27 шілде 2017, 14:32
      Саясат 14.05.2014, 16:18 0 пікір 1495 просмотров

      ЖЕМҚОРЛАР КҮН САЙЫН КӨГЕНДЕЛУДЕ, БІРАҚ ОЛАР ӘЗІРГЕ ТАУСЫЛАР ЕМЕС

      Құттыгерей СМАДИЯР «Мұнайлы Астананың» арнаулы тілшісі

      «Жебірлерге жез ноқта», - деп мақалдататынбыз баяғы Кеңес үкіметі тұсында. Рас, ол кезде де жемқорлар мен парақорлар болды. Бірақ, олар аз еді. Неге десеңіз, олармен милиция да ОБХС, партия, кеңес ұйымдары, халықтық бақылау комитеттері, жалпы барлық жұртшылық болып күресті. Қазынаның 20 тиыны кем болса, кінәлінің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатты. Әрине бұл жақсы болды. Ауруханалар мен мектептер, тұрғын үйлер, су құбырлары өз кезегімен салынып жатты. Бірақ, қазіргідей бұл нысандарды салғаннан пара алыпты деген әңгімені естімейтінбіз.

      Қазіргі жемқорлық пен парақорлықтың беті жаман. Тіпті, күресті күшейткен сайын құтырып барады. Теледидардың құлағын бұрап қалсаң да, газет-журналдарды ашып қалсаң да жемқорлар мен парақорлардың есімі аталып жатады. Тап бір, Қазақстанның таңы соларсыз атпайтындай.

      Республикалық «Жас Алаш» газетінің бір жыл үш айдағы тігіндісін ақтарып көрдік. Сонда не көрдік дейсіз ғой?! Білім және ғылым министрінің орынбасары Саят Шаяхметов білім мекемесін салуға бөлінген қаржыдан 1,5 млрд. теңгені,  «Батыс» шекара бекетінің бұрынғы бастығы, генерал-майор Әбдыразақ Ильясов 100 млн. теңге пара алғаны үшін, Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміраев 100 мың АҚШ доллары көлемінде, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК басшысы Ғ.Мырзақұлов 272   мың АҚШ доллары мен 75 млн. теңге, Қорғаныс министрлігінің қару-жарақпен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, генерал майор Алмас Асенов 200 мың доллар, Қорғаныс министрлігі әуе күштері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешов 140 млн., Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеев 2 млн. доллар, «ҚазГидроМет» орталығының бас директоры Нұркен Сұлтанов мемлекетке 1,2 млрд. теңге шығын келтіргені үшін қамауға алыныпты. Қараңызшы, аттарынан ат үркетін лауазым иелері емес пе? Еңбекақылары да айтарлықтай. Жұлдызы мықтыларға не жетпей жүр? Тіпті, болашақта парақорлығын қоймаса Қорғаныс министрлігінде генерал қалмас.

      Осы жерде жемқорлар мен парақорлар неге тайраңдайды деген сауал туындайды. Шынында да неге тайраңдайды? Меніңше, бар әкиет мемлекеттік сатып алу жөніндегі Заңында сияқты. Ойлап қараңызшы, осы Заңмен бірге табалдырығымыздан «тендер» деген сөз аттады. Олармен бірге «крыша» мен «шапка» деген сөздері ілесе келді. Міне, содан бері біздер инкубатордан шыққандай нағыз парақорларды дайындап келеміз.

      Менің есіме осындайда Кеңес үкіметі кезіндегі шаруашылықтар мен кәсіпорындарда жұмыс жасаған бас есепшілер еске түседі. «1 май» ,«Заурал», «Забурын» кеңшарларының бас есепшілері Сапаш  Бисәлиев, Керей Медеуов, Нағиым Идранов, Махамбет аудандық «Селхозтехника» бірлестігінің бас есепшісі Түсіпқали Орынбаев және басқалар әркез алдындағы есептеріне өте мұқият қараған еді. Ол кезде шаруашылық болғасын  Одақтың түрлі қалаларымен байланыс жасап тұратын. Мал шаруашылығы өнімдерінен қаракүл елтірісі мен жүн республикамыздағы бірнеше зауытқа жөнелтілсе, көкөніс бақша өнімдері Одақтағы біренеше қалаларға баратын. «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігінде есептесетін орындар жыртылып айырылатын. Ал, бас есепшілердің міндеті  сол тауарлардан түскен ақшаны есептеп,  өздерінің шотына құйып отыру ғой. Әрине, бұл жерде КСРО-ның да тәртібі күшті болғанын білеміз. Мына бір фактіге жүгінейікші. Ол кезде екі қатарлы мектептер 624 оқушыға арналып салынатын. Сондай мектептің бірі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ішінде «Новобогат» кеңшарының орталығы Қамысқала селосына да салынды. Құны шамамен 500 мың сом тұрады. Орта мектеп құрылысын «Гурьевсельстрой» трестіне қарасты аудандағы жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасының құрылысшылары екі жыл ішінде бітіріп берген-ді. Сонда, мектептің шаруашылық меңгерушісі жаңа оқу орнында қанша класс бөлмесі, қанша терезесі, қанша есік, қанша шпингалет, қанша есіктің тұтқасы,қанша топса, қанша жылу батареясы, қанша құбыр, қанша әйнек, қанша сыр, қанша олифа және басқалар қажет екендігі тайға таңба басқандай етіп, жазып алыныпты. Сөйтіп, екі жыл мерзімде орта мектептің құрылысы бітіп, бірінші тоқсанның ішінде жаңа мектепке көшіп алдық. Сонда, класс жетекшіміз бен мұғалімдеріміз «Алтын ұя мектептеріңді күтіп ұстаңдар. Есіктерін, әйнектерін сындырмаңдар, жарға жазбаңдар» деп үнемі айтып отыратын. Сөйткен, мектебіміз қырық жылға таяу күрделі жөндеусіз жұмыс жасапты. Оны мен неге айтып отырмын? Осы күні жаңа аурухана немесе емхана, мектеп иә болмаса тұрғын үй пайдалануға берілсе, ай жарымнан кейін сол жерден айқай естіліп жатады. Мәселен, Доссор қалашығындағы емхананың, Индердегі Ш.Уәлиханов мектебінің құрылысы жөнінде осыны айтуға болады.

      Енді мемлекеттік сатып алу жөніндегі Заңға келсек, әрине бір есептен оныкі де дұрыс болар. Бірақ, тендерде екі-үш адам жұмыс жасайтын  «компания» жеңіске жетіп, қалған жұмысты қосалқы мердігерлер атқарып жүргені бізге таңсық жай емес. Сондықтан, тендерге түсетін компанияларды мықтап тексерген жөн. Екіншіден, нысанның құрылысы басталғасын оған қажетті заттар да белгілі болады. Осыны КСРО кезіндегідей мекеменің бас есепшісі неге түгендеп отырмайды?  Әйтеуір қазіргі жебірлердің қатарында бас есепшілер жоқ. Оған да шүкір.

      Иә, жемқорлар күн сайын  көгенделіп жатыр. Алайда, олар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді. Сірә, олардың бұлайша өсуі біздің заңдарымыздың  шикі жақтарына да байланысты-ау деген ойға келдік.

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        _____     ______    ____      _____             
       |__  //   /_   _//  |  _ \\   |  ___||   ____    
         / //     -| ||-   | |_| ||  | ||__    |    \\  
        / //__    _| ||_   | .  //   | ||__    | [] ||  
       /_____||  /_____//  |_|\_\\   |_____||  |  __//  
       `-----`   `-----`   `-` --`   `-----`   |_|`-`   
                                               `-`      
      
       
      Наверх