің есепшоттарына  жалпы көлемі 7 миллиард теңгені құрайтын «Бөбек» қорынан қаржы бөлініп берілген. Ол қаржы жыл сайын 16 пайызға артып отырады.

      Бұған қоса Гүлсара Аманғалиқызы тілге тиек еткендей, «Косми Казахстан» ЖШС тарапынан балалар ауылы тәрбиеленушілеріне үлкен қолдау-көмек көрсетіліп тұрады. Аталған мекеме Астана, Маңғыстау қалаларындағы балалар ауылына да демеушілікпен танылуда.

      ҮНДЕУ

      Сөз соңында балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева көпшілікке газет арқылы ой тастағысы келетіндігін айтты.

      - Жуырда жасы кәмелетке толмағандардың мәселесіне қатысты облыстық  комиссияның кезекті отырысы өтті. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН жақсы бастама көтерді. Шығыс Қазақстан облысында «Казцинк» ЖШС балалар үйінің 45 тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алған. Біздің де облыста осы бастама қолға алынса дейміз. Өйткені өңірімізде жұмыс жасап жатырған ірі мекемелер жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған әр баланы жеке қамқорлығына алса, нұр үстіне нұр болар еді. Мекемелердің тізгінін ұстаған басшылардың ағалық пейілдерін көрсетіп, балаларды аяққа тұрғызып, қоғамның бір мүшесі ретінде қалыптасып кетуіне ықпал етулерін қалаймыз. Газеттегі осы бір мақаланы оқыған мекеме, компания өкілдері үндеуімізді қабыл алып, қол ұшын созады деген сенімдеміз!


      Арайлым БАҒЫТЖАН

      Пікірлер

        • Kazikhan Amirkhan
        • 18.05.2017

        Алла амандыгын берсин! Бул жаксы ундеу екен,балаларды рухани тарбиелеу керек, ар бала бакытты болуга лайык. Жагдайымыз жетсе неге комектеспеске?неге камкорлыгымызга алмаска? Алла буйыртса Аяктан турып кетсек Шукирлик етип Алланын Берген Риздыгын бас-пайдамызга емес,шамамыз келгенше Жетимдерди жоюга тырысайык...

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___     ______    __   __            
        ____      / _ \\  |      \\  \ \\/ //   ____    
       |    \\   / //\ \\ |  --  //   \ ` //   |    \\  
       | [] ||  |  ___  |||  --  \\    | ||    | [] ||  
       |  __//  |_||  |_|||______//    |_||    |  __//  
       |_|`-`   `-`   `-` `------`     `-`'    |_|`-`   
       `-`                                     `-`      
      
       
      Наверх