22 сентября 2017, 17:47
      Қоғам 31.12.2014, 15:31 0 пікір 1356 просмотров

      Атыраудың ақтаңгері атанды

      Оның мамандығы дәрігерлік болса да, ол өнерге өзіндік үлесін қосып келеді. Домбыра тартып, гитараға тіл бітіріп ән салғанда, тамсанып, таңырқанбай тұра алмайсың. Оның қазақ спортына өз қолтаңбасын қалдырғаны былай тұрсын, ұмыт бола жаздаған ат спортының абыройын асқақтатып келеді. Содан да болса керек, оны «Атыраудың Ақтаңгері» деп атайық дегендер табылды.


        Өткен аптада Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫ атындағы қазақ драма театрында Өнербек ЖАНБАЛАНЫҢ шығармашылық кеші өтті. Құм нарынынан түлеген қыран ұлдың шығармашылық кешіне алысты-жақыннан өнер жанашырлары қатысып, Өнербектің өнеріне тәнті болды. Алдымен сахна төрінен табылған кеш иесі қоңыр домбыра арқылы қоңыр-қоңыр күйлерді қалықтатты. Күйге сусаған тыңдармандары да қарап қалмады, үздіксіз қол соғулар болды. Өнер иесіне деген құрмет осылай басталды. Шығармашылық кештің иесін құттықтау үшін сахнадан табылған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН сөз алып, өнер иесіне шығармашылық табыс тілеп, осындай елге сыйлы ағаларымен мақтанатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ құттықтауын да жеткізді. Бұдан соң Өнербек Жанбала гитара тартып, ән шырқады. Ол қазақ әндерін нақышына келтіріп орындағанда, қол соқпаған жан қалмады. Осының өзінен-ақ, өнер иесінің өнерге деген жанкештілігі сезілді. Кеш барысында әрісі Алматыдан, берісі Батыс Қазақстан облысынан келген қонақтар өз лебіздерін білдірсе, жергілікті әншілер Өнербектің сөзі мен әніне жазылған әндерді шырқады.

      - Өнербек - нағыз өнердің иесі. Ән шырқап, күй тартқаны былай тұрсын, оның ат спортына қосқан үлесі зор. Батыс өңірінде кенжелеп қалған көкпарға жанашырлық танытып, сол қазақы ойынды үлкен орталарда шығаруы оның еңбегінің орасан екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, құсбегілікпен айналысуы, ат жаратып, елдің абыройын арттыруы оның азаматтығын көрсетеді. Қай жерде болмасын, қазақилығынан айнымаған ініміздің Атыраудың ақтаңгері атануы дұрыс-ақ. Себебі, мамандығы басқа болса да өнерге деген адалдығы баршаға үлгі боларлық, -деді Қазақстан мен Қырғызстанға еңбегі сіңген қайраткер Илья ЖАҚАНОВ.

      Ал, қазақтың барлығы «Ақжайықтың ақ шағаласы» атап кеткен ақын Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА өз ойын ортаға салды. Ол:

      - Ер жігітке жеті өнер де аз деп санаған атамыз қазақ. Бойына барлық өнерді сіңіре білген Өнербек Жанбаланың шығармашылық кеші құтты болсын! Осыдан біраз күндер бұрын осы сахнадан сөйлеп, шығармашылық кешімді өткізіп едім, енді міне, сіздердің тойларыңызға келіп тұрмын. Құдайым осындай тойлардан айыра көрмесін. Бір айтарлығы, Өнербектің бойында барлық өнер бар. Сал-сері де, әнші мен күйші де осы Өнербекте бар қасиет. Өнерлі ұлын дәріптеп жатырған атыраулықтардың барлығын құттықтаймын. Қай кезде де талантты ұлдарын танып білетін халықтың барлығы сіздердей болса екен, -деп тілегін айтты. Солай етті де ақын апамыз өзінің үш томдық өлең кітабын сыйға тартып, Өнербек Жанбалаға арнаған «Бозқұлын» деп аталатын өлеңін оқып берді.

      Кеш барысында ақын Ұлықбек ЕСДАУЛЕТОВ, жазушы-драматург Рақымжан ОТАРБАЕВ өз құттықтауларын жеткізсе, ұлттық спорттың мемлекеттік жаттықтырушысы Рамазан Сәттібаев сөз алып, жастарға ұлттық өнерді насихаттауда еңбек сіңіргені үшін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдының атынан Құрмет грамотасын табыстап, «Елімжан» медалімен марапаттап, Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлының атынан «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

      Шара соңында сахна төрінен қыран құстар мен тұлпар табылды. Осының өзінен-ақ ерекше кеш болғандығы көрінді.


      Асан ҚАСАН, суреттер автордыкі.

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   __   __             __   __   __   __  
       /_____//  \ \\/ //     ___    \ \\/ //  \ \\/ // 
       `____ `    \ ` //     /   ||   \ ` //    \   //  
       /___//      | ||     | [] ||    | ||     / . \\  
       `__ `       |_||      \__ ||    |_||    /_//\_\\ 
       /_//        `-`'       -|_||    `-`'    `-`  --` 
       `-`                     `-`                      
      
       
      Наверх