27 мая 2017, 4:37
      Қоғам 19.06.2013, 18:51 0 пікір 1837 просмотров

      Адамның өз-өзін өлтіруі ақылға сыяды ма?

      Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ 
      Жоғарыда келтірілген сандық деректерде Атырау облысының да үлесі бар. Соңғы уақытта жасөспірімдер мен ересек адамдар арасында өз еркімен өмірден кету оқиғалары жиі орын алуда. Бұған не себеп? Шығу төркіні белгісіз жағдай туралы әркім әртүрлі пікірлер айтады. Біреулер ауру түрі десе, енді біреулер күйзелістің кесірі дейді. Статистикалық көрсеткіштер де көңіл көншітер емес. Жыл басынан бері, атап айтсақ, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында, Атырау қаласы мен Индер, Құрманғазы аудандарында  15-17 жас аралығындағы 4 жас жеткіншектер өз өмірлерін өзі қиған. Өткен аптада облыстық ІІД баспасөз қызметі Қызылқоға ауданында екі бірдей ер адамның өз үйлерінде  жіпке асылып, қайтыс болғандарын хабарлады. Бұл тізімнің жалғаса беруі әбден мүмкін. Сонда мұндай жағдайда не істеу керек? Қайтсек, жастарды ажал аузынан аман алып қала аламыз? Осы мәселенің мән-жайын біледі  деген түрлі сала мамандарының ой-пікірін сұрап көрдік. 
      Гаухар ИБРАШЕВА, облыс прокурорының аға көмекшісі: -Бүгінгі күні облыс аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 25 пайызға өсіп отыр. Жоғарыда аталған балалардан бөлек, Атырау қаласы мен сол аудандар бойынша барлығы 14 бала өз-өздеріне қол салғысы  келген. Проблема жоқ емес. Біріншіден, бізде өкінішке орай, осындай балаларға дер кезінде көмек қолын созатын дағдарыс орталығы жоқ. Екіншіден, мектептердегі психологтардың жұмысы ақсап жатыр. Мұны біз арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізгенде анықтадық. Яғни, көптеген мектептерде оқушыларға жүргізілетін тестілеу суицид оқиғасы орын алғаннан кейін жүргізіліп келген. Суицидтің басты себептері - жасөспірімдердің дағдарыс жағдайына ұшырауы және өмірдегі кездейсоқ жағдайлардың адекватты шешу жолдарын білмеуі, күйзелістер, әртүрлі аурулар болғандықтан оның алдын алуымыз қажет. Ол үшін жасөспірімдерді тәрбиелеу, рухани қалыптастыру, өмірлік шиеленістердің радикалды жолын табуды үйрету, қоғам мәдениетін арттыру және спортпен шұғылдану, салауатты өмір сүруді үйретумен айналысатын «сенім телефоны» бар аумақтық дағдарыс  орталығын ашу қажет, - дейді. Өңірдегі психологтардың мардымсыз жұмысы туралы, жалпы адамдар арасындағы суицид жайлы білмек болып, халықаралық ұстаздар қауымының мүшесі, облыстағы озық психолог Нәсіп ҚУАНОВАҒА жолықтық. - Жалпы, мен барлық жұмысты психологтың иығына арта салуға қарсымын, - дейді ол. – Негізі, суицид терминін біз жастарға айтпауымыз керек. Оны ауру түрі деп қараған да дұрыс емес. Қазіргі жас-тар қиындықтан құтылудың жолын біліп алған. Біз суицид туралы ашып айтқан сайын олардың санасына сіңіп қалады. Сондықтан, кішкене қиындыққа шыдамай, ақыр аяғы өмірден баз кешумен аяқталады. Адамдардың өлімге бет бұрып, өз-өзіне қол салуына ең алдымен әлеуметтік жағдай себепші деп айтар едім. Заманымызды адам емес, ақша билеген тұста несие сияқты бағыныштылықтың тұтқыны болған тұрғындардың күйзеліске ұшырайтыны айдан анық. Ондайда ересек адамның өзі шорт сынуы оңай. Екіншіден, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста маңызды рөл ойнайды. Баласын түсінгісі келмей, ұрсып шыға келетін ата-ана өз баласын суицидке итермелейтінін білуі керек. Тағы бір өзекті мәселе, ғаламтордағы сапасыз ақпараттар ағынын тоқтатқан жөн. Осы жағымсыз ақпараттар әсерінен санасына салмақ түскен бозбала мен бойжеткен неге болсын көз жұмуы мүмкін. Күндіз-түні ғаламтормен санасы уланған ұрпаққа қазақы салт-дәстүрмен дұрыс тәрбие бере алсақ, қайғылы оқиғаға тоқтам салар ма едік.Адамның біліп тұрып, сана-сезімімен өмірін қиюын сыртқы тылсым күшпен байланыстырған оқиғалар да айтылып қалып жүр ел ішінде. Соның бірін бізге  Махамбет ауданы, Сарайшық ауылының тұрғыны Сағидолла АСАНОВ айтып берген еді. «Ауылымыздың екі жерінде аумағы 60 гектарды құрайтын алма бағы болатын. Сол алма бағы нарықтың алғашқы жылдарында талан-таражға ұшырап, жойылып кетті. Халық алма ағаштарын отап, тіпті, кейбіреулері пайда көріп, қалаға кәуап пісіру үшін тасымалдап та жүрді. Сол жылдары ауылымызда, 11 адам асылып өлген-ді. Қатты сасқан тұрғындар қаладан имам шақырып, жеті мал сойып, садақа  бергеннен соң, қайғылы оқиға сап тиылды. Меніңше, осы тылсым күшке алма ағаштарының да қатысы бар-ау деп ойладым».Дәстүрлі дінімізге келер болсақ, суицид жайлы Құранда өктем айтылған. Бұл жөнінде «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Нұрлан РАМАЗАНОВ: -Аллаһ Тағала қасиетті Құран кәрімнің төмендегі аятында үлкен ескерту жасап: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) дейді. Тәпсірші ғалымдар бұл аятта бірнеше мағына бар екендігін айтады. Ең әуелгі тура мағынасы адамның өзіне-өзі қол жұмсауына, қазіргі заманның тілімен айтқанда «суицидке тыйым салу». Өзін-өзі өлтіруден жан-тәнімен аулақ болу үшін мұсылман адамдарға осы аяттың өзі-ақ жеткілікті. Кісінің өзін-өзі өлтіруі – Алланың кешірім, мейірімінен, рақымынан қол үздіретін ауыр қылмыс болып табылады. Алланың соңғы елшісі, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген.Өз- өзін өлтіру қиындықтан құтылудың жолы емес, керісінше өзін-өзі тілмен жеткізіп болмас ауыр азаптарға лақтыру деген сөз. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі»,- дейді бізбен әңгімесінде.Айтылған жайға орай пәлендей пікір білдіруден аулақпыз. Тек, біздің міндетіміз қоғамды жаулап бара жатқан суицидтен қорғанудың жолын бірігіп іздеу ғана. Қалған ойды безбендеу оқырмандар құзырында.


      P.S:Психологтар суицидтің алғашқы белгілерін былайша көрсетеді: тұйықталу, еш нәрсеге қызықпаушылық, үнемі мазасыздану, ашуланшақ, ұйқысыздыққа қарсы дәрілерді қолдану және тағы басқалар. Жасөспірімдердің бақытсыздығына көбінесе отбасындағы жайсыздық пен мектептегі түсінбеушіліктер де себеп болады екен. Бүгінгі таңда балалар арасында суицид оқиғаларын азайту үшін әлеуметтік педагогтар мен психологтардың жұмысын жандандыру ісін кезек күттірмейтін мәселеге айналдыруымыз қажет. Халықаралық сарапшылардың тұжырымдауынша, өз-өзіне қол салушылардың 80 пайызы өлім туралы ойларын тура немесе жанама түрде білдіреді.



      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    _    _    __   __    _____    __   __  
      | \  / || | || | ||  \ \\/ //  |  ___||  \ \\/ // 
      |  \/  || | || | ||   \   //   | ||__     \   //  
      | .  . || | \\_/ ||   / . \\   | ||__     / . \\  
      |_|\/|_||  \____//   /_//\_\\  |_____||  /_//\_\\ 
      `-`  `-`    `---`    `-`  --`  `-----`   `-`  --` 
                                                        
      
       
      Наверх