19 тамыз 2017, 9:43
      Қоғам 19.03.2014, 17:54 0 пікір 2840 просмотров

      Бітімгершіл медиаторлар сот жұмысын жеңілдетеді

      Ел ішіндегі татулықты, бірлікті, тәртіптілікті ұстап отырып, жер, жесір дауын сөзге шешен билеріміздің қалай шешіп отырғаны тарихтан белгілі. Бүгінде олардың орнын медиаторлар басты. Өткен жылы облысымызда 300 іс медиация жолымен шешілген. Дегенмен, медиация жұмысын жетілдіру әлі де уақыт еншісінде. Осы ретте біз «Халықаралық құқық қорғау» орталығының кәсіби медиаторы Рысты Ерсейітқызы ҚАЛИЕВАҒА бірқатар сауал қойған едік.


      -Рысты Ерсейітқызы, осыдан 3 жыл бұрын елімізде сот саласында медиаторлар қызметі пайда болды. Сіздің ойыңызша, бүгінде бізге медиаторлар қаншалықты қажет? Олардың қоғамдық өмірде алатын орны қандай? Сіздердің қызметтеріңізге халықтың көзқарасы қандай?

      -Медиация туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енген болатын. Медиацияны пайдалану біріншіден, бізге дауларды жеке тайталасу саласынан мүдделі пікірталас саласына ауыстыра отырып, олардың даулылығы мен шиеленісуін төмендетуге, азаматтар мен ұйымдардың дауларды сотқа жүгінбей және істі сотта қарау процесінде шешу үшін татуласу рәсімдерін пайдалануына, дауға қатысушылардың үнемділігін, шығынның барынша төмен болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін назарға салғым келеді. Біздің мақсатымыз -  кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіре отырып, екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқаға қол жеткізу болып отыр. Сондай-ақ, медиацияның басты қағидаттары еріктілік, тараптардың тең құқылығы, құпиялылық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілігі болып табылады.Сондықтан да, қазіргі кезде халықтың арасында медиацияға деген көзқарас жақсара бастады. Себебі, медиацияның не екенін көпшілігі түсінді. Содан да болар, қазіргі кезде азаматтар да, кейбір жұмыс орындары да сотқа дейін араларында пайда болған дауларды шешуге келетін болды. Ал, кейбір азаматтарымыз сотта қаралып жатқан мезгілде де, медиация рәсімін қолдану тиімді екендігін біліп, медиаторлар қызметіне жүгінетін болды.

      -Облысымыздың алыс аудандарындағы тұрғындар сіздердің қызметтеріңізді пайдаланып жүр ме? Оларды ақпараттандыру жұмысы қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?

      -Әрине, аудан тұрғындары да біздің қызметімізден хабардар, көбінесе интернет желісі арқылы да хабарласып жатады.  Сонымен бірге, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты ақпараттандыру жұмысын жүргізіп келеміз. Қазіргі уақытта барлық соттарда хабарландырулар ілініп, медиаторларға бөлме қарастырылған.

      -Медиация рәсімінің қандай жағдайда қолданылып немесе қолданылмайтынын айтып берсеңіз...

      -Медиация рәсімі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарға қолданылады. Егер заңда қарастырылған, жоғарыда атап өткен қатынастардан туындаған дауларда медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, медиация рәсімі қолданылмайды. Сонымен бірге дауға қатысушы тараптардың бірі мемлекеттік орган болса және сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

      -Медиаторлардың кәсіби және кәсіби емес болып бөлінетініне қарағанда сіздерге қойылатын талап күшті сияқты. Шындығында қалай?

      -Әрине, медиаторларға қойылатын басты талап, ол медиатор тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға ғана медиатор бола алады. Медиаторлардың қызметі кәсіби негізде кәсіпқой медиатормен жүзеге асырылады,  кәсіби емес негізде қоғамдық медиатормен жүзеге асырылады. 40 жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған медиаторлар кәсіби емес болып саналса, ал, кәсіби медиаторлар, олар    жоғары білімі бар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар болып саналады. Сонымен бірге, медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Әрі, медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы. Алайда, мына тұлғалар: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

      -Рысты Ерсейітқызы, сіздің жұмыс тәжірибеңізде шешілмей қалған даулы мәселелер кездесті ме?

      -Жоқ, ондай жағдайлар болған емес, барлық уақытта да келген тараптармен өзара ортақ шешімге келулеріне барлық жағдайды мысал келтіре отырып, дауларын шешулеріне ықпал етіп жүрмін. Осы тұрғыда менің әріптестерім, кәсіби медиаторлар Әсел Досаманова, Серік Өтепқалиев, Нұржан Қожахметовтер де  нәтижелі қызмет атқарып келеді.

      - Сіздің қызметіңізге жүгінетін атыраулықтар, көбінесе қандай қылмыстардың шешілуін қалайды?

      -Менің өзім жүргізген медиация рәсімдері көбіне кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қылмыстық ісіне байланысты болды, мысалы ұрлық жасаған балаларға қатысты болды. Бала емеспе, қанша дегенмен бірінші рет жасағанда ойланбай,оның соңы неге соғатынын білмей жасайтындар болады. Ол баланы түрмеге жапқанда, ол қандай болып шығады, әрі жәбірленуші жағы одан не ұтады, егерде ол бала оның шығынын өтеп берсе, немесе затын қайтарып берсе. Керісінше, ол баламен сөйлесіп, оған жағдайды түсіндірсе, жәбірленуші кешірім беріп, татуласса меніңше осының өзі ол балаға тәрбие болады. Осындай жағдайлармен, татуласқан қылмыстық істер сотта медиация рәсімін қолдану арқылы тоқтатылған кездері болды.   Сонымен бірге көбіне еңбек дауларымен де келген кездері болды, алайда көбісін басшыларымен сөйлесіп, жағдайды түсіндіргенде өзара ортақ шешімге келген жайлар да болды. Ал сот барысында отбасылық даулармен аппеляция сатысында ортақ шешімге келіп, ерлі - зайыптылар қайтадан қосылып, дауларын реттеген жағдайлар болды. Олардан «неге осы медиация туралы біз алғашқы сот барысында білмедік екен, қорғаушыларымыз айтқан жоқ, қаншама уақытымызды босқа жүріп жоғалттық» деген сөздерін естідім. Бұл әлі де медиация туралы ақпараттың аздығы. Сонымен бірге менің тәжірибемде балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы дауларды да медиация рәсімін қолданып, реттеген кездерім болды. Бұл да өте көп жағдайда, баланың психикасын бұзбай, өз орнымен ата анасының, туған туысының ортақ шешімге келулеріне өте қолайлы жағдай туғызады. Тағы бір қылмыстық іс бойынша әскери қызметкерлер арызданған еді, алайда Қылмыстық кодекстен жауапқа тартылған бабын салыстырғанымда, сыбайлас жемқорлыққа қатысты бап болып шықты, сондықтан да медиация рәсімі қолданылмайтындығын айтып, түсіндірдім.

      -Халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіби медиаторы екеніңізді білеміз. Осы орталықта оқығысы келгендер үшін қандай құжат керек және  қандай талаптар қойылады?

      -Алматы қаласындағы «Халықаралық құқық қорғау орталығы» жанындағы Медиация орталығында екі тілде сапалы білім беріледі. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған азаматтар кәсіби медиатор сертификатын алғысы келсе барлық жағдай жасалған. Медиатор курсының білімін алу үшін талапкердің жеке куәлігінің  көшірмесі, жоғары білімі туралы диплом көшірмесі, тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымнан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамаларды, соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы дайындауы қажет. Сонымен бірге оқу ақылы болғандықтан, ақы төлегендігі туралы түбіртегін қоса тапсырады.

      -Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.


      Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ.

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       _    _    __   __   _    _    __   __    _____   
      | || | ||  \ \\/ // | || | ||  \ \\/ //  |__  //  
      | || | ||   \ ` //  | || | ||   \ ` //     / //   
      | \\_/ ||    | ||   | \\_/ ||    | ||     / //__  
       \____//     |_||    \____//     |_||    /_____|| 
        `---`      `-`'     `---`      `-`'    `-----`  
                                                        
      
       
      Наверх