25 маусым 2017, 21:42
      Қоғам 17.09.2014, 16:12 0 пікір 910 просмотров

      Алтынай Серікова: «Арың таза, жауапкершілігің жоғары болуы керек!»

      Аталы сөзді ардақ тұтқан данагөй халқымыз ел ішіндегі түрлі  дауларды, басбұзар тентектердің  қылмыстық әрекеттерін  қара қылды қақ жарып билік айтатын билер арқылы шешіп отырған. Билердің үкіміне  хан да, қара да тоқтаған.  Күрмеуі қиын қандайма  іс болмасын, данагөй бабаларымыз сөз құдіреті, шешендік өнер арқылы, «Тура биде туған жоқ» қағидатын басшылыққа ала отырып,  ақты ақ, қараны қара деп ашып көрсеткен. Соның нәтижесінде  дауласушы жақтар бір-біріне ат-шапан айыптарын төлеп, тіпті, қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып аттанған. Достасып, бауыр, туыс болып кеткен. Бүгінгі билеріміздің аталы сөзге деген бет-бұрысы қандай? Жалпы, бүгінгі таңдағы билеріміз кімдер? Осы жөнінде әңгіме өрбітпек болып, Атырау қалалық сотының судьясы Алтынай СЕРІКОВАМЕН сөйлескенбіз. 


      Алтынай Серікова: - Өздеріңіз білетіндей, дара билікті дана билікпен ұштастырудың  нәтижесінде халқымыздың құқықтық жауапкершілігі, таным-білімі қалыптасып келеді. Хан, сұлтан ордаларындағы төбе билер ел ағаларына ақыл-кеңестерін беріп, ең бірінші кезекте  «Жеті жарғыдан» бастау алатын Дала Заңы құндылықтарының қатаң сақталуын, бұзылмауын жіті қадағалап келген. Астамшыл бай-манапты тізгіндеп, ашуға бой алдырған қара халықты түзу жолға бағыттап отырған. Ал, еліміз тәуелсіздік туын желбіретіп, егемендік алған тұста да кез келген дауларды шешіп, үкім шығару үлесі  соттардың құзыретіне көшті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  басшылығымен Қазақстанның тәуелсіз сот жүйесі қалыптасып, материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Сондай-ақ, судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары  жылдан-жылға жақсарып келеді. Судьялар қызметке Елбасы  жарлығымен тағайындалады. Сонымен бірге оларға қойылатын талап та, жауапкершілік жүгі де ауырлай түсуде. Десек те, әркім өз жұмысына жанкештілікпен қарайтын болса, біз шықпайтын шың, біз алмайтын қамал болмасы анық.

      Тілші: - Сіздер шығарған сот үкімімен келіспеушілер болатын шығар?

      Алтынай Серікова: - Шындығын айту керек, кеңестік кезең тұсында  сотқа шағымданушылар  саны анағұрлым  аз болатын. Коммунистік партия жөнді-жөнсіз билікке араласып, кей жағдайларда заңды белінен басып отырып, айтқанын істетіп, айдағанын жүргізіп келгенін  әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ елі демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет деп жарияланды. Соған сәйкес ел азаматтарының, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары сот арқылы қорғалатын болды. Ендігі жерде әділдік іздеген адам сотқа жүгініп араша іздейді, кісі қанын арқалаған қылмыскер сот арқылы жазасын алады. Бұл орайда олардың тағдырын шешіп, әділ үкім шығаруға тиісті судьяның жүйкесіне қаншалықты салмақ түсетінін айтып жеткізу мүмкін емес. Оның білімінің тереңдігі, тәжірибесі, кәсіби шеберлігі, ең бастысы антына адал, имандылығының жоғары болуы қажет. Тағдыры таразыға түсіп, шақшадай басы шарадай болып келген адамның жай-күйін түсініп, мұң-мұқтажын ұғына білу арқылы белгіленген заң аясында үкім шығарған  судьяның ұйқысы тыныш, ары таза болады деп білемін. Егерде сәл нәрседен қателесіп,  болмашы  фактігі жете мән бермесең істің аяғы насырға шабады. Шығарған шешімің бұзылып, тараптардың  реніш туғызып  жатуы да сол себептен. Айналып келгенде  алғашқы сатыда шығарылған қаулы, не шешім облыстық соттың апелляциялық, кассациялық  алқаларында бұзылып, одан қала берді Бас Прокуратураға, Жоғарғы Сотқа, тіпті, Елбасының атына жолданып жатады. Бұндай жағдай көбіне–көп  судьяның білімінің төмендігінен, тәжірибесінің аздығынан, жауапкершілік жүгін жете сезінбеу салдарынан орын алып жатады.

      Тілші: - Қалалық сотқа жұмысқа орналасқаныңызға да көп уақыт бола қоймаған секілді. Алайда, сізді жатырқаушылар жоқ па?

      Алтынай Серікова: - Менің Елбасы Жарлығымен Атырау қалалық сотына судья болып тағайындалғаныма шынында көп уақыт өте қойған жоқ. Бұған дейін құқық қорғау органдарында, облыстық сотта  жұмыс жасадым. Соған қарамастан өмірлік тәжірибем жеткілікті деп айта аламын. Солай бола тұрса да ел құрметтейтін, әріптестеріңнің алдында беделді судья болу үшін әлі де көп оқу, көп білу, ерінбей ізденіп, үзбей үйрену керектігіне  көзімді жеткіздім. Ұжымдағы судьялар мені «жаңадан келген» деп жатсынбай жылы қабылдады. Жұмыс бабында тонның ішкі бауын-
      дай араласып кеттік. Тәжірибелі әріптестерім білмеген жерімді үйретіп, түсінбеген жерімді түзеп отырады. Басшымыз, төраға - Мәлік Ғабдуллин ауған соғысының ардагері. Сот саласының барлық сатысынан өткен тәжірибелі судья. Осы орайда әріптестеріме деген өз алғысымды жеткізгім келеді.

      Тілші: - Бүгінгі таңда айына қанша іс қарап үлгересіз?

      Алтынай Серікова: - Қалалық сотта бүгінгі таңда 15 судья  сот төрелігін жүзеге асырамыз. Атырау қалалық соты негізінен азаматтық істерді қарайды.  Бүгінгі күнге дейін  біздің сот бойын-ша  8564 адамға қатысты іс сот өндірісіне  түсіп,  оның ішінде 6244 іс бойынша сот шешімі, қаулысы шығарылды. Шындығын айту керек, әлі күнге дейін судьялардың жүктемесі  жоғары. Менің өзім айына жоқ дегенде 300-дің үстінде іс қараймын. Бұл әрине көп. Бірақ та, жұмыс ауыр екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Ол үшін әрбір сағатты, әрбір минутты тиімді пайдаланып жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана халықтың сотқа деген сенімі жоғарылай түспек.

      Тілші:- Әңгімеңізге рахмет!


      Сұхбаттасқан: Асан ҚАСАН

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   _    _     _____     _____     _  _   
       /_   _// | || | ||  /  ___||  |  ___||  | \| || 
       `-| |,-  | || | || | // __    | ||__    |  ' || 
         | ||   | \\_/ || | \\_\ ||  | ||__    | .  || 
         |_||    \____//   \____//   |_____||  |_|\_|| 
         `-`'     `---`     `---`    `-----`   `-` -`  
                                                       
      
       
      Наверх