26 маусым 2017, 8:01
      Аймақ 28.05.2014, 15:36 0 пікір 2252 просмотров

      Тұтынушы кімге шағымданады?

      Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ кәсіпкерлік қызметті қорғауға бағытталған саясатына байланысты еліміздегі мемлекеттік қадағалау органдарының бақылау-қадағалау функциясы шектетілгені белгілі. Десе де, тұтынушылардың құқығы қалай қорғалуда? Халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қалай жүзеге асырылмақшы? Осы тектес сауалдарды ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИНГЕ қойған едік. 


      -Өмірзақ Зиноллаұлы, Үкіметтің 2014 жылғы 14 қаңтардағы №1538 «Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті базасында Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі құрылды. Жаңа агенттікті құруға не себеп болды?

      -Біздің еліміз Кеден Одағы жағдайында жұмыс жасайтындықтан, Ресей және Беларустан халық тұтынатын тауарлар, оның ішінде тамақ өнімдері кедергісіз әкелінуде. Оған қоса таяу мерзімде Еуразиялық экономикалық одақ құрылмақшы. Ағымдағы жылдың аяғына дейін Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған дамудың жаңа сауда-экономикалық жағдайында еліміздің аумағына экономикалық одаққа және  Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерден тауарлар үдеріссіз тасымалданатын болады. Екіншіден, өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2014 жылғы 27 ақпандағы №757 «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, барлық кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексерулер тоқтатылды. Осы жағдайларда тұтынушылардың құқықтарын қорғау: тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің түрлері күнделікті басты мәселелердің бірі болатыны сөзсіз.

      - Біздің елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық негіздері қандай?

      - Негізінен біздің елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі және Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы екенін айта кеткен жөн. Ал бүгінгі күні қолданыстағы заңнамада тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұғымы жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірнеше үлгісі әзірленуде. Жалпы үлгі бойынша тұтынушыларды қанағаттандыруға аталған құқықтар мен принциптер арқылы қол жеткізіледі.  Сонымен қатар, заңнамалық, сотқа дейінгі және сот механизмдері, оған қоса тиісті инструменттер қолданылатын болады. Ал аталған бағыттарға біздің агенттік, кәсіпкерлер және қоғамдық бірлестіктер, ассоциациялар немесе одақтардың қатысуымен қол жеткізіледі.

      - Тұтынушылар қандай жағдайда сотқа жүгіне алады?

      - Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қолданыстағы заңнама дауларды қоғамдық бірлестіктер арқылы соттан тыс тәртіпте шешуді де қарастырады. Яғни тұтынушы қоғамдық бірлестікке шағымдануына болады, қоғамдық бірлестік өз кезегінде сатушыға, жеткізушіге немесе дайындаушыға кінә қойып, өтініш білдіреді, одан кейін кінәрат-талап қанағаттандырылмаған жағдайда, сотқа талап арыз жолдайды. Сонымен қатар, тұтынушының өзінің де сотқа талап арыз жолдауға құқығы бар. Айта кететіні, қоғамдық бірлестіктермен берілген талап арыздарға мемлекеттік баж алымы алынбайды, ал тұтынушы мемлекеттік баж алымын төлеуден босатылмайды. 

      -Жаңа Агенттіктің негізгі функцияларының бірі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету болса да, Елбасы жариялаған мораторийге орай, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру тоқтатылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексерулер мүлдем жүргізілмейтіні белгілі. Осы жағдайларда халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін және тағы басқа өткізумен айналысатын субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қалай жүзеге асырылады?

      -Бүгінгі күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың мемлекеттік жүйесі екі бағыттан тұрады: санитарлық-эпидемиологиялық нормалау, санитарлық ережелер талаптарының сақталуын бақылау және қадағалау. Бүгінгі күні санитарлық ережелердің сақталуына бақылауды рұқсат ету құжаттарын беру, жос-парлы тексерулердің орнына санитарлық аудит негізінде сақтандыру және тәуекелді бағалау негізінде тексеру жүргізу арқылы жүзеге асыру ұсынылуда.

      Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде субъектінің өтініші бойынша аудиторлық компания санитарлық аудит жүргізеді, оның қорытындысы бойынша объектінің сыныптылығы бекітілген санитарлық-гигиеналық паспорт беріледі. Екінші кезеңде субъектінің  санитарлық-гигиеналық паспортты ұсынуы бойынша сақтандыру компаниясы объектінің сыныптылығына байланысты жауапкершілікті сақтандыру жағдайларын қарастырады, оның қорытындысы бойынша сақтандыру шарты жасалады.

      Санитарлық аудит жүргізудің жаңа схемасы мемлекеттік органның кейбір функцияларын бәсекелес ортаға беруді ұсынады. Келешекте санитарлық аудитті жүргізу санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарына жүктелетін болады.

      -Әңгімеңізге рахмет.


      Сұхбатты жүргізген: Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____      ___     ______      ___      _  __  
       |__  //    / _ \\  |      \\   / _ \\   | |/ // 
         / //    | / \ || |  --  //  | / \ ||  | ' //  
        / //__   | \_/ || |  --  \\  | \_/ ||  | . \\  
       /_____||   \___//  |______//   \___//   |_|\_\\ 
       `-----`    `---`   `------`    `---`    `-` --` 
                                                       
      
       
      Наверх