21 тамыз 2017, 17:50
      Денсаулық 11.06.2014, 15:21 0 пікір 2197 просмотров

      «Рахмет сізге, дәрігер!»

      Алдағы жексенбі медицина қызметкерлерінің күні. Бұл ақ халатты абзал жандардың мерекесі, әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-қайратын салатын және қыл үстіндегі адам тағдырын  арашалаушы адамдардың мерекесі. Адам өмірінен асқан қымбаттылық  жоқ екенін бағалай алатын мамандардың төл мерекесі. 


      Жалпы, бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 160 медициналық ұйым, құрамында 52 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 47 дәрігерлік қосын 7 қалалық емхана мен 7 аудандық емханалық бөлімшелер, 2 дербес дәрігерлік емхана халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Олардың әрқайсысының тұрғындар денсаулығын арттыруға қосып отырған өз үлестері бары сөзсіз.

      Мамыр айынан бастап еліміздің барлық өңірінде  медицина қызметкерлерінің кәсіби беделін арттыру мақсатында «Рахмет Сізге, дәрігер» атты акция жалғасуда. Бүгінде облысымызда осыған орай барлық емдеу мекемелерінде аурудың алдын-алу, сырқат белгілерін ерте анықтау мақсатында скринингтік бағдарламаның жұмысы басталып кетті. Жалпы, скрининг – балалар мен ересектердің алдын-ала тексерулерін, қан айналымы жүйелерінің ауруларын, жатыр мойнының, сүт бездері обырын бастапқы кезеңінде айқындауды  және олардың даму  факторларын қамтиды. Мұндай зерттеулер жүрек-қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы және оның қауіпті факторларын, сондай-ақ гепатит пен инсульт, инфаркт, цирроз, бауыр обырын асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді. Аталмыш бағдарлама бойынша №1 қалалық емханада 1981 жасөспірім және 1059-дан аса балалар  қамтылды. Қан айналымы жүйесі аурулары бойынша тексерілгендер саны 1758 адамның 8-і осы дертке шалдыққан. Қант диабеті бойынша  1858 адам тексерілсе, оның алғашқы белгілері  1-уінде ғана  байқалған. Вирустық гепатит В және С түрлері бойынша – 210, ал отбасын жоспарлау бойынша 414 адам скринингтік тексерістен өткізілген. Бізде емханалар мен ауруханаларда  кейбір мәселелер төңірегінде кеңес беретін бөлмелердің жұмыс жасайтынын біреу білсе, біреу білмейтіні анық. Қаламыздағы №1 емханада  жұмыс жасап жатырған емдеу-сауықтыру бөлмелерімен біз де танысып қайттық.

      Дені сау бала – ұлт болашағы

      Аналарға сырқаттың алдын-алу  көмегін көрсетуде дені сау балалар бөлмесі маңызды рөл атқарады. Бүгінде облысымыздың  емханалары мен ауруханаларында  дені сау балалар бөлмесі жұмыс істейді. Онда аналар тегін рецептті қалай алуға болатынын, балада сырқат табылса не істеу керектігін, дұрыс қосымша тағамды, сылауды қалай енгізу, баланың психикалық-физикалық дамуы дұрыс жүріп жатқандығы және тағы басқалары туралы ақпарат алады. Мейірбике Ағиба ҚОЙБАҚҚЫЗЫ  өз жұмыстары туралы бізге толық баяндап берді.  

      - Мұнда медициналық қызметкерлермен қатар балалардың ата-аналары немесе отбасында ерте шақтағы  балаларға күтім көрсететін адамдар да білім алып, дағдылана алады. Дені сау бала бөлмелерінің негізгі міндеті балалар денсаулығын қорғау бойынша алдын-алу шараларын жүргізу, соның ішінде: медициналық қызметкерлердің білімін үздіксіз жетілдіру;  дені сау және науқас баланы күту, тамақтандыру, дене және психологиялық-әлеуметтік даму мәселелері бойынша тақырыптық сабақтар өткізу; медициналық қызметкерлерге ерте шақтағы балаларға патронаж жүргізу әдістемесін және жүкті, бала емізетін әйелдерді және ерте шақтағы балаларды дұрыс тамақтандыру ережелерін үйрету, медициналық қызметкерлерді балалардың психологиялық-әлеуметтік даму жағдайын бағалау мәселелері бойынша, массаж, гимнастика жасау тәсілдеріне үйрету болып табылады, - дейді балалар мейірбикесі А.Қойбаққызы.

      Отбасын жоспарлау – болашақ дені сау ұрпақтың кепілі

      Отбасын жоспарлау – біздің өмірімізге белсене араласатын түсінік. Басқаша айтқанда, отбасын жоспарлау – баланы кездейсоқ емес, жоспарлы түрде өмірге әкелу деген сөз деп түсіндіреді мамандар.

      Қаламыздың №1 емханасында отбасын жоспарлау бөлмесі  2007 жылдан бері жұмыс жасап келеді екен. Өз ісінің білікті маманы, дәрігер-гинеколог  Айкияш Шунаевамен жолығып, әңгімелескен болатынбыз.

      -Отбасын жоспарлау бөлмесі 2007 жылдан бастап жұмыс істеуде. Біздің міндетіміз – балалы болу, оны жоспарлау, бедеулік т.б. мәселелері қаралады. Жалпы, біздің әйелдер өз құқықтарын біле бермейді. Жүкті әйел тұратын орны бойынша тіркеуге алынады. Бізге екіқабат әйелдер 36 аптадан асып кеткенде ғана келіп жатады. Ол кезде бәрі кеш болады. Іште жатқан баланың түрлі кемтарлықтары болады. Мысалы, орталық жүйке жүйесі зақымданып, неше түрлі ісіктер болады, кейбір балалардың бауыры, өкпесі, бүйрегі жоқ болып, кейбіреулер кеңірдексіз туылады. Міне, осының бәрін алдын ала білу үшін жүкті әйел бірінші рет 10-12 аптада, екінші рет 20-22 аптада, үшінші рет 32-34 аптада УЗИ аппараты арқылы тексерістен өтуі тиіс. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы да бар. Егер әйел бұл тексерулерден өтпесе, кемтар баланы дүниеге әкелуі мүмкін. Кейбір кемістіктерді іште жатқан кезінде қалпына келтіруге болады. Бұрындары іштен кемтар боп туылғандардың көпшілігі шетінейтін. Қазіргі медицинада елу пайызға дейін олардың кемістігін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жүктілік физиологиялық жағдай. Ал, қазіргі әйелдеріміз жүктілікті дерт санап, өзін сырқат адамдай сезінеді. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағымсыз көзқарас әйелдің босануы кезінде қиындықтар туғызады. Бүгінгі таңда тіркеуде тұрған жүкті әйелдердің 99 пайызы түрлі аурумен ауырады. Қазір заманына қарай аурулардың да түрі өзгерді. Экстрогенитальды аурулар жиілеп кетті. Семіздікке душар болған әйел адамдар да бар. Оның себебі тамақтану тәртібін білмегендіктен.  Сол үшін  бізде аптасына екі рет лекция оқылады. Бірі естіп келсе, енді біреулері мүлдем бейхабар келеді. Осы жерде айта кететін мәселе, түсіндіру жұмыстары жас отбасыларына АХАЖ-да оқылса, жақсы болар еді. Себебі, болашақ аналардың әр нәрседен ақпараты мол болып келгені бізге де біраз көмек. Кейде келеңсіздіктердің орын алуы  осы жайларды білмегендіктен болып жататынын мойындауға тура келеді, - дейді А.Шунаева.

      Жоғарыда атап өткен «Рахмет Сізге, дәрігер!» атты акциясы негізінде осындай дені сау бала, отбасын жоспарлау тағы да басқа тақырыптарына орай барлық мекемелерде  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатырғанын атап өту керек.


      Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды адам жанының арашашысы деп жатамыз. Қалай атасақ та, артықтық етпейді. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылатын осындай қызметкерлерді мерекелерімен құттықтаймыз. Бас ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрігерлердің көмегімен ғана жанымызға жай табатынымыз шындық.

      Балнұр САПАРОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   __    ______    ______    ______    _  __  
       \ \\/ //  /_   _//  /_   _//  /_   _//  | |/ // 
        \   //    -| ||-   `-| |,-    -| ||-   | ' //  
        / . \\    _| ||_     | ||     _| ||_   | . \\  
       /_//\_\\  /_____//    |_||    /_____//  |_|\_\\ 
       `-`  --`  `-----`     `-`'    `-----`   `-` --` 
                                                       
      
       
      Наверх