24 мая 2017, 15:50
      Қоғам 20.08.2014, 16:04 0 пікір 3533 просмотров

      Аллаға жағам десең азаншы бол

      Ислам дінінің рәміздерінің бірі – азан.  Азан – Алланың және Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) есімін айналаға жар салу. Күніне бес рет намаз оқушыларды мешіт мұнарасынан намазға шақыратын азаншының сөзіне бүгінде  жіті мән беріп, қадір-қасиетін ұғына алып жүрміз бе?


      Алланы бүкіл нәрселерден  ұлықтайтын  азанның сөзі жәй сөз емес. Азаншы иманға куәлік ету арқылы адамдарды тек  Аллаға құлшылық қылуға (яғни Алланың разылығын іздеуге), Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)  соңынан ілесуге шақырады. Ақиқатында бізді асырап бағатын, ауырсақ жазатын,  күйзелсек  қуантатын, қиналсақ жәрдем беретін, жаңылсақ жарылқайтын, бүкіл қажеттілігімізді  өтеуде ешбір ортағы болмаған Аллаға жолыққаннан артық бақыт бар ма? Әлбетте, жоқ.

      Азан айтудың өзіндік заңдылықтары бар. Азаншы болу  кез келгеннің қолынан келмейді. Азаншы өз деңгейінде толқынды, терең, сазды әуенімен жеткізе білерлік қасиетке ие болуы қажет. Яғни, азаншыға тынысы терең, қуаты күшті, құлаққа жағымды, ырғаққа икемді, әсем дауыс керек. Жәбірейіл періште арқылы он бір сахабаға аян болып жеткен әуен жүрек пен алпыс екі тамырды идірмей қоймайтын құдіретті ән  азан сонда ғана мұсылман әлемінің нұры ретінде тарайды. Сонда ғана жүректерге  иман ұялатады. Азанды дұрыс әрі қатесіз және бар дауыспен айту, мүмкіндігінше елге естірте айту азаншының парызы саналады.

      Қайырбек ТОҚТЫҚБАЙҰЛЫ,  «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы:

      - Азан айту сауапты іс. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Кім он екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады. Оған әр азаны үшін алпыс, ал әрбір қаматы үшін отыз жақсылық жазылады». Сондай-ақ, азаншыға жәннат сыйы тарту етілетіндігі, күнәсі кешірілетіндігі, даусы жеткен жердің барлығы қияметте оған куәгер болатындығы, тіпті қиямет күні өзге адамдардан бойы биік болып тұратындығы хадистерде баяндалған.

      Алла тағала Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар...» (Жұма» сүресі, 9-аят) - десе, ардақты елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намаз уақыты кіргенде араларыңнан біреу азан оқып, жасы үлкені имам болсын», - деген.

      Мұсылман елдерінде арнайы азаншыларды дайындайтын курс-тар жүргізіледі. Біздің елімізде арнайы азаншыларға арналған курстар болмаса да, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медреселерде сауатты түрде шәкірттерге үйретіледі. Сонымен қатар әрбір мешіт жанындағы діни сауат ашу курсына қатысушы қалай азан шақыру керектігін бүге-шігесіне дейін үйрене алады. Өңірлерде азан жарыстары ұйымдастырылып тұрады. Тұңғыш рет 2009 жылы Астана қаласындағы «Нұр Астана» орталық мешітінде республикалық азан жарысы өткізілген болатын. Міне, сонан бері еліміздің әр өңірлерінде азан жарысы өткізіліп келеді. Мұның өзі жастардың имандылыққа бет бұруына септігін тигізуде.

      Жалпы еліміздегі мешіттерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген арнайы азаншылары бар. Алайда кейбір ауылдық жердегі мешіттерге діни мамандардың жетіспеушілігінен имамдар, кезекші молдалар азан шақыру қызметін қоса атқаруда. 

      Сондай-ақ, бір отбасында өмірге іңгәләп сәби келсе, азан шақырып ат қойып, азанмен тірлігін бастап жатады. 

      - Азан күнделікті бес уақыт намазға айтылатын болса, сондай-ақ, дүние есігін ашып келген сәбидің құлағына да азан шақырылып, есімі қойылады. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) баланың құлағына азан шақырып, жақсы есім қоюды үмметіне өсиет етіп қалдырған. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Туылған баланың оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол балаға Үмму Сибианның (нәрселерге маза бермеуші жын-шайтан) зияны тимейді», - деген. Немересі Хасан дүниеге келгенде Алла Елшісі (с.ғ.с.) оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып атын қойған. Демек, туылған сәбиге азан айтып, жақсы ат қою ата-ана міндеті, пайғамбардың сүннеті болып табылады, - дейді Қ.Тоқтықбайұлы.

      Азанмен өміріміздің үндесуі тегіннен тегін болмаса керек. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.)  сөздеріне шүбәсіз сеніп, Алладан және ақыреттен үмітіміз болғаннан шығар. 

      Қазақта «Аллаға жағам десең азаншы бол, халқыма жағам десең қазаншы бол» деген сөз бар.  Әрбір мұсылманмын деген адам азан шақыра білуі тиіс. Себебі азан жаманшылықты қуады, әрбір шаңыраққа береке ұялатады.

      Аллаһты ұлықтайтын азан үні асқақтай берсін.


      Балнұр САПАРОВА

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   __   _    _     ______     ___      _  _   
       \ \\/ // | || | ||  /_____//   / _ \\   | \| || 
        \   //  | || | ||  `____ `   / //\ \\  |  ' || 
        / . \\  | \\_/ ||  /___//   |  ___  || | .  || 
       /_//\_\\  \____//   `__ `    |_||  |_|| |_|\_|| 
       `-`  --`   `---`    /_//     `-`   `-`  `-` -`  
                           `-`                         
      
       
      Наверх