19 тамыз 2017, 2:13
      Мұнай 31.12.2014, 15:06 0 пікір 1370 просмотров

      Качалкалар тоғайында бесінші ұрпақ

      Жылдың төрт мезгілінде төзімділік танытып, әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізген, өмірлерін жер астындағы қара маймен байланыстырған мұнайшылардың еңбегі адамзат үшін қыруар. Олар қазақтың маңдайына біткен «қара алтынды» игеру арқылы елімізді әлемге танытты. Мұнайшылар династиясынан сыр шерткен Мақсот СӘЛИЕВТІҢ отбасы - бір кездері қазақтың сайын даласында мұнайды алғаш рет игеруге атсалысқан мұнайшы бабаларымыздың ұрпақтары. Осы саланы меңгерген мұнайшылар сабақтастығы бүгінде бесінші ұрпаққа жалғасын тауып келеді. 


       

      АЛҒАШ МҰНАЙДЫ ИГЕРУ КЕЗІНДЕ

      Қолмен ғана атқарылған жұмыс қарапайым қазақ баласына оңай болмағанын бәріміз білеміз. Мақсот ағаның атасы Сәли қарт сол жұмыс жасауға қолайсыз болған шақта «Эмбанефть» деп аталатын мекемеде қара жұмысшы болып қызмет еткен екен. Ағаның айтуынша, Сәли қарт пен оның замандастары бүгін біз несібесін көріп отырған мұнайды жинау мен тасымалдау сияқты қияметі мол жұмысты атқарған. Әкесінің қара майға шыланған жүзін көріп өскен Сәлидің ұлы Жауқан СӘЛИЕВ те әке жолын қуып, мұнай саласын таңдапты. Кедей отбасында дүниеге келген ол, жасы жиырмаға жетпей ФЗО-да білім алады. Өз тұсында Өтеп БАЛҒЫМБАЕВ, Қуаныш ҚҰДАБАЕВ, Құлқаш ҚАРАМУРЗИЕВ, Шамбай ОРАЗАЛИЕВ секілді қазір өңірге танымал болған мұнайшылармен бірге оқуды тәмамдап, Атырау мұнай техникумында техник-бұрғышы мамандығын алып, жас маман ретінде Байшонас мұнай кәсіпшілігіне бұрғылау технигі болып қызметке тұрады. Сол кездегі мұнай саласында білікті мамандар дайындауға қажеттілік сезілген жылдары Жауқан Сәлиев Мәскеу қаласындағы алты айлық мұнай өнеркәсібінің басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсын оқып, Сағыз мұнай кәсіпшілігіне бұрғылау жөніндегі инженер және Доссордағы училищеде бұрғылау мамандарын дайындауда еңбек етіпті.

      ҚИЯМЕТ ПЕН ЫРЫС ҚАТАР КЕЛГЕН ЖЫЛДАРДА

      Ел басына күн туған шақта Жауқан Сәлиев Отан алдындағы борышын өтеуге 1943 жылы соғысқа аттанып кетеді. Украина, Венгрия, Румыния, Австрия елдерін неміс басқыншыларынан азат етуде кеудесін оққа тосып, елге 1946 жылы аман оралады. Мұнай саласында білімі, тәжірибесі бар білікті маманға алдымен «Қазақстан нефть» бірлестігіне тұрғын үй бөлімін басқару міндеті жүктелген. Бұл қызметтен соң Жауқан ата Комсомол кәсіпшілігі басқармасының бастығы болып тағайындалып, жиырма жылға жуық осы міндетті атқарғаннан кейін, оған Қошқар мұнай кәсіпшілігіне басқарма бастығы болу жауапкершілігі артылыпты. Көп ұзамай, «Мақатмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының құрылуына байланысты, Комсомол аудандық инженерлік-технологиялық қызметінің бастығы қызметін атқарады. Осылайша, қазақ мұнайының пайда болу жылдарынан бастап, қияметі мен ырысы қатар келген уақытта мұнай саласында бұрғылау-технигінен басшылық қызметке дейін өзінің қарым-қабілеті мен білімі нәтижесінде қол жеткізген Жауқан Сәлиев зейнеткерлікке жетпей өмірден озды.

      ҚАРА АЛТЫННЫҢ НЕСІБЕСІН КӨРГЕНДЕР

      Жауқаннан тараған ұрпақтар екі ұл мен бес қыз – бүгінде республикаға танымал мұнайшылар, өз ісінің білгірлері. Ұлдары Мақсот пен Сатыбалды, қыздары Гүлшат, Айша, Ажар, Нұржамал – мұнай саласында қызмет жасайды. Гүлжамал ғана ұстаздық жолын таңдаған.

      Мұнай саласында еңбегі өлшеусіз Жауқан Сәлиевтің үлкен ұлы, яғни бізге мұнайшылар әулетін таныстырған Мақсот Сәлиев, Уфа институтының тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған.

      –Мен Уфадағы мұнай институтында қазіргі таңда қоғамда үлкен қызметтерді атқарып жүрген Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Меңдеш САЛЫҚОВ, Төлеген ХАСАНОВ, академик Ғали ҚАЙЫРОВТАРМЕН қатар оқыдым. Ол кезде ауыл баласының қазақша оқығанын ескерген сала министрлігі тарапынан біздерге бірнеше жеңілдіктер қарастырылды. Бір ғана мысал, оқу орнында қазақ жастарына тілі ұқсас татар, башқұрт ұлтының педагогтері сабақ берсе, тағы бір жеңілдік - сынақ аларда біздерге қазақ тілінде жауап беруге рұқсат етілді.

      Әлі есімде, әкем мектепте оқып жүрген кезде-ақ, «Балам мұнайшы боласың. Мұнайшы болсаң, қор болмайсың!» деп, менің мұнайшы болуымды міндеттегені. Әкемнің тілін алып, үмітін ақтағаным үшін өзіме де, бүгінгі ұрпағыма да ризамын, - дейді мұнайшы ардагер.

      Уфадағы оқуын аяқтап келген соң Мақсот Жауқанұлы «Кеңқияқмұнайгаз» басқармасында оператор, шебер, инженер, ауысым бастығы қызметтерінде болып, «Доссормұнайгаз» МГӨБ бас инженерлігі қызметінен құрметті демалысқа шыққан.

      ӨТКЕН КҮННІҢ ЕСТЕЛІГІ

      Бүгінде Мақсот СӘЛИЕВ жұбайы Қарлығаш ОРАЗЫМБЕТОВАМЕН үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Қарлығаш апа өз өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған адам. Үлкен қыздары Ақмарал тұрмыста, ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана. Ал ұлдары: Мәлік, Айнұр және Зейнұр атасы мен әке жолын таңдап, мұнай саласында еңбек етуде. Бүгінде өздері де ұрпақ сүйіп отырған олар қара алтынның қадірін сезіне білгендер.

      - Қазір мұнайшылар әулетін жалғастырушы бесінші ұрпақ, немерем күні кеше «Мұнай дайындау және айдау» мамандығы бойынша Шымкент қаласынан политтехникалық колледжді бітіріп келді. Шындығына келгенде, балаларыма мұнайшы кәсібін міндеттеудің қажеті жоқ болды. Себебі, қазіргі заманда мұнайдың қадірін көріп өскен ұрпағымыз осы мамандыққа өз еріктерімен келді, - деп қояды ағамыз ұрпағына риза болып.

      Өткен күннен естелік ретінде, Мақсот ағадан есте қалған қызық жайтты әңгімелеп беруін өтіндік.

      - Әлі есімде, Атырау қаласында (бұрынғы Гурьев) дүниеге келіп, осы қалада облыстық комитетте жауапты орында қызметте болған әкем Жауқан Сәлиевті Комсомол кәсіпшілігіне басшылыққа тағайындаған жылы Сәли қарт қолда бар малы – екі түйесіне жүктерді артып, бала-шағасымен облыс орталығынан алты күн жүретін Комсомол кентіне жолға шыққан екен. Екі түйеге артқан жүгі бар керуенді бастап келе жатқан Сәли қартты көрген ардагер мұнайшы Өтеп Балғымбаев: «Бұл Жауқанның қайткені? Баласы директор бола тұра, көлікпен емес, арбамен көшкені несі? Қазір мен оған тапсырма берейін», – деп ренжіп, көлігіне отыруға бет алғанда Сәли қарт оны тоқтатып: «Балам көлігін берген болатын. Сайын даланың таза ауасын жұтып көшемін деген өзім едім», – деп, мұнай саласындағы басшыны райынан қайтарған екен.

      Ескерілген еңбек

      Мұнай саласында тер төгіп, бүгінде еткен еңбегінің зейнетін көріп отырған Мақсот Жауқанұлының айтуынша, бүгінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшылардың алаңсыз жұмыс жасауына және олардың әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмай, бақуатты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр.

      Ең бастысы, нағыз қиын шақта қазақтың қара алтынын игеруде маңдай тері сіңген Сәли ақсақал мен оның замандастарының арманы орындалды. Мақсот ағаның ел үшін еткен еңбегі де ескерілді. Бүгінде Мақсот Сәлиев Мақат ауданының Құрметті азаматы, ал өткен жылы Сәлиевтер отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының «Тату отбасы» аталымында жеңімпаз деп танылды.

      Атадан-балаға, баладан - немереге ата кәсіптей жалғасқан мұнайшылық кәсіптің, яғни  мұнайшылар әулетінің ісі мақтауға тұрарлық. Майталман мұнайшының ұрпақтары болса, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын таба беретіндігіне сенімді.


       

      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, суреттер автордыкі.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _  _     _____     _____    __   __    ______  
       | \| ||  |  ___||  /  ___||  \ \\/ //  /_   _// 
       |  ' ||  | ||__   | // __     \ ` //   `-| |,-  
       | .  ||  | ||__   | \\_\ ||    | ||      | ||   
       |_|\_||  |_____||  \____//     |_||      |_||   
       `-` -`   `-----`    `---`      `-`'      `-`'   
                                                       
      
       
      Наверх