23 наурыз 2017, 14:21
      Денсаулық 05.11.2014, 18:09 0 пікір 2061 просмотров

      «Құрсақ ішінде өліп кету көрсеткішін азайтуымыз керек»

      Отбасын құрып, балалы болу – өмір заңдылығы. Өмірге әкелген сәбилерінің қуанышына бөленіп, қызығын көру кез келген ата-ананың басты армандары десек қателеспеспіз. Ал, сол арманға қол жеткізудегі, яғни, баланы өмірге әкелудегі анаға жүктелер жауапкершілікті, оның көретін қиыншылығын бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Осыған орай, біз Атырау облыстық перзентханасында болып, оның ішкі тынысымен танысып қайтқан едік.


      Бұл іңгәлаған жаңа туған сәбилер мен құрсағында тоғыз ай бойы сәбиін көтеріп, босанар күні таяған аналардан арылмаған мекен. Мұнда облыс аудандарынан, ауылдардан, одан қаласа қаладан, оған қарасты елді мекендерден де жүкті әйелдер келеді. Жеті бөлімше бойынша 250 жатын орын жасақталған. Перзентхананың ішкі тынысы жөнінде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орыбасары, жоғары дәрежелі акушер-гинеколог, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Асқар Тілекқабылұлы баяндап берді:

      - Өткен жылы босану саны – 5 816 болса, ал үстіміздегі жылдың 9 айында 6 185, яғни, 369-ға артып отыр. Мұның 593-і күніне жетпей босанғандар. Ал, дүние есігін ашқан сәбилер санына келер болсақ,(егіздер мен үшемдерді қосқанда) 2013 жылы 7866 болса, 2014 жылдың тек 9 айындағы көрсеткіші 6 216-ға жетіп отыр. Биылғы жылы барлығы 8 280 бала дүниеге келеді деген алдын-ала болжамымыз бар. Қазір облысымызда туу көрсеткіші бойынша Жылой мен Құрманғазы аудандары көш бастап тұр.

      Жалпы біздің облыс әйелдерінің денсаулық көрсеткіштері республикалық деңгеймен салыстырғанда өте төмен. Көбіне қаны аздық, бүйрек аурушаңдылығы, акушерлік асқынулар көп. Бойларындағы ауруларынан толық емделіп болмай жатып немесе арақашықтықты сақтамай, жоспарланбаған жүктілікті болдырмауымыз керек. Қазір заман дамыды. Барлық емханаларда арнайы отбасын жоспарлау бөлмелері жұмыс жасайды. Сонда барып денсаулығыңызда қандай да бір ақаудың жоқ екендігіне көз жеткізіп, дәрігермен кеңесіп барып қана жүктілікті жоспарлаған дұрыс. Кейбір әйелдер баланы алдыртып тастау деген шешімге оңай бара салады. Бұған өз басым мүлде қарсымын.

      Атырау облыстық перзентханасында биылдыққа ана өлімі тіркелген жоқ. Дүниеге келген балалардың барлығы бірдей өмір сүріп кетпейді. Ал,  жүктілік, босану кезінде немесе босанғаннан кейін 6-7 тәулік ішінде бала шетінеп кететін болса  перинаталдық өлім болып саналады. Перзентханамызда перинаталдық өлім көрсеткіші 2012 жылы - 31,04 %, 2013 жылы – 22,01 %, 2014 жылдың 9 айында – 20,07 % төмендегенін көруге болады. Бұлардың басым көпшілігі құрсақ ішінде өліп кету салдарынан. Құрсақ ішінде өліп кету алдыңғы жылы – 126, өткен жылы -124, биылғы жылдың 9 айында – 106-ға жетіп отыр. Құрсақ ішінде шетінеп кету алдағы үш айда болмайды деп кесіп айта алмаймыз. Мұның себебі әйелдерді жүктілік кезінде сапалы қадағалай алмаудан. Ендігі міндетіміз құрсақ ішінде өліп кету көрсеткішін азайтуымыз керек. Біз бұл көрсеткішті әлі құрықтай алмай отырмыз, - дейді ол.

      Біз барған күні  баласын бауырына алып, алғаш ана бақытына бөленіп жатырғандардың бірімен тілдесу мүмкіндігі бұйырды.

      - Өмірлік серігімді тауып, отбасын құрып, енді міне, баламыз дүниеге келіп жатыр. Өте қуаныштымын. Әйел адам үшін өміріндегі ең үлкен бақыт ол ана атану деп айтар едім. Өзімнің де, бөбегімнің де аман қалғаны бірінші Алланың, екінші  осындағы дәрігерлердің арқасы. Ана мен баланың өмірін  қалайда аман алып қалуға бар күш-жігерлерін жұмсайтын ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, - дейді 23 жастағы құлсарылық Гүлбану Жолдыбаева.

      Бірнеше сағат бойы толғатып барып  босанып, есін енді ғана жинаса да, бізге пікірін бергені үшін рахметімізді айтып, егіздер жатқан бөлмеге қарай бет алдық.

      Иә, егіздерге әркім қызығатыны белгілі. Алайда, бұл кез келгеннің басына бұйыра бермейтін құбылыс екені рас. Сондықтан, оны  Алла Тағаланың ерекше сыйы деп бағалағанымыз жөн болар. Исатай ауданының, Аққыстау селосынан келген егіздердің анасы Айкен Жексенова бүгінгі жағдайы жөнінде баяндап берді:

      -  Жасым 38-де. Егіздерімнің бірі ұл, бірі қыз. Екеуінің үйде екі ағасы, екі апасы бар. Жағдайымыз жақсы. Бұрын кесір тілігі арқылы босанғанмын. Бұл жолы дәрігерлеріміздің көмегімен  аман-есен жеңілдендім. Дәрігер Әлия Қалдыбекқызына үлкен рахметімді айтамын. Қолынан келген бар көмегін жасауының арқасында қос егізімді қолыма алып, өзім де аман-есен отырмын. Барлық ана мен балалардың дендеріне саулық тілеймін, - деп жүрекжарды тілегін де айтып қалды.

      Айта кетейік, облыстық перзентхананың көрсеткіші бойынша өткен жылы  егіздер саны  - 90, ал, биылғы жылы -  95-ке жеткен.  Ал, тағы бір ерекше құбылыс бұл үшемдер. Бұған да таңғалмасқа болмас, былтырғы жылы үшемдер мүлдем өмірге келмеген екен. Есесіне олардың саны үстіміздегі жылдың 9 айында бірден 5-ке жеткен.

      Ана мен баланың өмірін сақтап қалу, оған дер кезінде көмек көрсету осындағы мамандарға жүктелер ең үлкен міндет. Сол міндетті талай жылдардан бері абыройлы атқарып келе жатырған білікті дәрігер-мамандар мұнда жетерлік. Кадр тапшылығы сезілмесе де, жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін неонатолог, ревматолог мамандардың қажеттігін бас дәрігердің орынбасары атап өтті. 

       - Жалпы, мамандарымыздың білімді, білікті, тәжірибелі болғандарын қалаймыз. Сол үшін де олардың білім деңгейлерін арттырып отыруларын үнемі қадағалаймыз. Мұның бәрі сапалы медициналық көмекті дер кезінде көрсете алулары үшін жасалып жатырған жұмыстар, - дейді А.Тілекқабылұлы.

      Айтпақшы, төменгі қабатта ақылы түрдегі палаталар жасақталған. Әрине, оның ішкі жағдайы өзгешелеу. Онда теледидар, тоңазытқышпен қоса арнайы жуынатын бөлмесі де бар. Ақы тек осындай қызметтері үшін төленеді екен. Ал ем көрсету толықтай тегін.

      Мамандарынан сұрап білгеніміздей, облыстық перзентханада тәулігіне 2 акушер-гинеколог, 2 анестезиолог-ревмотолог, 1 неонатолог, ал, демалыс күндері 2 неонатолог тәулік бойы кезекшілікке тұрады. Себебі, перинаталдық көмектің 3-ші деңгейін көрсетіп отырған аурухана болғандықтан, шұғыл түрдегі науқастар түсуі мүмкін. Аптаның дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі күндері бұларға акушер-гинеколог маман қосылады. Сонда күніге 6-7 дәрігер үздіксіз тәулік бойына көмек көрсетеді. Ал, жұмыс күндері  олардың сандары едәуір артады. Бұдан басқа, кеңесшілер де бар.

      Айтпақшы, біз барған бейсенбі күні барлығы 18 сәби дүние есігін ашты. Оның 10-ы ұл, 8-і қыз екен.


      P.S. Күн демей, түн демей мұнда талай аналар өмір мен өлімнің арасында жатып дүниеге сәби әкелуде. Оны бала туған әйелдердің өздері ғана жақсы сезінсе керек. Алла Тағала дүниеге сәби әкелуші аналарға жеңілдік берсін. Тоғыз ай, он күн толғатып, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп бүкіл  адамзатқа өмір сыйлаған ана алдында бәріміз де басымызды иеміз. 


      Балнұр САПАРОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______     ___     _    _     _____     _____   
       /_   _//   / _ \\  | || | ||  |  ___||  /  ___|| 
       `-| |,-   | / \ || | || | ||  | ||__   | // __   
         | ||    | \_/ || | \\_/ ||  | ||__   | \\_\ || 
         |_||     \___//   \____//   |_____||  \____//  
         `-`'     `---`     `---`    `-----`    `---`   
                                                        
      
       
      Наверх