27 апреля 2017, 5:22
      Мұнай 13.08.2014, 17:19 0 пікір 2113 просмотров

      Еділ мен жайық аралығының газын қашан пайдаға асырамыз?

      Ашығын айту керек, республикамыздың геологиялық газ ресурстары бүгінде 6-7 миллиард триллион текше метрден асып кетті. Ал оның алуға жарамды қоры 3,8 триллион текше метр болып отыр. Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарындағы газ қоры еліміздегі барлық қор көлемінің 75 пайызын құрайды. 


      Қазір республикамызда 1973 жылы ашылған Өзендегі  Қазақ газ өңдеу зауыты, 1984 жылы ашылған Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауыты, 1991 жылы іске қосылған өз облысымыздағы Теңіз газ өңдеу зауыттары бар. Енді Жамбыл облысындағы Амангелді газ өндіру орнын игеру қызу жүріп жатыр.

      Жасыратын несі бар, мұнай өндіргенімізге 115 жыл болса да, «қара алтын» құрамындағы ілеспе газды ауыздықтай алмай келеміз. Тек өткен жылы Шығыс Мақат кенішінде жыл ішінде 50 миллион текше метр, биыл С.Балғынбаев атындағы кеніште 20 миллион текше метр ілеспе газды өңдейтін зауыттар іске қосылды. Сөйтіп, босқа жанған алаулар халық игілігі үшін қызмет ете бастады. Бұл мұнайдың газы.

      Біздің айтпағымыз Еділ мен Жайық аралығындағы плиоцен газдарын пайдалану мәселесі болмақ. Әрине, бұл тақырыпты ең алғаш қозғаған Қазақстан Республикасы кен орындарын алғашқы ашушы, ҚР-ның Жер қойнауының Құрметті барлаушысы, ҚР Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты Таумыш Жұмағалиев ағамыз еді. Ол өзінің 1958 жылғы шілде айында жазған «Газ өнеркәсібін өркендетуде мүмкіншіліктер сарқа пайдаланылсын» деген мақаласында өзекті мәселелерін қозғаған. Артынан 1959 жылдың қыркүйек айында жазған «Еділ – Жайық өзендері аралығындағы газ байлығын зерттеп, ашу жұмыстары тездетілсін» атты екінші мақаласында газ байлығын анықтау, пайдалану жолдарын көрсетіп береді. Геолог-ғалым кейіннен де газ өнеркәсібін өркендету жөнінде талай рет  дабыл көтерген болатын. Соның бірінен үзінді келтірейік.

      «Ойпатты, соның ішінде Еділ-Жайық аралығындағы жоғарыда жатқан қабаттардағы табиғи газдардың жиі кездесетіні бұрынан-ақ мәлім болған. Ол туралы деректер кейбір зерттеу жазбаларда кездеседі. Соған қарамастан, ойпатта үшінші дәуір, соның ішінде плиоцен түзілімдері тым нашар зерттеліп келеді. Ал, соңғы он жылдықтар ішінде тұзасты қабаттарынан мұнай мен газды іздестіру ісіне ерекше көңіл аударуына байланысты, бұл мәселе тіпті, ұмыт қалды. Көлемі 170 мың шаршы шақырым аймақты алып жатқан Еділ-Жайық аралығында тек агрегеологиялық түсірімдерден басқа жұмыстар жүргізген емес. Оның үстіне осы арада 90 мың шаршы шақырым аймақты алып жатқан  Нарын құмының алқабы 40 жылдан астам уақыт бойына әскери полигон болып келеді. Сол себептен бұл алқап геологтар үшін әлі күнге дейін «ақтаңдақ» күйінде қалып келеді.

      Елуінші жылдары жүргізілген геологиялық-барлау және ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде плиоцен (үштік дәуір) газдарының болжалды қорлары мен оны өнеркәсіптік негізде игерудің болашағына мынадай баға берілген еді. Біріншіден, жер қойнауының жоғарғы (плиоцен) қабаттарындағы газдар түзілімін Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының орасан кеңістігін тұтастай алып жатыр. Бірақ, бұл арадағы газдың төменгі және орта қабаттары  әзірше анықталмаған. Ал тек төртінші дәуір қабатының ғана қалыңдығы 700 метрге жетеді; екіншіден, бұл арада табиғи газ қосындыларын тым тәуір жинайтын қасиеттері бар борпылдақ, әрі өткізгіштік жоғарғы шөгінділерден құрылған алаңдар едәуір жерді алып жатады. Сол қабаттардың арасынан кемінде 4 бөлікті ерекше көрсетуге болар еді. Бұлар – ақшағылдың табанындағы құм-алевролит, төменгі құм-алевролит және төменгі апшерондағы жоғарғы құм-алевролит  қабаттары. Бұл бөліктердің әрқайсысының қалыңдығы 20-45 метрге жетеді, газбен мұнай қорын жинақтауға әбден жеткілікті.» (Таумыш Жұмғалиев жинағы 339-340 беттер, Алматы, 2007)

      Геолог-ғалым бұдан әрі Еділ мен Жайық аралығындағы көптеген жерден газ бұрқағының атқылағанын да мысал ретінде келтіре кетеді. Яғни, Астрахан, Порт Артур, Әукетайшағыл, Үшкілтас, Саралжын, Қали, Баклан, Жанбай, Ганюшкино және басқа да алаңдарда газ бұрқағы кездескен. Тіпті, мұның өзі қабаттарды сынау мақсаттарына арналып қазылған ұңғымалар болмаса да көбіне басқа жағдайларға байланысты анықталған. Газ бұрқағының тәуліктік өнімі едәуір жоғары екенін көрсеткен. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала селосына таяу орналасқан Әукетайшағыл алаңындағы №13 ұңғымаға 33 мм. шайба қойғанның өзінде газ құйылысы тәулігіне 36,570 текше метр, 63 мм. штангада бұл көрсеткіш 50 мың текше метрден асып кетіпті. Ал, №17 ұңғымадан тәулігіне 111 мың текше метр газ алыныпты. Ол ол ма, Порт Артур алаңынан алынған газ бұрқағы бәрінен де асып түсіпті. №27 ұңғыма бар болғаны 697 метр тереңдіктен бір тәулікте 3 миллион текше метрдей газ берді.

      -Біздіңше, Еділ – Жайық өзендерінің арасында кең алқапта газ орындарын зерттеудің ерекше маңызы бар. Бұл алқапта шамамен айтқанда, 400-ге жуық тұзды күмбездері бар. Оларды бұрғылауда Ембіде, сондай-ақ, шетелдерде жүргізілетін тәжірибеде 3 күмбездің екеуінің мұнай беретін қабілеттілігі анықталды. Оның үстіне Еділ – Жайық өзендерінің аралығында газ немесе фонтан ретінде газдың, 

      мұнайдың шыққан фактілері бар. Қазір бұл аралықта 40 жерде мұнай газының жері бетіне шығып жатқандығы анықталды. Жаңақала, Фурманов,  Орталық  (Орда – Бесшоқы – Сасықтау) және Новобогат-Теңіз участіктері өте назар аударады. «Қазақстан мұнай барлау тресі» Жаңақала поселкісіне жақын Әукетайшағыл  күмбезінде барлау жұмысын жүргізгенде 50 метрден 80 метрге дейінгі тереңдікте  Баку, Апшерон газы жастас табиғи аумағы ашылды. №9, 9А және №19 крелиус ұңғымаларын бұрғылағанда су аралас газ фонтаны атқылады. Ол бірнеше күн атқылап тұрып ұңғымаларының стволдарының құлауы себепті тоқтап қалды. Бұл жерлердің газында 95 процентке дейін метан бар. Яғни, ол мұнай газы. Бұл химия өнеркәсібі үшін жоғары сапалы шикізат болып табылады. Тағы да мысал келтірейік. Әукетайшағылда № 16 крелиустік ұңғыманы бұрғылағанда 500-559 метр тереңдікте төменгі триас қабатынан қуатты газ фонтаны атып, ол бірнеше күнге созылды. О да әлгіндей жағдаймен, яғни, ұңғыманың стволының құлауымен сөніп қалды.

      Ұңғымаға электр каратаж жүргізілмеді. Газ мөлшері өлшенбеді, ұңғыма зерттелмеді. Сол сияқты Теңіз ауданының Ганюшкино поселкесінің шығысындағы газ 1957 жылдың қазанынан күні бүгінге дейін жанып тұр. Еділ – Жайық өзендері аралығында газдың шығуы Қарғалы, Алтынбай аралы, Азау, Астрахан маңындағы бұрғыланған ұңғымалардан да анықталды.

      Жоғарыда келтірілген мысалдар және дәйектер Еділ – Жайық өзені аралығында газдың барлығын дәлелдейді. Оның үстіне  газды аймақтың көлемі мұнымен ғана шектеліп қоймай, Жайықтың оң жағалауына Астрахан даласына, Ерғанаққа дейін созылады. (Таумыш Жұмағалиев жинағы  226-227 беттер, Алматы, 2007 жыл)

      Шындығында, газ қабаттарын өнеркәсіптік әдіспен игеруге болатынын геолог- ғалымның осы пікірлері айғақтайды. Бұл орайда Саратов облысындағы Мальникова газ кені жергілікті тұрмыс үшін көптен бері пайдаланып келеді. Сондай-ақ, 1989 жылы  Қалмақ автономиялық республикасының шаруашылық орындарының сұрауымен «Прикаспийгеология» бас басқармасы пилоцен газын іздестіру үшін осы аймақта бұрғылау жұмыстарын жүргізген болатын. Қысқа мерзім ішінде Полевое алаңын 220-280 метр тереңдікте газ құйылысы ашылды. Ал, Сарын деп аталатын алаңынан полицен шөгінділерінен газды қабаттар табылды. Басқаны былай қойып Элиста қаласынан 30 шақырым жердегі Буратино алаңынан табылған газ бүгіндері Қалмақ республикасының астанасын жылумен қамтып отыр. Осының өзі екі өзен аралығында газ кен орындарын игерудің тиімді екендігін көрсетпей ме?! Айта кету керек, Еділ мен Жайық өзендерінің арасын зерттеп жүргенде облыс үстінен Орталық Азия-Орталық газ құбыры, Солтүстік Кавказ газ құбырлары салынды. Ал, арада 60 жыл өтсе де, Нарын құмындағы мол табиғи байлық әлі күнге дейін қозғаусыз жатыр. Біздер қазір өзбек газын пайдаланып отырмыз. Ал, ол күн сайын қымбатсып келеді. Неге біздер, өз аймағымыздағы газды арзан бағасына тұтынбаймыз. Ол үшін Батыс Қазақстан облысының Орда, Жаңақала аудандарындағы, өз облысымыздың Құрманғазы, Исатай аудандарындағы әскери  полигондарды қысқартып Нарынның басты байлығы – газды тереңірек зерттеу қажет.

      Еділ мен Жайықтың аралығындағы газ кендерін ашу үшін Таумыш ағамыз «Газ разведка» және  «Геофизика» трестерін ұйымдастыруды армандап кеткен еді. Шынында да, біздің тілегіміз осы. Қос өзен аралығының байлығы мұнай деп келген едік. Енді оған газ қосылып отыр. Болашақта, Нарын құмының байлығы – газ ел игілігіне айналғаны жөн.


      Құттыгерей СМАДИЯР, «Мұнайлы Астананың» арнаулы тілшісі. 

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    __   __    _____    _    _    ______   
      | |  | ||  \ \\/ //  /  ___|| | || | || |      \\ 
      | |/\| ||   \ ` //  | // __   | || | || |  --  // 
      |  /\  ||    | ||   | \\_\ || | \\_/ || |  --  \\ 
      |_// \_||    |_||    \____//   \____//  |______// 
      `-`   `-`    `-`'     `---`     `---`   `------`  
                                                        
      
       
      Наверх