21 шілде 2017, 20:46
      Аймақ 18.06.2014, 15:33 0 пікір 1061 просмотров

      От кешкен балалық

      Ұлы Жеңіс мерекесі немесе Ұлы Отан соғысының елімізде тұтанған күні – 22 маусым жақындаған сайын өзім көптен бері білетін, болмысы шынашақтай ғана кейуана Хамария апаны есіме аламын. Өйткені ол бұл күндері маған міндетті түрде телефон шалады. Соғыс өртін тұтатқан Адольф Гитлерге деген лағнетін жаудырып, бір күн де күліп-ойнап, қызығын көрмеген балалығын жоқтайды. Ересектермен бірдей еңбек етіп, ерте тұрып, кеш жатқан қиын шақтарын ойға оралтады. Бірақ мен ол кісінің не айтатынын бәрін де білемін, тіпті, кейбір оқиғалардың сағаты, күні, керек десеңіз жылына дейін есімде, жадымда сақталып қалған. Себебі апай оны маған жыл сайын айтады, қалалық ардагерлер кеңесі адамдарының қашан, қалай келіп-кететінін, тіпті, қандай құрмет көрсеткенін де мөлдіретіп жеткізеді. Бірақ, биыл ондай құрмет болмаған сыңайлы, апай ренішті.


      ...Соғыс басталғанда ол бар-жоғы 13-те еді. Алдында ғана ұжымшарда балықшы болып істейтін әкесі Боранбай теңіздегі қысқы тартым кезінде мұз жарылып, ығысқа ұшырап, өкпесіне оңдырмай салқын тигізеді. Арада үш күн өткенде дүние салады. Іле-шала анасы да кенеттен қайтыс болып кетеді. Бұлар бас көтергені Хамария – бес қызы және әбден кәрілік жеңіп, еңкейе тартқан қос қария – атасы мен әжесі бар жетеуі жер таянып, жетімсіреп қалды да барды.

      Бұрындары отбасында әкесінен кейінгі қол батырып, қарекет қылатын ағасы (Сәкесінің інісі) Нәбидолла еді, бірақ ол да соғысқа алынған. Сонда сүйенгенінен сиынғаны ғана басым шүлдіреген отбасын кім асырайды. Не істеуге болады? Амалсыз алтыншы сыныпты енді ғана тауысып, жетіншіні бастап кеткен Хамария бәрін де  ысырып қойып, колхозға балықшы болып кірді. Ол кезде мезгіл, мекен, демалыс деген жоқ, кезегің қашан келді қасыңдағы серіктес балықшыңмен бірге айдынға ауыңды лақтырып, балығыңды сүзіп, қара қайығыңмен алысып жүре бересің. Бұған табиғаттың дауылы,  жапалақтаған қар не аяз, ештеңенің әсері жоқ, тек жұмысыңды білесің. Әр күнде аулаған балығыңды тапсырасың, оның өзі кәдімгідей кезек, зырылдаған уақыт. Арасында балығынан арылған ауыңды балдыр, шөп-шаламнан арылтып, жыртылған жерлерін торлап, тоқып, кептіріп алуың тағы бар. Әйтпесе ылғалмен шіріп, пайдасыз болады.

      Бірақ қаршадай қыздың соғыстан броньмен босатылған ерлермен бірдей істеуі қайда, үйге азар жетіп, шайын ішер-ішпестен ұйқыға кетеді. Ондайда аяғын азар алған атасы немересіне көмекке келіп, әлгі балдыр басып, шортан жыртқан ауды тазалап, жамап-жасқайды, кептіреді. Қыс кездерінде онысы кеппей, ақыры ылғал күйінде арқалап суына кетеді.

      Ол кезде  колхоз әр балықшыға қайық, таяу не ескек ау, басқа да құрал-жабдықтар және көмекші адам береді. Хамарияның жанында алғашында атасы болып еді. Бірақ, күні жетіп, күші кеткен қарияның көмегі аз болып, аздан соң орнын басқа адам алмастырды. Әйтсе де, ол да жасы келген егде жастағы әйел адам-ды. Соған сай қалай дегенде де бар күш Хамарияға түсті. Ал, Хамария болса таусылмайтын титықтатқан жұмыстан шаршайды. Сондайда, «Әй,бір ұйқым қанып, өз төсегімде сәскеге дейін жататын күн болар ма еді?!» деп армандайды. Армиядағы ағасының тезірек келгенін бір сәт жұмыстан мойын босап, мектептегі қызық күндерінің  қайта жалғасқанын қалайды. Бірақ, зырлаған уақыт уыста тұра ма?!

      Бірде мұның сондай ойларын дәл басқандай тартымдағы балық қабылдаушы Зәру атты аға: «Хамария, саған балық аулау қызметінің аса қиынға соғып жүргенін білемін. Соғыстан ағаң ертерек, аман келсін десең, балықты барынша көп аула және оны тіке сол кісінің атына не бөлімшесіне салып жібер. Ол да, оның басшысы да майданға әскери бөлімге жіберілген азық-түлігіңді көріп, қатты қуанады, тіпті, командирі ағаңды елге ертерек босатып жіберер.Сондықтан сен маған ағаңның әскери қызметін өтеп жатқан бөлімшенің адресін әкел. Мен осы аулаған өнімді сонда жөнелтейін» дегенге үйге тұра шауып, әлгі Зәру ағасына қолына түскеннің бәрін жеткізді.

      Бұрынғы ма, енді көбірек өнім өткізу үшін жанын сала еңбек етіп, ерте тұрып, кеш жатты.

      Ол кезде әр күнде аулаған балығының көлеміне қарай еңбек күн жазылады және қолыңа күнделікті азық үшін екі-үш түйір балық ұстатады. Ал, Хамария болса, ағам ауылға тезірек оралсын деген ниетпен әлгі балықты алудан бас тартып, әр күнде үйіне құр қол қайтып жүрді.

      Ақыры бұл хабар атасының да құлағына жетіп, кейінгі кездегі өз отбасындағы аш құрсақтық  белгілі болады. Бірақ, ашу шақырып, алданып қалған немересі де, еңбекке құлшындырамын деп артындағы алты адамды аш қалдырған балық қабылдаушыны да нәлеттеген қария жоқ. Екеуіне де жағдайды түсіндіріп, бері тартса өгіз өліп, әрі итерсе ақлөп сынады болған жайды қалыпқа келтіреді.

      Хамария Боранбайқызы сөйтіп бес жыл бойы туған ауылында балықшы болды. Арасында оны да қоя тұрып, қыста жаздық азық-түлік қоймасы үшін кесек-кесек мұз жинап, қырық екінің қысында қалмақ қырына маңдай тіреп, Сталинградқа ажал оғын сепкен немістерден қорғану үшін Астрахан қаласының теріскей батысынан жал-жал ұра қазып, шеп құрды. Екеуі де оңай емес, мойныңа қамыт киіп, кесек-кесек мұзды күн ұзаққа сүйреу, сақылдаған сары аязды қыста тоң боп қатқан қара жерді білектей сом темірмен қаршылдатып ою жеңіл болып па, оның үстіне әркімге белгіленген күндік тапсырма бар. Оны жұмыс аяғында өлшеп, қабылдап алады. Ал егер тапсырманы орындамасаң сыйың белгілі, бәрінен қағыласың. Дәл осы сәтте он төртке енді шыққан Хамарияның арқа сүйер тірегі атасы мен өзіне тете сіңлісі Қалима қайтыс болды. Қиындық бұрынғыдан да арта түсті. Бірақ, орыстарда бақытсыздықтың өзі бақытқа апарады деген бар емес пе? Жаудың беті қайтып, аяғын алдырып, қолын кескен, бірен-саран ағалар ортаға орала бастады. «Кебенек киген келеді, кебін киген өледі» деген емес пе, жаралы, жарым-жарты болса да азаматтарың елге оралғанына ауыл мәз. Сөйтіп жүргенде Хамария апаның Нәбидолла ағасы да келді. Әрине, ауыр жаралы. Бірақ, келді ғой, келді...

      Ал, жеңіс хабарының жетуін айтсаңыз, 1945 жылдың 9 мамыры болатын. Күн шайдай ашық. Ауыл үстін айналып ұшқан әскери ұшақ бір кезде ақ бұлттай аппақ аспаннан ақ қанат қағаздарды бұрқырата шашты дейсіз. Бұл не? Жұрттың бәрі жапырақша жауған парақшаны жерден көтерерін де, көтермесін де білмейді. Біреулер «Алақай, Жеңіс!» , «Біз жеңдік!» деп айқайласын. Алғашында көп адам сенбеді. Бірақ, көк аспаннан көбелекше қалықтап, бұрқырап  мың-мың парақшалар, ондағы тасқа басылған «Жеңіс!» деген жазуларды көргенде адамдар бір-бірін құшақтап, бірісі күліп, екіншісі жылап, бөріктерін аспанға атты. Солардың арасында әлі де 17-ге толып үлгермеген Хамария апай мен оның үйелмелі-сүйелмелі сіңлілері, әжесі, соғытан жаралы болып оралған ағасы да бар еді. Олардың бәрі де өткенді еске алып, жаралы жылдардың жүрекке салған таңбасынан қайғырып, жылап тұрды.

      1947 жылы Хамария апай соғыстан қайтқан офицер Зүбайыр Ғаббасұлы Ерғалиевке тұрмысқа шықты. Ол ұлы күйші Құрманғазының шәкірті Ерғалидің немересі екен. Ерекең бұл келін боп түскенде 84 жас-та еді.

      1951 жылы Зүбайыр мен Хамария  атакүлдіктері Атырауға көшіп келді. Бірі облыстық партия комитетіне жұмысқа орналасса, екіншісі медицина училищесіне түсті. Зүбайыр аға кейін Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, Теңіз (Құрманғазы) аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды. 1973 жылы кәсіподақтары облыстық кеңесінде салалық кәсіподақ төрағасы болып тұрғанда кенеттен қайтыс болды.

      Ал, Хамария апай болса, бұдан кейінгі бар өмірін облыстың денсаулық сақтау саласына арнап, Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласының түрлі емханаларында жемісті еңбек етті. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін және В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіндегі еселі еңбегі үшін, «Еңбек ардагері» медальдары, түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған.

      Қазір ол Атырау қаласында жалғыз тұрады. Таяу күнде 86-ға толды. Бірақ, ол 9 мамыр, содан соң ғана өзінің туған күнінде әріптестерінің, ағайын-туыстарының телефон шалып, хабарласқанын, жылы сөздер арнағанын жақсы көреді. Егде тартып, есейген тұста қария да бір бала деген  рас қой. Егер сіз қолыңыз тиіп, мүмкіндігіңіз болып жатса, сол бір апамды – Хамария Боранбайқызы Ерғалиеваны атаулы күнмен құттықтай салыңыз. Өйткені ол майдангердің жары, тыл еңбеккері, ұлы күйші Құрманғазының шәкірті Ерғали күйшінің сүйікті келіні. Тіпті, ол өзін майдангерден кем санамайды. Мүмкін содан да болар әрдайым таныстарының құттықтауын күтеді.  

      Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______   _    _    _    _    _    _     ____    
       /_   _// | || | || | \  / || | || | ||  |  _ \\  
         | ||   | || | || |  \/  || | || | ||  | |_| || 
        _| ||   | \\_/ || | .  . || | \\_/ ||  | .  //  
       /__//     \____//  |_|\/|_||  \____//   |_|\_\\  
       `--`       `---`   `-`  `-`    `---`    `-` --`  
                                                        
      
       
      Наверх