23 мая 2017, 18:31
      Аймақ 08.10.2014, 18:02 0 пікір 1026 просмотров

      Хат соңында адам өмірі, тағдыры, еліміздің болашағы...

      «Мұнайлы Астана» газетінің редакциясына Атырау қаласы тұрғындарынан өз мұң- мұқтажын жеткізуге тырысқан хаттар мен шағымдар көптеп түсіп жатады. Барлығына бірдей дер кезінде жауап беруге тырысып келеміз, алайда кейде ресми орындар біз жолдаған сауалдарға уақытында жауаптарын бермей, кешіктіріп, бізді де, оқырмандарымызды да таң қалдырып жатады. Ешкімді кінәлап, жазғырып жатқанымыз жоқ, дегенменен, кейде қалыптасқан жағдайларға қоғамдық пікірдің арнасын бұрып, қайтсек түзетеміз деп ойға салудан басқа амал қалмайтын кездер аз кездесіп жатпайды. Өйткені, әр хат соңында адам өмірі, тағдыры, еліміздің болашағы тұр емес пе?...


       

      ЖАУАПТЫ ҰЗАҚ КҮТТІК. БАСҚАСЫН ДА ДӘЛ СОЛАЙ КҮТЕМІЗ БЕ?

      Азаттық даңғылы, 169 «б» үйінің тұрғындарының арызына сәйкес, аталған орынға арнайы барып, жағдайды көзбен көріп қайттық. Куә болғанымыздай, үйдің маңайында балалар ойнайтын алаң жоқ. Үй артында белгісіз мейрамхана орналасқан, алдыңғы бетінен тағы бір нысан салу үшін «белгісіз біреулер» қазығын әлдеқашан қағып қойыпты. Бұған алаңдаған тұрғындар ауланың тарлығы тіпті «жедел жәрдем» мен өрт сөндіру көлігінің кіріп-шығуына қиындық келтіруде екенін айтып, шағымданады.

      Сол сияқты олар бесқабатты үйдің балаларына тиесілі ойын алаңының орнына салынғалы жатқан нысанға қарсы. Өйткені, бұл жерден жоғарғы кернеулі тоқ желісі өтетіндіктен, құрылыс салу адам өміріне қауіпті көрінеді. Енді келіп амалы таусылғандар «Біздің қарсы болғанымызға ешкім құлақ түрер емес» деп налиды.

      Естеріңізде болса, бұл жөнінде үстіміздегі жылы газетіміздің 24-ші нөмірінде «Кішкентай алаңқайды сақтап қалайық..» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Тұрғындар шағымы бойынша үстіміздегі жылдың 4-ші маусымында Атырау қаласы әкіміне хат та жолдадық. Арада біраз уақыт өткен соң, тіпті, Атырау қаласының әкімі де өзгеріп, басшылыққа әкім Нұрлыбек ОЖАЕВ келгесін ғана жауап келді редакциямызға. Жауапты Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев қайтарыпты.

      Текст мәтініне үңілсек, Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бойынша Атырау қаласының кезекші картасында Азаттық даңғылы, № 169 «б» үйінің көше жақ беті 2014-жылдың 17-шілдедегі алып-сату шартына сәйкес «Группа Атаба» ЖШС-інің иелігіне әкімшілік ғимаратын салу үшін берілген. Ал аталған үйдің аула жағынан азамат Ли Вячеславқа кеңсе құрылысы үшін Атырау қаласы әкімінің 2014-жылғы 12-ақпандағы алып-сату шартына сәйкес кезекші картасында тіркеліпті.

      Ең бастысы- «балалардың ойын алаңы салына ма?» деген сауал сол күйі жауапсыз қалды. Біз сауалды Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесіне де арнайы жолдадық. Тағы үнсіздік... Бұл мәселе шешімін табуы үшін тағы неше әкім ауысуы керек сонда?..


       

      БАЛАЛАР ҚАШАНҒЫ ДӘЛІЗДЕ ШЫНЫҒАДЫ?

      Редакциямызға бір кездері балық шаруашылығы дамыған, бекіренің бел кеспесімен өздерін де, өзгелерді де өрге сүйреген Атырау іргесіндегі ауылдардың тұрғындары көптеп шағымданады. Бұл түсінікті де шығар. Себебі, мұнайлы астананың іргесінде тұрғанымен, жұртта қалғандай күй кешіп отырған бұл ауылдардың халі әнебір мақтанатындай емес. Көптеген әлеуметтік мәселелерді қамтыған сауалдары бар хатты біз үстіміздегі жылдың 11 маусымында Атырау қаласы әкіміне жолдап едік.

      Естеріңізге салсақ, бұған сол ауылдағы болған қатты желдің салдарынан Еркінқала селолық округіне қарасты Ракуша селосындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектептің шатырының ұшып кетуі себеп болған еді. Енді мектеп ішіндегі мәселеге келсек, бұл мектептің оқушыларына дене шынықтыру сабақтары салқын түскенше ауладағы алаңда өткізілсе, қыс түскенде мектеп дәлізінде өтеді. Мектептің дәлізінде сабақтармен қоса, ауылдағы мәдениет орындарының болмауы салдарынан түрлі жиын-жиналыстар да өткізіліп тұрады. Ал мектеп ұстаздары болса, бұл сабақтың өтуіне кедергі деп мұңаяды.

      Тағы айта кететіні, 1968 жылы қабырғасы қаланған мектеп соңғы рет күрделі жөндеуді 2003 жылы көрген. Сол секілді мектеп сыйымдылығы 240 орын болғанымен, бүгінгі күні 415 оқушыны артық қабылдап отыр.

      Міне, осынау күрделі мәселелерге қатысты Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Батыржан МҰСАҚАЕВТАН жауап алдық. Хат мәтіні төмендегідей:

      Ракуша селосындағы М. Өтемісов атындағы орта мектеп шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды екі апталық мерзімде аяқтау жоспарда.

      Осы елді мекеннен 300 орындық мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сонымен қатар, медпункт пен мәдениет үйі бойынша Еркінқала селолық округінде отбасылық дәрігерлік амбулатория мен клуб құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандар (мектеп, амбулатория, клуб) облыстық құрылыс басқармасының жетекшілігінен өтетіндіктен, сәйкесінше мәлімет басқармадан алынған».

      Міне, қалалық құрылыс бөлімінің жауабы осындай. Айта кетуіміз керек, бұл жауапқа да рахмет. Өйткені, тілдей қағазға жазылған бұл жауапты да аяқтай өзіміз барып, әзер алған болатынбыз. Бармасақ, жауап тартпада әлі қанша жатары белгісіз. Бұның да келіп-кетер ештеңесі жоқ, ең бастысы балалар дәлізде қашанға дейін шынығады? 


      Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, суреттер автордыкі.

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ____       ___      ______   _    _     ______  
       |  _ \\    / _ \\   /_   _// | || | ||  /_   _// 
       | |_| ||  / //\ \\  `-| |,-  | || | ||    | ||   
       | .  //  |  ___  ||   | ||   | \\_/ ||   _| ||   
       |_|\_\\  |_||  |_||   |_||    \____//   /__//    
       `-` --`  `-`   `-`    `-`'     `---`    `--`     
                                                        
      
       
      Наверх