23 мая 2017, 7:03
      Қоғам 18.12.2014, 16:25 0 пікір 1576 просмотров

      Қайыршы, балгер, жезөкшелерді айыппұл салып азайта аламыз ба?

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістерге сай 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайыршы, балгер мен жезөкшелер жаппай айыппұл төлейтін болды. Айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 9260 теңгені құрайды. Осылайша қайыр тілеп, картамен бал ашып, құмалақ тартып, тәнін сататын жеңіл жүрісті қыздардың аяқтарына тұсау салынбақшы.


      Полицияның сенімі мол

      Иә, полиция қауымы бастамаға зор сенім артып отыр. Атырау облыстық Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасы басшысы Берік Амангелді Кодекске енгізілген өзгерістерді төмендегіше түсіндіреді.

      -2015 жылғы 1 қаңтарынан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне «қоғамдық орындарда тиісу» 449 бабы енгізілді. Осыған байланысты, жаңа жылдан бастап қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді тыю мақсатында жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Ал, аталған тұлға осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаған әрекеттер бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібереді. Бұрын-соңды аталған әрекеттер жасаған тұлғаларға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізумен ғана шектелетін болатын. Алдағы уақытта қолданысқа енгізілетін әкімшілік кодекстің бабында көзделген жауапкершіліктер қолданылады. Бұл өзгерістер аталған құқық бұзушылықтардың алдын - алу, болдырмауда - негізгі профилактикалық жұмыстардың бірі, - дейді басқарма басшысы.     

      Қайыршылар мен қаңғыбастарды қорғау керек

      Мәжілістегі коммунистердің көсемі осылай деп жар салды. Ол өз кезегінде сүрініп кетіп бүлініп жүрген жандарға көңіл бөлуді қойған Үкіметті сынға алды.

      Банкке берешегін қайтара алмағандар қаңғыбастардың қатарын толықтыруда деп есептейтін Владислав КОСАРЕВ Үкіметтің адамдарға тым құрыса күнкөріске жететін жалақысы бар  жұмыспен қамту керектігіне, қайыр тілеп қаңғыбастық жолға түскендердің арасында жастар көптігіне, мұның алдын алмаса жыл сайын көбейіп жатқан бұл әлеуметтік топ келешекте шенеуніктердің бас ауруына айналуы мүмкін екендігіне тоқталды. Ал оларға айыппұл салуды «ақымақтыққа» теңеді.

      -Бұл мемлекеттік деңгейдегі ақымақтық. Онсыз да көше кезіп, бір түйір нанды қалай тапсам деп жүрген адамнан айыппұлды қалай өндіреді? Бұл сұмдық қой. Сондықтан, Үкімет олардың ондай жолға түсуіне жол бермеуі керек, - дейді Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

      Шариғатта қатаң тыйым салынады

      Ал «Құспан молда» мешітінің наиб имамы Айдын СЕРІКБАЕВТЫҢ айтуынша, Алланың кітабы Құранға қарасақ немесе Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистеріне үңілсек бұл аталған істерге және одан тапқан табыстарға қатаң тыйым салынған.

      - Бал ашуға келсек Құранда «Маида» сүресінің 90-аятында Алла Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар құтыласыңдар». Ал жезөкшелік – некесіз жыныстық қатынасқа бару үлкен күнәлардан. Ол жайында құранда «Исра» сүресінің 32-аятында: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» делінген. Бұл аятта зина жасау былай тұрсын, зинаға апаратын іске жоламауды Алла Тағала бұйыруда. Жоғарыда аталған 3 түрлі жол, ақшаны жеңіл табу жолдары. Шариғатымыз ақшаны адал жолынан, маңдай термен табуды бұйырады. Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с): «Расында, қайсыбіріңнің болмасын бір құшақ отын шауып, оны өзі арқалап, сатып күн көруі, беруі де, бермеуі де мүмкін әлдебіреуден қол жайып қайыр-садақа тілегеннен әлдеқайда қайырлы», -делінген (Бухари, Муслим). Қайыр сұрау, балгерлік, жезөкшелік сынды кәсіптермен айналысатындарды тек қана айыппұлмен шектеп қана қоймай, қатаң жазаға тарту керек, - дейді Айдын Талғатұлы.

      Келімсектерден құтылуымыз екіталай

      Қаладағы «Рахат» аялдамасы маңында бір балгердің отыратынын күнде көріп жүретінмін. «Кодекстегі өзгерістерден хабардар ма? Айыппұл төлеуге қалай қарайды екен?» деген оймен сол балгерді сөзге тартқанмын.  Күндегіше құмалағын тартып отырған балгеріміз менің сұрағыма «Ол заң Астанаға ғана арналған шығар, бізде ондай жоқ» деп жауап бермесі бар ма? «Мен сен туралы бәрін көріп-біліп тұрмын. Маған сенбейсің бе?» деп тақырыптан қашқақтап, тағдырыңды болжап беремін дегеннен әрі аса алмады.

      Ал көшеде алдыңызды кес-кестеп, қайыр сұрайтындарды қаламызда көптеп кездестіруге болады. Әсіресе, базарлар мен теміржол бекеттері маңында қысы-жазы сығандардың бала-шағасымен шұбырып жүретіні рас. Оларды көп шоғырланған жері - «Дина» сауда орталығына іздеп барғанбыз. Бізді көре сала сөйлеспек түгілі, суретке түсіргенімізден шошып, қаша жөнелді бәрі. Бір байқағанымыз, Кодекске қандайма өзгерістер енгізіліп жатырғанына бас қатырып жатырған олар жоқ.

      Бұл жаңа Кодекс туралы сарапшылардың өз пікірлері бар. Олар «Ішкі істер министрлігі әр кезбенің соңына бір тәртіп сақшысын салып қоя алмайды. Сондықтан келімсектерден түбегейлі құтылуымыз екі талай. Тың бастама, жеңіл пайданы кәсіпке айналдырғандарды тезге сала алмайды» деп есептейді.

      Қалай десек те, жаңа Кодекс жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Ал нәтижесін уақыт өте көретін боламыз.


      Арай НҰҒЫМАНОВА, Суреттер автордыкі.

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____    __   __    _  __     ___    __    __  
       / ____||  \ \\/ //  | |/ //   / _ \\  \ \\ / // 
      / //---`'   \ ` //   | ' //   / //\ \\  \ \/ //  
      \ \\___      | ||    | . \\  |  ___  ||  \  //   
       \_____||    |_||    |_|\_\\ |_||  |_||   \//    
        `----`     `-`'    `-` --` `-`   `-`     `     
                                                       
      
       
      Наверх