23 маусым 2017, 9:29
      Қоғам 09.07.2014, 17:05 0 пікір 1268 просмотров

      Кемелер қайраңдап қалмасын…

      Тамыры тереңнен бастау алатын «Атырауөзенпорты» АҚ-ның бүгінгі тыныс тірлігін білмек ниетте аталған мекемеге бас сұққанбыз. Алдымыздан шыққан басқарма төрағасы Ербол ӘЛЖАНОВ аталған мекеменің бүгінгі ахуалымен таныстырды. Каналдардың таяздап қалуынан кемелердің қайраңдап қалғанын тілге тиек ете келе, жоспарындағы жұмыстың жүзеге асарына сеніммен қарайтынын жеткізді. 


      Бір кездері атағынан ат үркетін бұл мекеменің бүгінгі алып отырған тынысын жоққа шығаруға болмас. Десек те, Теңіз жағалауындағы көрші қалалармен тұрақты теңіз қатынастарының бастауы болып табылатын бірінші жүк кемесі 1869 жылы Гурьевтен Астраханға жіберілгенін, содан соң, 1889 жылдан бастап Гурьев пен Астрахан арасында жолаушы пароходы жүріп тұрғанын оқырман қаперіне бере кеткеніміз жөн шығар. Орал өзенін кеме қатынасы үшін пайдаланудың бірінші әрекеттері 1879 жылы Орынбор көпестерінің акционерлік қоғам құру және көлік кемелерінің қозғалысын ашу кезіне жатқызылады. Дегенмен, бұл қоғам патша үкіметінің тарапынан қолдау көрмеді, оның үстіне бұнын балық шаруашылығына зиянын тигізетінін дәлелдегендіктен, Орал казактары әскерінің керітартпа басшылығы кеме қатынасының дамуына кедергі болды.

      1880 жылы Оралдың басқа көпестері – Ванюшиндер Орал үстінен Орал мен Орынбор арасында пароход ұйымдастыру құқығына қол жеткізді. Сол жылдың көктемінде Оралға қуаты 25 индикаторлық күшке ие  “Крыжановский” пароходы келді. «Орал-Каспий өңірі» анықтамалығы Оралда бу кемелерінің бір жыл бұрын пайда болғаны мәлім болса да, оны бірінші деп атады. Кейіннен кеме қатынасы тиімді емес болғандықтан тоқтатылды. Бұл қысқаша ғана мәлімет болатын. Ал, бүгін ше, бүгінгі тынысы тіптен бөлек әңгіме.

      -  1992 жылы Гурьев өзен порты «Атырауөзенпорты» АҚ болып өзгертілді. Сол уақыттағы одақтың құлдырауы, экономикадағы дағдарыс Жайықтың өзен көлігіне өте қатты әсерін тигізді. Мұны жасыруға болмайды. Сол уақытта жүк тасымалдау көлемдері едәуір төмендеді. Тек 1997 жылы ғана Атырау қаласына ПГС транзиттік тасымалдаулары қайта басталды, -деді әңгіме барысында «Атырауөзенпорты» АҚ-ның басқарма төрағасы Ербол ӘЛЖАНОВ.

      Сөйтіп, 2002-2008 жылдары аралығында «Атырауөзенпорты» АҚ-ы республиканың, облыстың бірқатар ірі кәсіпорындары үшін коммерциялық сипаттағы тапсырыстарды орындаған. Сондай-ақ, республиканың құс фабрикаларына өткізілетін Каспий теңізіндегі Зюйд-Весталық Шалыга аралынан азықтық қабыршағын алумен айналысқан. Алайда, азықтық қабыршақты алуға арналған лицензияны қайтарып алуына байланысты, 2008 жылы бұл қызметті тоқтатуларына тура келген. 

      - 2008 жылы акционерлік қоғамда миноритарлік акционерлер ауысты. Айлақтың  инфрақұрылымын жаңарту және жабдықтау бойынша жұмыстар басталды. 2009-2010 жылдары порт қуаттарына толықтай қайта құрылу жұмыстары жүргізілді. Айлақ қабырғалары, инфрақұрылым нысандары қосалқы құрылыстар мен ғимараттар қайта салынды. Сөйтіп, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері толықтай жаңартылды.  Қазіргі айлақтың аумағы 10,69 га құрайды. Жағалық сызығының ұзындығы 540 пм. Айлақтарының ұзындығы 220 пм. Айлақтың өзі коммерциялық және тиеу-түсіру бөлімдерінен құралады.  Айта кету керек, айлақ қабырғаларын қайта құру жұмыстары барлық халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізілген. Сондай-ақ, Каспий теңізі жағынан кеме жүретін каналымен Жайық өзені бассейніне өтуге мүмкіндіктері бар. Бұл дегеніміз барлық кемелерді қабылдауға мүмкіндік береді деген сөз. Айлақ қабырғасының белгісі Балтық координат жүйесі бойынша 24,00 м. құрайды. Қабырғалары Тиссен Крупп компаниясы шығарған толтырмалы болат шпунттерінен құрылған. Айлақ қуаттылығы 30-40 тонналық арқанды тумбалармен, резеңке балғалармен, арқанды айлақ сатылармен жабдықталған, -деді басқарма төрағасы.

      Айлақтың қазіргі қуаттары Атырау қаласы өнеркәсіптік аймағының негізгі көлік жолдарының маңында орналасқан. Атырау-Балықшы асфальт жолы немесе Атырау қаласының айналып өтетін жолы арқылы қатынастары ірі габаритті және ірі тоннажды жүктерді Атырау қаласының сыртына барлық бағыттарда тасымалдау мен ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр жерден келген жүкті темір жол арқылы да тасымалдау қарастырылғанын қаперімізге берді мұндағылар. Жыл сайын 500 мың куб каналдар тазаланып тұратын болса, соңғы уақытта каналдарды тазалау жұмыстары саябырсып қалғанын аңғардық әңгіме барысында. Бүгінгі таңда аталған мекеме Қашағандағы мұнайшылар, энергетиктерге қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Қара теңіз бен Азов теңізі арқылы шет елден келетін жүктерді қабылдауда. Мұндағылардың сөзіне сүйенсек, Жайықтың Теңізге кірер жолы тереңдетіліп қазылып, толықтай тазартылуы керек екен. Үкімет бөлген қаржы бар. Алайда жұмыстың атқарылуы кемшін екендігінен хабарар етті. Бірақ, келер күндерден жақсылық күтетіндіктерін жасырып қалмады. Қалай болған күнде де Каспий теңізі қайраңын игеруге байланысты су транспорты қарқынды дамуы қажет. Болашақта Жайық-Каспий теңіз каналында түп тереңдету, Атырау МӨЗ қайта құру, мұнай теңіз кендері үшін ірі габаритті жүктерді ауыстырып тиеу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда екендігін айтты.


      Асан ҚАСАН

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _     _____    _    _     ______    ______  
      | |  | ||  |  ___|| | |  | ||  /_   _//  /_   _// 
      | |/\| ||  | ||__   | |/\| ||   -| ||-   `-| |,-  
      |  /\  ||  | ||__   |  /\  ||   _| ||_     | ||   
      |_// \_||  |_____|| |_// \_||  /_____//    |_||   
      `-`   `-`  `-----`  `-`   `-`  `-----`     `-`'   
                                                        
      
       
      Наверх