28 апреля 2017, 18:02
      Қоғам 02.04.2014, 16:16 0 пікір 1510 просмотров

      Арба – ғұмыр

      Жер бетінде өзгеге алақан жайып, ақша сұрамай-ақ, өз күндерін өз бетінше көріп жүргендер де аз емес. Солардың қатарында ауа райының ыстық-суығына қарамастан, білектері білеуленіп жүріп арба сүйреген  арбакештер бар. Біздің әңгімеміз солардың тағдыры  жайында болмақ.


      Нәпақа табу үшін...

      Базарға немесе теміржол вокзалына бара қалсаңыз арбаға жүк тиеп алып, апыр-топыр сапырылысқан қалың топ арасынан жөңкіп өте шығатын арбакештерді байқамауыңыз мүмкін емес. Жасы да жасамысы да бар. Тіпті, буын еті бұғанасы бекімеген жас жеткіншектерді де ара-тұра көзіміз шалады. Ерігіп, есі кеткендіктен мес әрине, күнделікті күнкөріс қамы үшін жанталасып жүр. «Тапқан табысымыз таңның атысынан, күннің батысына дейін тартқан азабымызды өтесе ше?» дейді мұндағылар.  Бақсақ, расымен солай да екен. Ала таңнан қара кешке дейін бел жазбай жүк сүйрегенде алатындары күнделікті ас-суынан артылмайды. Біреуі «маңдайға жазғаны осы» деп шарасыздықтан, енді бірі «маған осыдан артық не керек» деумен тірлік кешуде.

      Иә, нәпақа табу үшін ештеңеден тайынбайтын қоғамда өмір сүріп жатырғанымыз жасырын емес.

      Ет үйренген тірлік

      Таңертең біреулер жұмысына, мектепке, балабақшаға асықса, ал, бұлар арбаларына асығады. Төрт дөңгелекті темір арбаны сүйреуге мұндағылардың еттері әбден үйреніп кеткенін байқадық.  Қандай да болмасын жүкті арбасына тиеп алып, діттеген жеріне жеткізу бұлардың қызметі. Тиісінше, сол қызметі үшін иесінен келісілген сомасын алады. Жүк тиелген арбаларын арқалай, зулай жөнеледі. Қалың көпшілік арасынан «Жол! Жол! Жол беріңдер!» деп өте шығатын арбакештерге  жаны ашып қарайтындар да, айқайға басатындары да кездеседі екен.

      «Бұл жұмысқа көздері үйреніп, көңілдері көндіккен соң, қарап тұрмайды. Жұмыстың аты жұмыс. Еңбек етіп, өз наныңды өзің таппасаң, сені ешкім асырамайды ғой. Ерінбей еңбек еткен адам ғана, ел қатарлы өмір сүре алады. Жатыпішер жалқаулардың жұмысы емес бұл» - дейді есімін құпия ұстаған егде жастағы азамат.

      Ет үйренген тірліктерінен ешбірінің шамданар түрлерін байқай алмадық.

      Мамандықтың маңызы зор

      Бүгінде базар маңын жағалап арба сүйрегендер, жаппай қазақ азаматтары болып кеткені жасырын емес. Бұлардың ішінде бір-бір мамандық иелері де бар. Бірақ, одан келер пайда жоқ. Мамандығына сай қызметке орналаса алмаған соң, базар маңын жағалап кеткен. Көріп жүрміз, бізде өзбектер палауын, самсасын сатып, армяндар аяқ-киім тігіп, енді бірі сағат жөндейтін дүңгіршектер ашып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Олардың күнделікті табысы арбакештердікіне қарағанда едәуір зор. Сонда олардан біздердің қай жеріміз кем? Неге олар  қазақ азаматтары емес? Бұл біздің жалқаулығымыз ба, әлде аңқаулығымыз ба?

      Пайдасы  жоқ мамандықты оқып алып, жұмыс жоқ деп тентірегеннен кейін осындай жағдайға әкеліп соқтырып отыр. Құр атаққұмарлыққа әуестенгеннен гөрі қарапайым өмірге, жаныңызға жақындау  бір кәсіпті меңгерген дұрыс шығар. Әйтпесе, түсініксіз саланы меңгеріп алып, артынан жұмыс таба алмай, сенделіп жүрмесіңізге кім кепіл?! Қазір арбасын күнделікті табыс көзіне айналдырғандар да осы қамытты кигендер. Сол себептен, мамандыққа баса мән берген жөн.

      Есенгелді (25 жаста):

      - Әркімнің жүгін сүйреу оңай емес, әрине. Бірақ, амал қанша? Қалада үй жалдап тұрамыз. Өздеріңіз де білесіздер, аяқты аспанға көтеріп жататын заман емес. Оның үстіне қымбатшылық та оңайға соғып тұрған жоқ. Біздің тыным табатын кезіміз болмайды. Колледжді бітіріп, қолымда дипломым болғанымен, еңбек өтілім болмағандықтан жұмысқа орналаса алмадым. Таныстарым арқылы осы жерге тап болдым. Көп бола қойған жоқ. Адамдардың жүгін арқалап апарып тастаймыз, соған сай ақымызды аламыз. Адамдар әр түрлі. Біреулер бізді аяғандықтан болар, келіскен бағасынан артығырақ төлейді. Еткен еңбегіңді еш қылып, төлемей кететіндері де кездеседі.

      Серік (37жаста):

      - Көріп тұрғаныңыздай,  күнделікті тірлік осы. Мұнда жүргеніме көп уақыт болды. Бес-алты жыл өтті-ау деймін. Басында көндігіп кете алмадым. Таныстарым көріп қойса қайтемін деп намыстанатынмын. Бірде келіп, бірде келмейтін күндерім болды. Бірақ, уақыт өте келе түсіндім. Жұмыстың бәрі бірдей. Өзге үшін емес,  бала-шағам үшін жасаймын. Мұның еш әбестігі жоқ өзім үшін. Үсті-басымызға қарап, мұрындарын шүйіріп өтетіндері де бар. Әркім маңдайға жазған тағдырын көреді. Егер де маған жақсы жұмыс табылса, мұнда бір мезет те қалмас едім. Ерігіп жүрмегенімізді түсінсе деймін.

      Қазақта «жігіттің жақсысы ортасында сыналар» деген жақсы сөз бар. Тепсе, темір үзетін жігіттеріміз қазір арбада сыналып жүргенін көзіміз көріп жүр. Қалай десек те, арбакеш те  адам. Олар ешкімге тәуелді емес, өз күндерін адал еңбек, маңдай терімен көруде.

      ...Жұмыс арасындағы сәл үзілісте арбакештер бір жерде жиналып қалды. Арбаның неше түрі бар дейсің. Бірі автомобилдің, екіншісі мотоциклдің, үшіншісі мопедтің тағы-тағының дөңгелектері қондырылған. Әйтеуір, ненің дөңгелегі болса, оның дөңгелегі болсын, қазақтың бір отбасына нәпақа тауып беруге жараған арбадағы ғұмырдың  жайы осы.

      Балнұр САПАРОВА

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
                   ___       _____     ___              
        ____      / _ \\    / ___//   / _ \\    ____    
       |    \\   / //\ \\   \___ \\  | / \ ||  |    \\  
       | [] ||  |  ___  ||  /    //  | \_/ ||  | [] ||  
       |  __//  |_||  |_|| /____//    \___//   |  __//  
       |_|`-`   `-`   `-` `-----`     `---`    |_|`-`   
       `-`                                     `-`      
      
       
      Наверх