24 тамыз 2017, 10:58
      Аймақ 25.06.2014, 15:08 0 пікір 3904 просмотров

      Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ журналист

      Бүгінгі қоғамдағы журналистика «төртінші билік» атауымен белгілі.  Бірақ, осы билік төңірегінде талас-тартыс әлі де басылмай келеді. Халықтың мұң - мұқтажын айтып, жазып жүретін журналист нені біліп, қандай бағытта жұмыс жасауы керек? Бұл жөнінде әлеуметтік желілерде қарама – қайшылыққа толы пікірлер бар. Бірі – қазіргі журналистер төртінші билік атағына лайық десе, енді бірі – бізде өз президенттерінің шыбын өлтіргеніне дейін жазатын шетелдік тілшілердей еркіндік жоқ дейді. Соған қарамастан сала заман талабына сай дамып келеді. Жылда дәстүрлі түрде аталып өтілетін БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы салаға қатысы бар мамандардан ой-пікірін сұрап көрген едік.


      Әсия ҚЫСТАУБАЕВА, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

      Облысымыздың қаламгер қауымын алда келе жатқан ақпарат және байланыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтай отырып,облыс журналистикасында соңғы жылдары бірқатар оңды өзгерістер орын алғанын айта кетуді жөн санадым. Бүгінгі күні облыс аумағында 51 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелсе, олардың қатарына соңғы кезде интернет-ресурстар қосылды. Мұның өзі облысымызда жылдан - жылға БАҚ-тың дәстүрлі түрімен қатар, интернет-сайттардың, яғни электронды форматтағы БАҚ-тардың да көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, жастар саясатын насихаттап жүрген «Жас-TV» сайты бүгінгі таңда жастардың ең көп пайдаланатын сайты деуге болады. Осындай интернет-ресурстардың санының көбеюі жағымды үрдіс. Себебі оқырман мен аудиторияларды тартуда жаңа технологияларды пайдалану – қоғамның қажеттілігі. Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының атқарып жатқан жұмыстарын айтатын болсақ, облыс журналистикасында өрлеу барын байқаймыз. Бүгінгі БАҚ-ның басты бағыты – халықтың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру. Қазіргі кезде тәжірибелі және жас журналистер өз шеберлігімен көрініп, қиын да қызықты осы жұмысты адал атқарып жүр. Олар әртүрлі салалар бойынша өзекті тақырыптарды қозғап отыр. Білікті журналист мамандардың артуына тәжірибелі жоғарғы буын журналистері ықпал жасау қажет. Оларға әрдайым көңіл бөліп, жұмыс кезеңінде кеңестерін беріп отырса, бұл жас буын журналистерінің сенімділігін нығайтуына, алға қарай дамуына оң әсер беретіні сөзсіз. Сондай - ақ, ақпарат кеңістігінің күн сайын өз шеңберін кеңейтуі, ғаламтордың дамуы біздің БАҚ-тарды да айналып өтпеуі тиіс. Себебі ғаламтор журналистикада ақпарат беру жылдамдығына әсер етуде. Яғни қазір кез келген ақпаратты шапшаң әрекет ететін БАҚ-тан оқып көруге болады.

      Елімізде ақпараттық саясатты дамыту мен Елбасымыздың саясатын насихаттауда БАҚ-ның орны ерекше. Ал, мемлекет өз тарапынан журналистердің ақпаратқа қолжетімділігі үшін барлық жағдай жасауда. Арнайы мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында байланыс көпірін орнату үшін ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметі құрылды. Ол жерде өтетін брифингтер мен баспасөз конференциялары қазір барлық журналистер үшін қолжетімді. Себебі, тікелей онлайн-режимінде аталмыш брифингтерге қатысып, өзекті сауалдар қойып, қажетті ақпарат алуға болады. Осыдан қазіргі мемлекеттік ақпараттық саясаттың бір жүйеге келуін байқауға болады. Осылайша бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан көңіл бөліп, әрдайым өзара қарым-қатынас жасап, байланыс жасап отыруымыз қажет. Бұл саладағы өзекті мәселелерді шешуде облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелері бойынша қоғамдық кеңес отырысы әр тоқсан сайын өткізіліп, БАҚ-ның басшыларын бір арнаға тоғыстырып, әртүрлі көкейтесті жайттарға назар аударып келеді. Халық арасында төртінші билік, қоғам айнасы атанған ақпарат құралдары елдің тыныс-тіршілігін жарыққа шығарып, өзекті мәселелерді билікке жеткізіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүргенін атап өткім келеді.

       

      Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

      Журналистика – қымбат тұратын мамандық

      «Қымбат тұратын мамандық» дегенде оқу бағасы удай екен деген ойда қалмау керек. Керісінше ауыр еңбекті, тынымсыз ізденісті, ұшқыр шеберлікті, терең білімді, елгезек болуды талап ететін ауыр мамандық. Менің кітапханамда 1978 жылы 2 қараша күні сатып алған Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналистпін» деген кітабы бар еді, сондағы «Журналист бойына барлық коммунистік қасиеттерді жинаған елгезек, елпек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болуы керек» деген сөздер өмірлік ұстанымым. Шындығында да, мына жаһандану заманында журналистика мамандығының кейбір  тұстары өзгеріп жатыр. Әсіресе, тұрмысымызға «қағазсыз газет» деп аталған интернеттің енуі үлкен төңкеріс әкеліп жатқаны жасырын емес. Бірақ, оның өмірі уақытша бір күндік екенін де ұғынып жатқан адам жоқ, себебі сайттардағы хабарлар басылымнан қысқартылып беріледі. Интернет-журналистика туындылары аталған журналдардың да өмірі ұзақ емес, себебі күнделікті газеттер мұрағаттарда сан ғасыр сақталады. Осыны әр оқырман есіне сақтауы тиіс!

      Бүгінде қазақ журналистикасы қарышты дамып кетті, шетелде озық білім алған тәжірибелі немесе үштілді толық игерген қаламгерлер кез келген отандық БАҚ-ның шебер тұлғаларына айналды. Дегенмен, бұл салада  қазірде кейбір көкейкесті мәселелердің барлығы жасырын емес. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» дегендей, журналистер мардымсыз жалақымен өмір сүруде. Жуырда мен бірнеше әріптестеріммен кездескен сәтте, аудандық газеттер қызметкерлерінің айлап жалақысыз жүргенін естіп жаным ауырды. Екіншіден, «Атырау-Ақпарат» КМК-на қарасты аудандық және облыстық газетерге жарнама беру неліктен доғарылды. Осы түсініксіз?!

      Газет беттерінде журналистика жанрлары азайып кетті, әсіресе фельетон, очерк, репортаж...Не бізде проблемалар жоқ па, әлде оны жазатын журналистер жоқ па? Көсемсөз шеберлері Н.Мұфтах, Т.Жауырұлы, Қ.Қабдел, М.Сүмесінов, Қ.Смадярдың ізбасарлары қайда? Оқырмандар басылым беттерінен басшылар туралы жазылған ғұмырнамалардан гөрі ауыл, аудан тынысын, шынайы өмірдің түйткіл мәселелерімен танысқысы келеді.Жергілікті радиохабарларын ұйымдастыру бағытында да ойластыратын шаруалар бар. Ең соңғы мәселе, бүгінгі журналистика өнер мен кәсіп қана емес, ол – үлкен ғылым саласы. Мен Қазақстанның батыс өлкесі баспасөзі тарихын зерттеп, ЖОО-ның студенттері мен магистрлері үшін бірнеше оқулық жаздым. Өкінішке орай, солардың барлығын өз қаражатыма шығарып жүрмін, облыстық әкімшіліктен бірнеше рет демеушілік сұраған өтінішім аяқсыз қалды.

       

      Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

      Елімізге болсын дейік...

      Журналистика  нақты ғылымдар – математика, физика емес, оның стандартталған заңдылықтары, өзгермес қалыптары, формулалары мен константалары жоқ. Олай болса, журналистика мейлінше еркін, икемделгіш шығармашылық болса керек. Ал, шығармашылық еркін болған сайын оның мүмкіндіктері де мол. Солайы солай, бірақ журналистиканың ауқымы аса кең, географиясы ғаламдық мөлшерде. Сондықтан журналист мамандығы өте үлкен, жан-жақты  білімділікті талап етеді.  Шикілі -пісілі сараптамалар,зерттеу, сұрыптау, анықтаулар оқырманды өзіне тарта алмайды, олардың тарту күші абсолюттік нөлмен тең. Сондықтан әдетте, халықтың БАҚ-тарға деген көзқарасы өз деңгейінде болмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғаламтор деген «ғажайып» ғаламдық эфирді жаулап үлгермеген кезде, қауырсын қалам, қою сиямен мақала жазатын кезімізде басқашалау болатын. Дәлірек айтсақ, ол кездері қауырсын қаламның ұшын жүрегімізге батырып, ой теңізінің тереңінен маржан теріп, тек біреудің іс-қимылының көрінісін жазып қана қоймай, оларға баға бере, сұрыптай, сараптай жазатын едік. Мақалалар құрғақ болмайтын және осынысымен оқырман ойынан шығатын. Ақиқатқа жүгініңкірейтінбіз. Ал, бүгін интернеттен ала салып, бетті толтырып «дайындаған пәленше» деп астына қол қоя саламыз. Интернеттегі өтірік «ғажайыптарды» баспасөз бетіне баттита саламыз, оның бекерлігі туралы ойлануға біліміміз жетпейді. Неге? Негесі сол, университеттен алған біліміміз жеткіліксіз, ал компьютердің түймелерін басуды жаттап алғанбыз. Білімнің неге жеткіліксіз екенін елдегі екінің бірі біледі – ақшаға оқимыз, үйде жатып алып, дипломды, жоғары білімді атанамыз. Ал бұндай оқудың салдары қаншалықты болмағына ден қойып жатқанымыз, онымен күресуіміз де мардымды деп айтсам, жалған айтқаным. Кешегі журналистер мен бүгінгі жазушылардың негізгі айырмашылығы білімінде деп есептеймін. Екіншіден, мақалалардың топырағы тым жеңілдеп барады. Олар көбінесе келеке, мысқылға құрылып жатады. Тереңдік, шынайы патриотизм жоқ, ал оларсыз баспасөз бағалы болмақ емес. Сондықтан ойланайық, ақиқатқа жүгінейік, кемшілікті мойындайық та, оны жоюға жұмыстанайық дегім келеді.

       

      Аида БАЗАРБАЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 3 курс студенті

      Мамандығым таңдауым

      Мен үшін мамандық таңдау аса маңызды іс болғанымен, қиынға соқпады. Журналист болу менің бала күннен бергі келе жатқан арманым болатын. Бастауышта жүрген кезімнен теледидардан хабарларды қызыға қарап, бағдарлама жүргізіп отыратын аға-апаларымызға қатты еліктеуші едім. Егер олардың орнында болсам қалай жүргізер едім деген жылы ойлар санамды жаулап алатын. Сол бағдарламаларға қарап отырып, өзімше соған ұқсатып, бағдарлама жасап жүрдім. Өсе келе  газет - журналдарға мақалаларымды беріп, күнделік  жаза  бастадым. Міне, бүгінде сол  балалық арман жүзеге асты. Журналистика мамандығына оқуға түстім. Журналист - ең алдымен қоғаммен  жұмыс істейтіндіктен, қоғамның айнасы деп есептеймін. Болашақта алған білімімді көрермен мен оқырманның көңілінен шығатын, жүрегіне жол табатын журналистік еңбекпен ұштастырсам деймін.


      Түйін. Не дегенмен, қызықты да қиын журналистика саласы заман ағымына қарай өзгерістерге ұшырап, заманауи тұрғыда даму үстінде. Бұл ретте жеткен жетістік те, шешімін таппаған келелі мәселе де баршылық. Солай бола тұра, қиындыққа мойымайтын журналист қауымы бұдан былай да бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болып қала бермек.


       Бетті дайындаған Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
         _____    ______   _    _    _    _   __    __  
        / ___//  /_   _// | |  | || | || | || \ \\ / // 
        \___ \\   -| ||-  | |/\| || | || | ||  \ \/ //  
        /    //   _| ||_  |  /\  || | \\_/ ||   \  //   
       /____//   /_____// |_// \_||  \____//     \//    
      `-----`    `-----`  `-`   `-`   `---`       `     
                                                        
      
       
      Наверх