21 сентября 2017, 14:51
      Аймақ 29.10.2014, 15:48 0 пікір 1693 просмотров

      Көлік жууға ауыз суды пайдалану - заңсыз!

      Күздің жаңбырлы күндері басталысымен Атырау қаласындағы көлік жуу орындарының жұмысы қыза түседі. Қай уақытта да ұзын-сонар көліктер кезегінен арылмайтын қызмет көрсету орындарының бүгінгі халі нешік?


      Жалпы, көлік жуу орындарында ауыз су пайдаланудың заңсыздығы бұрыннан айтылып, жауыр болған мәселе. 2008 жылдан бері жергілікті атқарушы билік, монополистер мен жеке кәсіпкерлер арасындағы айтыс-тартыстың соңына әлі нүкте қойылған жоқ. Ұзақ жылдарға созылған дау-дамайдың қашан шешілетінін де ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда, осы іспен айналысатын кәсіпкерлер саны жыл сайын көбейіп жатыр. Олардың нәпақа табу үшін өз ісін ашып жатқаны белгілі. Бірақ, жағдай жасауға келгенде билік қауқарсыз. Осы салада заң бұзушылықтың орын алып отырғаны жайлы Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВ өз ұстанымын айтудай-ақ айтып келеді. Оның ойынша, қаладағы барлық көлік жуатын орындар ҚР Су кодексінің 72-бабын бұзып отыр. Бұл заңда ауыз суды өндірістік мақсатта пайдалануға тыйым салынатыны жөнінде айтылған. Соған қарамастан көп жылдар бойы көлік жуатын және басқа да кәсіпорындар билік пен өкілетті органдар арасында жасалған келісім-шарт негізінде ауыз суды қолдануда.

      - Біздің жылда «АтырауСуАрнасы» мекемесімен бір мәмілеге келуіміз олар халықты тиісті мөлшерде сумен қамтып отыр. Егер қамти алмаған жағдайда біз көлік жуу орындарына ауыз су беруге тыйым сала аламыз. Бір жағынан осындай жұмыс орындарына кеткен су шығынын халықтың мойнына артылмауын қадағалаймыз. Біздің бұл күдігімізге «СуАрнасының» жауабы дайын. Олар тұрғындар мен кәсіпкерлерден екі түрлі тарифпен төлемақы алады. Бірақ, жеке меншік иелерінен алынатын төлемақының жоғары болуынан олар Жайық өзенінен техникалық мақсатта су жүйесін тарту жөнінде ұсыныстарын айтып жүр. Өкінішке орай, аталған су жүйесін құзырлы орындармен бірігіп тарту мәселесі шешілмей келеді. Себебі, бұл мәселенің түрлі жағы бар. Мысалы, Жайықтан сорғы арқылы су тартып, пайдалану үшін көлік жуу орындары бір жерге орналасуы керек. Ал, қалада олар жан-жақта орналасқан. Екіншіден, лас көлікті адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиянды болғандықтан жуу керек. Солай екен деп, Жайықтың жағасына барып жууға тағы болмайды.Сондықтан, қазіргі уақытта оларға таза суды пайдаланудан басқа жол болмай тұр. Ал, жалпы алғанда бұл мәселе заңдылық тұрғысынан түбегейлі шешімін тапқан жоқ, -дейді ол бізбен әңгімесінде.

      Жағдайды көзбен көру үшін қаладағы көлік жуу орындарын аралап көрдік. Барлығында да ортақ мәселе су жағдайы екен. Бірқатар басшылары сөйлесуден бас тартқанымен, аты-жөнін айтқысы келмеген «Теміров» ЖК-нің басшысы осы бағытта жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге ешқандай көмектің берілмей жатқанына өкпелі екенін жеткізді.

      -Бізді ойлап жатқан ешкім жоқ. Өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Қазір жағдай түсініксіз болып кетті. Біз бұрыннан мәселемізді айтып, ұсыныс беріп келеміз. Бірақ шешілер емес. Біз пайдаланып отырған ауыз су үшін біз көп шығындаламыз. Себебі, бір рет пайдаланған су арнайы жиналатын жерге (септик) жіберіліп, кері айналдырып пайдалануға жарамайды. Сондықтан, бүгінде құны өте қымбат тұратын технология арқасында суды үнемдеп пайдаланудамыз. Жайықтан тарту арқылы пайдаланатын техникалық су сұрап, талай рет әкімшілікке арыздандық.Нәтиже жоқ. Бізде қалай? Су беріп отырған «АтырауСуАрнасы» төлемақы мөлшерін жыл өткен сайын өсіре береді. Олар көтерді екен деп, біз көрсетілетін қызмет құнын өсіре алмаймыз ғой. Ол кезде тұтынушылар саны азайып, жұмысымыз тоқтап қалуы мүмкін. Оны ойлап жатқан олар жоқ. Тек қана сумен қамтып отырғандар емес, жарық, газ беріп отырған монополистер тиісінше төлемақы төлеп отырсақ та, алдын- ала төлемақы сұрайды. Соңғы уақытта «АтырауСуАрнасы» су мен қоса кәріз үшін де төлемақы алады. Бірақ, біз кәріз құбырларын олардың техникасымен емес, ақы төлеп, жекеменшік көліктердің қызметі арқылы тазартамыз.Олар соны біле тұра, ақша сұрайды. Бұл деген ақшаны далаға шашқанмен бірдей жағдай. Бізге осы жағы түсініксіз болып тұр. Әйтеуір, жарияланған мораторийге байланысты түрлі тексерулер жоқ, қазір. Ал, бұрын жағдайымыздың қаншалықты болғанын ойша бағамдауға болады, - дейді кәсіпкер.

      Көлік жуу орындарының иелерімен әңгімелесу барысында тағы бір жайтқа қанықтық. Қазір оларда маман мәселесі өткір тұрған көрінеді. Жалақысы жоғары жұмысқа келген жастар небәрі 1 ай ғана шыдайды екен. Себебі, денсаулықтары жарамсыз. Жұмыс берушілердің пікірінше, жұмыс ауыр емес. «Арнайы жуу құралдары арқылы көлікті тазартуды ауыр жұмыс деп санайтын жас буынның денсаулығы алаңдатарлық жағдай» деп есептейді олар.Бұл енді басқа тақырып.


      Түйін. Осылайша «былай тартса арба сынып, былай тартса өгіз өлгеннің» кебін киген көлік жуушылар өз талаптарының жүзеге асқанын қалайды. Әрине, ол үшін биліктен қолдау күтеді. Осы күрмеуі қиын мәселенің шешілмегенін монополистердің қаламайтыны анық. Олардың көздегені белгілі емес пе? Айтпақшы, «АтырауСуАрнасынан» қаладағы көлік жуу орындарының санын, жұмыс істеу ретін сұрап, сұрау салғанбыз. «Жанды жеріне» тиіп кеттік пе, әлде басқалай себептермен бе, әйтеуір, мамандары жауап беруге құлық танытпады. Негізі, бар мәселе олардың санында емес еді. Демек, суды пайдаланудың барлық тарапқа тиімді жағын қолға алу жайы әлі де уақыт еншісінде қалып тұр.


      Гүлзада Қожабергенқызы

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _     _____    _    _      ___      ______  
      | |  | ||  |  ___|| | |  | ||   / _ \\   /_   _// 
      | |/\| ||  | ||__   | |/\| ||  | / \ ||  `-| |,-  
      |  /\  ||  | ||__   |  /\  ||  | \_/ ||    | ||   
      |_// \_||  |_____|| |_// \_||   \___//     |_||   
      `-`   `-`  `-----`  `-`   `-`   `---`      `-`'   
                                                        
      
       
      Наверх