27 мая 2017, 4:35
      Қоғам 09.01.2014, 15:43 0 пікір 2705 просмотров

      ҚҰС НАРЫН, ҚАЛАЙДЫ ҰШҚАНЫН

      "Қансонарда бүркітші шығады аңға,      тастан түлкі табылар аңдығанға» деп хакім Абай айтқандай, бізде кенжелеп қалған бүркітшілік өнері бүгінгі таңда дамып келеді. Жалпы, саятшылық құруды жаны қалайтын жігіттердің бірі де бірегейі Арман ҚОШҚАРОВ деп айтуға болады. Бала кезінен әкесі Әбдікәрімнен тәлім алып, бүркітшілікке бет бұрған Арман бауырымыздың алар асуы алдында екені белгілі. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп дана халқымыздың айтқанындай, әкенің саятшылығын жалғастыруды қолға алған кейіпкеріміз жақын күндердің бірінде халықаралық құсбегілер сайысында топ жарды. Жеңімпазбен жолығып, құсбегілік жайында сөзге тартып көргенбіз.

      - Құсбегілікке бала күнімнен құштар болдым. Оның үстіне көзімізді ашқалы әкеміз бүркіт баптап, аңға шығып, қоржыны толып қайтатындығын көріп өскенбіз. Енді міне, біз де ержетіп, есейген соң, әке жолын жалғастыруды жөн санадық. Қазір әкеміз Алматы қаласында болғанымен біз Атырауда құс баптап, әртүрлі жарыстарға қатысып тұрамыз. Жақында ғана халықаралық жарыстан «Нарын» атты бүркітіміз бәйге алды. Шындығында, қиыншылығы көп болғанмен, құс ұстаудың құдіреттілігі біздің шаңыраққа бұйырғанын жақсылыққа балаймыз, -дейді құсбегі Арман Қошқаров. Жалпы, құсбегілік жайында азды-кем тілге тиек етелік. Көшпенді бабаларымыздың таным-түсінігінде бүркіт — батылдықтың, батырлықтың, еркіндіктің, рух биіктігінің символы. Еліміздің туындағы бүркіттің бейнесі азаттықтың, тәуелсіздіктің, тектіліктің, қайраттылықтың  айбыны ретінде бейнеленген. Қазақ халқы бүркітті киелі құс санаған. «Бүркіт бір сілкінсе, мың пәле кетеді» деп есептейді және бүркіттің бір қауырсынын үзіп алып, қасиетті зат санап биікке іліп қояды. Тарихи деректерге қарағанда бүркітті қолға үйретіп, аңшылыққа пайдаланғанына 3 мың жыл болыпты. Итальян жихангері Марко Полоның естелігінде Құбылай ханның саятшылыққа пайдаланған 500 бүркіті және басқа да құстарының болғандығы жазылады. Шыңғысханның ұлы Жошының  3 мың бүркітшісі болғандығы туралы деректер бар. Орта Азия хандарының да бүркіт ұстап, құсбегілердің қызметін пайдаланғандығы белгілі.

      Қазақ халқы құсбегілікке: бүркіт, қаршыға, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтайды пайдаланған. Қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шора туралы «Аспанға ұшсам, қанатым талады, жерге қонсам, Жалайыр Шора алады» деген сөз тараған. Осының өзінен-ақ, қазақ халқының дәстүрінің біріне айналған құсбегілік өнері өз жалауын желбірете берері даусыз. Мұны құс ұстап, арғымақ мінген Арман секілді бауырларымызды тілге тиек етуге болады. Қазір Алматы облысының Еңбекшіқазақ  ауданындағы Нұра ауылында «Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі»  мен Республикалық құсбегілер мұражайы жұмыс істейді.

      2004  жылы «Бүркітші» федерациясы құрылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына енді. Содан  бері күнтізбелік жоспарға сәйкес «Салбурын», «Саят», «Қансонар», «Бүркітшілердің Республикалық чемпионаты» жарыстары мен әр түрлі турнирлер өтіп келеді. Осының өзінен-ақ, құсбегілік өнерінің өлмейтіндігіне көз жеткізуге болады.

      - Құс баптаудың қиыншылығы да, қызығы да жетерлік. Қалай болғанда да «бабын таба білгенге бақ қонады» демекші, құс ұстаудың  әдіс-айласын әкемізден үйреніп, қазіргі таңда өзімізден кейінгі білсем, үйренсем деген ниеті барларды баулып келеміз. Алайда, бұған бет бұратындардың саны кем. Бірақ, болашақта бұл өнердің кеңінен қанат жаярына еш күмәніміз жоқ. Бұл бабадан бізге жалғасқан ұлттық мұрамыз. Сондықтан құс баптап, қыран қалықтатуды бүгіннен бастап қолға алған адамдарға сәт сапар тілеймін, -дейді құсбегімен әңгімелескенімізде.

      - Бүркіттің қасқырға түсуі сирек болады. Әдетте, ұялас екі бүркітті қатар жіберіп, қатар түсіріп қасқыр алған аталарымыз болған, Моңғолия елінде қазір де солай алдырып жүргендер бар деп естимін. Біздің «Нарынымыз» да қасқырға түсіп тұрады.  Бұл енді тәрбиеге байланысты. Бүркіттер өз әлін, өз мүмкіндігін жақсы біледі. Алла бәрін өлшеп жаратқан, жауынның қаншалықты күшті екенін әсіресе, аң-құстар адамнан жақсы біледі. Кешегі өткен саяткерлік додаға адам көп жиналды. Қан қыздырар доданың биылғы ерекшелігі, қатысушылардың көбейе түсуімен айшықталды. Осы жолы саят-шылар Астана, Алматы қалаларынан және сегіз облыстан ала жаздай, күз-қыс баптаған қыранының бағын сынамаққа келген екен. 14-ші рет өткізіліп отырған «Сонар» құсбегілер үшін қуанарлық іс болды, -деп сөзін жалғады.

      Жас та болса, бас боларлық Арманның армандары көп. Сол армандарының орындалуын қалаймыз. Баба өнерін өлтіргісі келмейтін бауырымыздың алар асуы көп болғай!

      Асан ҚАСАН, 

       Сурет автордыкі

       

       

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
        ______     ___      _____      ___     _    _   
       /_   _//   / _ \\   / ____||   / _ \\  | |  | || 
         | ||    / //\ \\ / //---`'  | / \ || | |/\| || 
        _| ||   |  ___  ||\ \\___    | \_/ || |  /\  || 
       /__//    |_||  |_|| \_____||   \___//  |_// \_|| 
       `--`     `-`   `-`   `----`    `---`   `-`   `-` 
                                                        
      
       
      Наверх